Автобус паркінде болды

Газет мақаласы Айқын газеті №77

Қазақстан коммунистері атынан президенттік сайлауға түсіп жатқан Жамбыл Ахметбековтың Қызылорда облыстық сайлауалды штабы өкілдері Қызылорда қалалық автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесті.  

Автобус паркінде болды

Облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Т.Телеубаев партияның сайлауалды тұғыр­намасын таныстырды. Ол марксистік-лениндік ұстанымдардың маңызды тұстарын тілге тиек етіп, коммунистік тәрбиенің тәжірибелік аспектілері мен коммунистердің батыстың кері құндылықтарына қарсы жүргізіп жатқан жұмыстарына тоқталды.

«Қазақстан – мұнай, газ, титан, магний, қалайы, уран, алтын және басқа да түрлі-түсті металл қоры бойынша әлемдегі бай елдердің бірі. Біздің елде мұнай мен газдың 256 кен орны барланған. Қазақстанның мұнай және газ қоры 11 миллиард тоннаны құрайды. Қазақстан – әлем бойынша вольфрамның ірі өндірушісі. Біз хром және фосфор кенінің қоры бойынша – екінші, ал қорғасын мен молибденнің бар­ланған шоғыры бойынша – төртінші, 16,6 мил­лиард тонна темір кенінің жалпы қоры бойын­ша сегізінше орындамыз», – деп статис­тикалық мәлімет келтірген Т.Телеубаев бұл ресурстарды дұрыс пайдаланған жағдайда Қазақстан өмір сүру деңгейі бойынша Кувейтпен, Біріккен Араб Әмірліктерімен және Норвегиямен иық тіресе алады деген пікір білдірді.

Ал ҚКХП үміткері Ж.Ахметбековтың өзі футзалдан өткен «Көктем-2019» футбол әуес­қойлары қазақстандық лигасының турниріне қатысты.

«Спорт – заманауи қоғамның маңызды саласы және тұлға мен қоғамның үйлесімді дамуының кепілі. Біз жастарды интернетке тәуелділіктен алшақтатқымыз келеді. Интер­нетке шығатын деструктивті мазмұндағы материалдар ұлтаралық және конфессияаралық араздық тудырып, қоғамда түсініспеушіліктің орнауына негіз болады. Ал спорт адамдарды олардың шығу тегі мен дініне қарамастан бірік­тіреді. Бұл – біздің сайлауалды тұғырнамамыз арқылы қазақстандықтарға ұсынған тың бастамамыздың бірі», – деді үміткер.

 

Айдана БЕГІМ