Тұғырнамасын таныстырды

Газет мақаласы Айқын газеті №77

Қазақстан Президентіне үміткер Әміржан Қосанов Алматы қаласының тұрғындарымен және қалалық штаб белсенділерімен кездесті. Кездесуді Алматы қаласының сайлауалды штабы ұйымдастырып, республикалық штаб жетекшісі Дәурен Бабамұратов жүргізді.

Тұғырнамасын таныстырды

Кандидат сайлауалды платформасын таныстырып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қа­тысты ұстанымын жеткізді. Қатысушы тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, үміткерге қолдауын білдірді.

18 мамырда кандидаттың Жамбыл облыстық штабының үгіт-насихат тобы Тараздағы Тұңғыш Президент саябағында студенттердің қатысуымен флешмоб өткізді. Арнайы футболка киген еріктілер парақ­шаларды, үгіт материалдарын таратып, саябақта демалушылардың сұрағына жауап берді. Тұрғындар кандидаттың сайлауалды платформасының бағыттарына қызығушылық танытты. 19 мамырда ШҚО-дағы облыстық штаб Семей қалалық мәдениет үйінде халықпен кездесу ұйымдастырды. Бұл акцияны тұрғындар мен қонақтарға түсіндіру жұмыстарын жүр­гізген 20-ға жуық белсенді қолдады. Мәселен, штабтың бір мүшесі үміткердің өмір жолы туралы сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді. Науқандық топтың тағы бір өкілі қатысу­шыларға кандидаттың сайлауалды тұғырна­масының негізгі бағыттарын таныс­тырды.

Әміржан Қосановтың сайлауалды штабы­ның мүшелері Нұр-Сұлтан қаласында да үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Н.Тілен­диев көшесіндегі тұрғын үйлерді аралап, «Сәлем» базарында үгіт-насихат материалдарын таратты. Тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасымен танысып, халықтың әлеу­меттік мәселелерін шешуге қатысты ұсыныс­тарын білдірді. Дәл осындай іс-шаралар Жеңіс скверінде және М.Әуезов алаңында өтті. Үміт­кердің сенімді өкілдері кандидат ұстанымымен, сайлауалды платформасымен таныстырды.


Айдана БЕГІМ