Қоғамдық штаб – батыста

Газет мақаласы Айқын газеті №78

ҚР президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы өкілдерінің сапары Батыс Қазақстан өңірінде жалғасты. Алғашқы кездесу «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-та өтті. Қоғамдық штабтың жетекшісі Мәулен Әшімбаев басқосуда кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы жан-жақты айтып берді.

Қоғамдық штаб – батыста

– Қасым-Жомарт Тоқаев көп жылдан бері Елбасымен бірге өркендеген Қазақстанды құруға атсалысып келеді. Ол әртүрлі лауазымды қызметтерді атқар­ды. СІМ-ді, Үкіметті, сондай-ақ Сенатты басқара жүріп, мемлекетімізді дамытуға ауқымды үлес қосты. Кандидаттың сай­лауал­ды бағдарламасы – ашық әрі тү­сінікті үш негізгі қағидаға топтасқан, – деді Мәулен Әшімбаев.

РҚШ жетекшісі бірінші, яғни сабақ­тастық қағидасына орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев қолға алған бағытты жалғас­тыратынына айрықша тоқталды.

– Біздің кандидатымыз бейбітшілік пен келісімді сақтау, елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этникалық топтар арасын­дағы алауыздықты болдырмау бағытын ұстанған. Сабақтастық саясаты экономи­каны жаңғырту, өнеркәсіпті дамыту мен халықты әлеуметтік қорғау саласын да қамтиды, – деді ол.

Сондай-ақ РҚШ жетекшісі үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев өз сайлауалды бағдар­ламасында Қазақстанның страте­гиялық әріптес саналатын бірқатар мем­лекеттер­мен тиімді қарым-қаты­нас­ты дамыта түсуді жалғастыратынына тоқ­талды. Бұл кандидаттың бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде «Теңгерімді, сындарлы сыртқы саясатты жүргізу» деп айқын жазылған. Бұл міндеттің «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» жұмысына да тікелей қатысы бар. Аталған зауыт – Орал айма­ғындағы экономикалық секторды көте­руге үлес қосып келе жат­қан 30 жылдық тарихы бар бірегей кәсіп­орын. Қазақстан­дағы мұнай мен газ тасымалына, энер­гетикалық құрылғылар мен құрылыс саласына қажет жоғары технологиялық құрал-жабдықтар осында өндіріледі.

2011 жылдан бастап кәсіпорын газ бұрғылау агрегаттарын жөндеу саласында қызмет көрсететін General Electric ком­па­­ния­сымен тығыз қарым-қатынаста жұ­мыс істеп келеді. 2018 жылдың қоры­тын­ды­сына сай кәсіпорында 6,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық.


Айдана БЕГІМ