Ауылдық үміткер шығыста жүр

Газет мақаласы Айқын газеті №79

«Ауыл» партиясынан президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков Шығыс Қазақстан облысын аралап жүр. Кандидаттың айтуынша, бұл са­пар­дың мақсаты – өңірдің ауылшаруашылық саласындағы мәселелерімен жақын танысып, тұрғындарының сауалдарына жауап беру.

Ауылдық үміткер шығыста жүр

Сайлауалды топ ШҚО-дағы сүт-тауарлы фермаға барды. Фермада 3 000 бас мал бар, оның шамамен жартысы – сауын сиыр.

«Жылына орта есеппен алғанда бір сиыр­дан сауылған сүт 8 мың литрден асады. Бұл – Қазақстандағы орташа көрсеткіштен 3 есе көп. Егер ел көлемінде мұны 3 есеге арт­тырса, бүгінгі күні 6 млн тоннаға қосымша 12 млн тонна өнім шығарып, дайын өнімді экспортқа жіберер едік», – деп жазды Төлеу­тай Рақымбеков әлеу­меттік желідегі парақ­шасында.

Шығысқазақстандықтардың мұндай жетістігінің сырын Төлеутай Сатайұлы былай түсіндірді: «Біріншіден, өндірісті дұрыс ұйым­дастыру мен дұрыс менеджмент. Екін­ші­ден, қазіргі заманғы технологияларға инвес­тиция салу, үшіншіден, өндірістің, ғы­лым мен білімнің тығыз интеграциясы. Фермадағы орташа жалақы осы саладағы орташа көрсет­кіштен 3 есе көп».

Төлеутай Рахымбеков Шығыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалықтардың біріне ат басын тіреді. Ол аталған қожалық жанын­дағы ғылыми-зерттеу орталығының қызметін өзгелерге үлгі етіп ұсынды.

«Отандық жас ғалымдар Украинадан ша­қырылған ғылым докторлары мен ғылым кан­ди­даттарының басшылығымен дәнді және майлы дақылдардың, оның ішінде соя сорты­ның селекциясымен айналысады. Жергілікті ШҚМУ түлектері шаруашылықта жұмыс істеп жатыр. Олардың жанында студент-прак­тиканттар тәжірибеден өтіп жүр. Шаруа қожалығы 2018 жылдың өзінде ғылымға 385 млн теңге салыпты, ал бюджеттің үлесі – 15 млн теңге.

Міне, ғылымның, білімнің және агроөн­дірістің тығыз интеграциясының жарқын мысалы. Және ғылыми зерттеулерге жеке инвестиция салудың пайдалы екенінің нақты мысалы. Әрбір ауылда осылай болуы керек. Сол кезде ауыл тұрғындарының болашаққа деген құлшынысы артады.

Мен Қазақстан президенттігіне үміткер тұлға ретінде оған қалай қол жеткізуге бола­тынын анық білемін», – дейді ол.


Айдана БЕГІМ