Мемлекеттік тілдің мәртебесі

Газет мақаласы Айқын газеті №83

Қазақ тілінің мемле­кеттік тіл мәртебесіне ие болғанына биыл 30 жыл толады. 1989 жылы Тіл­дер туралы заң қабыл­да­нып, қазақ тіліне ме­м­ле­­кеттік тіл мәртебесі беріл­генде әлі тәуелсіздік алмаған едік. Сірескен саяси жүйенің көбесін сөккендей болған сол күні қуанбаған қазақ қалмаған шығар. Тіл азаттығы ұлт азаттығына ұласты. Екі жылдан соң тәуелсіз­дігімізді алдық.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін 1993 жылғы Конс­титуцияда бекітіп, 1997 жылы тәуелсіз Қазақстанның Тілдер туралы заңы қабылданды. Десе де, әр қазақ үшін отыз жыл бұрын қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берген заңның орны бөлек. Себебі, мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында барлық салада қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шы­ғару, сот ісін жүргізу, іс қағаз­дарын жүргізу тілі саналады. Бүгін мемлекеттік тіліміз осы биігіне көтерілді ме? Көтерілді деуге қысыламыз. Өйткені, Конституциядағы «Мемлекет­тік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем орыс тілінің айын оңынан туғызып тұр. Әлі күнге дейін жиын атаулы қазақша басталып, орысша жалғасады. Қазақ депутаттар сауалдарын үкіметке орыс тілінде жолдай­ды. Мұны көрген орыстілді орта мемлекеттік тілді үйренуге қай­дан ынта танытсын?

 

Мемлекеттік тілді қалай үйреткен жөн?

Мемлекеттік тілді да­мы­туға, халықтың мемлекеттік тілді еркін және тегін мең­геруіне барлық жағдай жа­салғандай көрінеді. Бюджеттен бөлінетін миллиардтар солай дегізбей қоймайды. Кезінде мекеме­лерде қазақ тілін үйрету каби­неттері ашылып, елдің бәрі тіл үйренуге кіріскен-ді. Одан нә­тижесі шықпады ма, кейін әлгі кабинеттер ұшты-күйлі жо­ғалды. Ұлттық компа­ниялар­да­ғы қазақ тілін мең­гергендерге үстемеақы төлеу­ден де нәтиже болмаған сияқ­ты. Себебі, үс­те­м­еақы туралы әңгіме айтыл­майды. Ендеше мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді үйрету үшін не істеген абзал?

Белгілі журналист Есенгүл Кәпқызы мемлекеттік қызмет­керлерге қазақ тілін үйретудің басқа жолын ұсынады. Ол ұсы­нысын өзі жүргізген зерттеуге сүйеніп жасап отыр.

– Мемлекеттік тілді да­мы­туға бюджеттен 2001 жылы 0,1 млрд, 2008 жылы 5 млрд, 2011-2013 жылдары 19,1 млрд теңге бөлінген. 2013 жылы бөлінген 1,7 млрд теңгеден баспа өнім­деріне 1 017 млн теңге, тілді ин­­терактивті оқытуға 121 млн, форумдар мен конфе­ренциялар өткізуге 113 млн, тіл орта­лық­тарын аккреди­та­ция­лаудың методологиялық жүйе­сін жа­сауға 95 млн, www.til.gov.kz пор­талын қолдауға 43 млн, кон­курс­тар өткізуге 31 млн теңге бө­лінген. www.til.gov.kz пор­талын қолдауға бөлінген 43 млн теңге желге ұшты деуге бо­лады. Себебі қазір аталған сайт­тың IP адресі табылмайды, – дейді Е.Кәпқызы. – Алматы қаласы бойынша 2007-2017 жыл­дар ара­лығында мемлекет­тік қыз­мет­шілерге тіл үйретуге 245 млн теңге бөлінген екен. Осы қар­жы­ларды мақсатты жұмсау үшін тапсырыс алған орындау­шы­лар туралы ақпарат таба алмадық.

Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы мемлекеттік тіл саясатын Украинамен салыс­тыр­ғанда, біздікі босқа мал шашпақ болып шыққан.

– Екі елде де мемлекеттік тіл міндетті пән ретінде оқы­тылады. Украинада тіл үйрену үшін мемлекеттік қызметші­лерге бюджеттен ақша бөлін­бейді. Ал біздің елде арнайы қар­жы бөлінеді. Қазақстанда іс-қағаздардың 50 пайызы ғана мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мемлекеттік қызметке орна­ласу үшін ук­раиндар сертифи­кат тапсыр­а­д­ы, бізде ол құжат талап етіл­мейді, – дейді. Осы салыстыру­дан-ақ сабақ алуға болатындай. Есенгүл Кәпқызы зерттеу нәти­жесіне сүйеніп, біз­­де тап­сы­рыс берушінің са­тып алушыны таң­дау критерийле­рі жоқ еке­нін, мемлекеттік қыз­метшілерді оқытудың нақты методоло­гия­сы жасалмағанын, сатып алу­шылардың материал­дық-тех­никалық базасы та­лапқа сай еместігін, сатып алу­шы­лар ту­ралы ақпараттың жоқ­тығы өз алдына, олардың қызметі ашық емес екенін айтады.

– Сондықтан мемлекеттік тілді оқытқанда нақты салаға байланысты іс-қағаздарын жүр­гізу курсын ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар сатып алушы немесе орындаушылар туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету керек, – дейді Есенгүл Кәпқызы.

 

Қазақша үйрену қиын ба?

Қазақ тілін меңгере алмаған мемқызметкерлердің шет тіл­дерін жедел үйреніп алатыны таңғалдырады. Әрине, қанша тіл үйренсе де қарсылығымыз жоқ, алайда мемлекеттік қыз­метте, қызмет көрсету орын­дарында жұмыс істей жүріп мемлекеттік тілде қызмет көр­сетуге тырыспау – оң іс емес. Мем­лекеттік қызметте жүр­гендердің басым бөлігі – қазақ. Сонда олар әлі күнге дейін ана тілін неге үйрене алмайды? Қазақша неге үйрене алмай отыр? «Лингва Тен» тіл орта­лығының бас директоры Владислав Теннің айтуынша, ниет болса, қазақ тілін үйрену оңай. Бірақ, ұлты қазақ бола тұра қазақ тілін үйрене алмау­дың бірнеше себебі бар.

– Орыстілділерге, орысша ойлайтын адамдар үшін қазақ тіліне қарағанда, ағылшын тілін үйрену оңайырақ, себебі орыс тілі мен ағылшын тілі бір лингвистикалық топқа жатады. Мысалы, орыс тіліне белорусь немесе украин тілі туған бауыр­дай. Ал поляк, чех тілі немере бауыр болады, неміс тілі үш атадан, ағылшын тілі төрт атадан қосылады. Қазақ тілінің туыстары – қыпшақ тілдері, олар башқұрт, татар, қырғыз тілі. Өзбек тілі ұйғыр тілімен басқа топқа жатады. Ол қазақ тіліне жақын, бірақ немере туыстай. Түрік пен түркмен тілдері қазақ тіліне үш атадан қосылатын оғыз тілдеріне жатады. Қыпшақ, қарлұқ, оғыз тілдері аталас деуге болады. Жапон тілі мен кәріс тілі қазақ тіліне бес атадан қосылады. Бұған дәлел – олардың грам­матикаларының ұқсас­тығы. Ал орыс тілі қазақ тіліне туысқан тіл емес. Геогра­фиялық жа­қындығы болға­нымен, екі тіл­дің лингвисти­калық туыстығы жоқ. Сондық­тан орысша сөй­лейтін адам, ол ұлты қазақ бола ма, басқа бола ма, қазақ тілін үйренгенде қиналады. Біз соны түсінбеген­діктен, оларды «шала қазақ», «мәңгүрт» деп орынсыз сынай­мыз. Сынаған­ша көмек­тесуді ойлауымыз керек. Ол үшін олар­­ға қазақ тілін шет тілі се­кіл­ді түсін­діре­тін әдістеме бо­луы тиіс. Біздің орталық сол әдістемеге сүйе­неді. Нәтиже бар, – дейді ол.

Владислав Тен Қазақстанға он жыл бұрын көшіп келген. Бірақ қазақ тілін үйренуге 2017 жылы ғана ден қояды. Осы елге деген құрметін мемлекеттік тіл­ді меңгеру арқылы білдіргісі келген. Ол қазақ тілін үйреніп қоймай, үйрететін деңгейге жетті.

– Өзбекстанда дүниеге келдім, тілім орысша шықты. Ташкентте гастроэнтеролог дәрігер болып істегенде ем­делушілерім қай жері ауыра­тынын айтса, ұқпайтынмын. Содан өзбек тілін үйренуге кірістім. Бір жылдан соң ағыл­шын тілін, сосын ана тілім – кәріс тілін меңгердім. Дәрігер болып 10 жыл ғана істедім, қа­зір лингвистика саласын­дамын, шәкірттеріме бірден айтамын: «Педагог-лингвист емес­пін, дәрігермін, сіз науқассыз, сіздің ауруыңыздың аты – тіл білмеу, мен сізді тіл үйрету арқылы емдеймін» деймін де, үйретуге кірісемін, – дейді күліп.

Владислав Тен Қазақстанға он жыл бұрын көшіп келген. Бірақ қазақ тілін үйренуге 2017 жылы ғана ден қояды. Осы елге деген құрметін мемлекеттік тілді меңгеру арқылы білдіргісі келген. Ол қазақ тілін үйреніп қоймай, үйрететін деңгейге жетті. 


Оның айтуынша, қазақ тілін үйрену үшін тілдік орта жоқ деу – сылтау ғана. Ондай ор­таны әркім өзі жасай алады – таныс­тарыңыз бен туыста­ры­ңыз­дан сізбен қазақша сөй­ле­суін талап етіңіз, смартфо­ны­ңызға қазақ­тілді бағдарлама­лар­ды көшіріп алып тыңдаңыз.

– Себебі тіл адамға музыка секілді есту қабілеті арқылы «қонады». Тіл ген арқылы бе­ріл­мейді. Бала ата-анасы мен айналасын тыңдай жүріп тіл үйренеді, сол тілде сөйлейді, – дейді В.Тен.

Қазақстан жағдайында тіл мәселесі –

саяси мәселе

Әзірбайжан саясаттану­шысы, «Үлкен Таяу Шығыс» зерттеу жобасының жетекшісі Гаджизаде Алидің айтуынша, посткеңестік кеңістіктегі елдер үшін тіл – линвистикалық емес, саяси мәселе.

– Әзірбайжанда мемлекет­тік тіл – әзірбайжан тілі. Мем­лекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Бұл – жазылмаған заң. Сондықтан да олардан мемлекеттік қызметке орналасу үшін арнайы емтихан тапсырғанда әзірбайжан тілінен емтихан тапсыру талап етіл­мейді, себебі ол мемлекеттік тілді білмесе онсыз да мемқыз­метке талпынбайды. Әрине, орыс, француз, ағылшын тілінде жұмыс істейтін жер­гі­лікті ақпарат құралдары бар. Жекелеген мемлекеттік мектеп­терде орыс секторына орын бө­лінген. Орыс секторында әзірбайжан тілін міндетті түрде өтеді, сосын ол мектеп Әзір­байжанның білім министрлігі жазып, бекітіп берген бағдар­ламамен оқытады. Орыс тіліне аз орын берілді деп мәселе кө­теретін орыстілді азаматтар жоқ емес. Алайда халықтың басым бөлігі орыс тіліне көп орын беріліп қойды деп қар­сылық білдіргенде алғашқы топтың үні басылып қалады. Әрі-беріден соң тіл – саяси құрал. Егер сен ағылшынша ойлап, ағылшынша сөйлесең немесе орысша ойлап, орысша сөйлесең, қаласаң да, қаламасаң да сол тілдің мәдениетінің бір бөлшегіне айналасың. Тілді қарым-қатынас үшін пайдала­натындар бар да, сол тілді бас­қалардан үстем болу үшін пай­даланатындар бар. Екінші ұста­нымдағы адамдар көбейген кезде проблема басталады. Орыстілді ақпарат құрал­дары­ның бас редакторлары орыстілді аудиторияның азайып бара жат­қанын айтады. Ол рас, орыс тілінде қарайтын 4-5 сайт­тағы ақпараттарды әзірбайжан тіліндегі сайттардан таба ала­мын. Мұның бәрі бізде эволю­ция­лық жолмен келе жатыр. Егер мемлекеттік қызметкер іс қағазын орысша жазса, оған сөгіс беріледі немесе жұмыстан шығарылады. Мемлекеттің осын­дай шешім қабылдауына қо­ғам ықпал етіп отыр. Бұл жер­де азаматтық қоғамның рөлі зор.

Қазақстанды жіті бақылап жүремін. Тіл мәселесінен де ха­барым бар, сол себепті де бұл линвистикалық емес, саяси мәселе деп айтамын. Латын қарпіне көшуді бастадыңыздар, бұл тіл саясатындағы оң қадам болды. Әзірбайжан 1991 жылы латын қарпіне көшкенде қарсы пікір айтқандар болған, себебі жасы қырықтан асқан адамдар үшін латын қарпіне бейімделу қиын болды, уақыт өте келе олар да меңгеріп алды. 1992 жыл­дан бастап таза латын қар­пімен жұмыс істейміз, – дейді саясаттанушы.

Әзірбайжандарға қызығып қарағанымызбен, көрші қыр­ғыз­дың мемлекеттік тілінің мәселесі бізбен шамалас болып шықты. Қырғыз саясаттану­шысы, АҚШ-тың Орталық Азиядағы «Халықаралық және салыстырмалы саясат» бағы­тының жетекшісі Медет Төле­геновтің айтуынша, қырғыз тілінің қолдану аясы, баяу болса да, кеңейіп келеді.

– Мемлекеттік тілді да­мы­туға арналған бағдарлама бар. Үкімет жанынан құрылған комиссия да бар. Бағдарлама қабылдау оңай, оны жүзеге асыру қиын. Мәселе қаржыға байланысты. Курстар ұйымдас­тырылып, Қырғызтест жасалды. Бізде бәрі жақсы басталады да, кейін баяулап қалады. Биыл тіл мәселесі қайта көтеріледі деп ойлаймын, себебі 1989 жылы қыр­ғыз тіліне мемлекеттік тіл мәр­те­бесін берген заң қабыл­дан­ды. Биыл осы заңның 30 жылдығы ғой. Мұндай кезде міндетті түрде мемлекеттік тіл мәселесі сөз болады, – дейді М.Төлегенов.