Коммунистер флешмобы

Газет мақаласы Айқын газеті №85

Үміткер Ж.Ахметбековті қолдау мақсатында Көкшетау облыстық сайлауалды штабы белсенділері «РИО» сауда ойын-сауық орталығында әншілердің қатысуымен флешмоб өткізді. Артистер үміткердің баннерінің жанында кеңес кезіндегі танымал әндерді орындады.

Коммунистер флешмобы

Басқосуда облыстық сайлауалды штаб­тың жетекшісі, ҚКХП Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Б.Мажитов сөз сөйлеп, жиналғандарға үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.

Сөз арасында ол ҚКХП кедейшілікпен күрес және отандық тауарға деген сұранысты арттыру сынды бастамаларды алға жылжыта беретінін жеткізді.

Ал Қарағанды кандидаттың облыстық сайлауалды штабы «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін» деген ұранмен флешмоб өткізді. Аспанға партия ұрандары жазылған шар ұшырылып, үгіт парақтары таратылды. ҚКХП Қарағанды облыстық сайлауалды штабының жетекшісі А.Зевахин ком­мунистік идеология сынға көп ұшырай­ты­нын, алайда қазіргі коммунистер бұрынғы ізашарлары­ның қателігін қайталамай, заман талабына сай әрекет етіп жатқанын баяндады. Оның сөзінше, партия Парламент Мәжілісінде қарапайым халықтың мүддесін қорғап, билік пен халық арасына алтын көпір болып отыр. А.Зевахин партияның сайлауалды тұғыр­намасы кедейлікпен күреске сонымен қатар батыстың жалған құндылықтарынан бас тартуға үндейтінін жеткізді.

Ал үміткер Ж.Ахметбеков Семейдегі Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен кездесті. Басқосуда өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі аспектілеріне тоқталып, кедейлікпен күресуге арналған жоспарымен бөлісті. Тұрғындар үміткерге көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Оларды жалақы көлемін арттыру мен еңбек жағдайын жақсарту, медициналық қызметпен қамту және баспана мәселесі алаңдатады екен.


Айдана БЕГІМ