Қаруды таратпау тәртібіне қауіп төнді

Газет мақаласы Айқын газеті №86

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың антиядролық және басқа да жаһандық сыртқы саяси бастамаларын жүзеге асыру мәселелері пысықталды. Мұнда Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен Президент жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның 16-отырысы өтті.

Қаруды таратпау тәртібіне қауіп төнді

Жиынға еліміздің мемлекеттік органдарының басшылығы, соның ішінде Әділет министрі Марат Бе­кетаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова қатысты.

Комиссия мүшелері еліміздің яд­ролық және биологиялық қауіп­сіздігін нығайту, жаппай қырып-жою қаруын таратпауды қамта­ма­сыз ету үшін экспорттық бақылау жүйе­сін күшейту, сондай-ақ халық­а­ралық қоғамдастықпен өзара ықпалдасу мәселелерін де талқыға салды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдегендей, бүгінде, яғни әлем аумалы-төкпелі кезеңге кіріп, ше­шуші ойыншылар арасындағы қарым-қатынаста дағдарыс туын­дағандықтан, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау режиміне қауіп төніп тұр. Комиссия қызме­ті­нің өзектілігі елімізде бейбіт атом­­ның дамуына байланысты да ар­­тады, – деп атап өтті сыртқы сая­­си ведомствосының басшысы.

Бұдан бөлек, отырыс барысын­да Қазақстандағы зерттеу реактор­лары­ның, МАГАТЭ-нің Төмен байы­­тылған уран банкінің қызме­тін қамтамасыз етуге қатысты мә­се­лелер, сонымен бірге осы орай­да ядролық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету және тиісті мамандарды даярлау қа­жетіне байланысты бой кө­теретін мәселелер қаралды.

Комиссия отырысына қатыс­қан министрліктер мен ведомст­во­лардың басшылары өткен кезеңде берілген тапсырмалардың орын­далу барысы туралы хабардар етті.


Елдос СЕНБАЙ