Батыр ауылына барды

Газет мақаласы Айқын газеті №86

Қазақстан президентіне кандидат Сәдібек Түгел Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылындағы № 41 мектепте жас отбасылар және ауыл тұрғындарымен кездесті.

Батыр ауылына барды

«Бұл ауыл маған өте ыстық. Мұнда Қабанбай батыр кесенесін салуға, ауыл­дың атын беруге қатысты көптеген игі іс­тердің басы-қасында жүрдім. Бүгін бар­­лы­ғыңыз жиналып отырсыздар. Ауыл­дағы он мыңға жуық тұрғынның бар­лығымен кездесе алмасақ та, сіздер арқылы сайлауалды бағдарламам­ның негізгі бағыттары жетеді деп сенемін. Алдымен, осы кездесуге қатысып отыр­ған ұстаздар, болашағымыздың тұтқасы саналатын жас ұрпақ тәрбиесі сіздердің қолдарыңызда. Жас буынның ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсіруіне игі ықпал етесіздер. Менің бағдарламам­ның өзегі – тіл, жер және ар-намыс мәселесі. Бұл төрт тұғырды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ана тіліміздің мәртебесін биіктету үшін әр кездесуімді мемлекеттік тілде жүргізіп келемін. Сайлауалды бағдарламамның ең басында да осы мәселе басты орында тұр», – деді кандидат, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел.

Кандидаттың сенімді өкілдері Ба­заргүл Үмбетова, Бақыт Мұхамедрахи­мова, Күләш Молдахметова сөз алып, Сәдібек Түгелді кандидат етіп ұсынған «Ұлы дала қырандары» РҚБ еліміз бойын­ша ұлттық құндылықтар мен ұлт­тық спорт түрлерін насихаттап отырған жалғыз ұйым екенін, халықаралық спорт бәсекелерінде ел намысын қорғап, қа­зақтың атын әлемге танытқан ұлттық ат спорты түрлерінің бастауында ұлт жанашыры Сәдібек Түгелдің тұрған­ын жеткізді.

Кездесуде көпбалалы ана Дариға Үзденбаева: «Үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасындағы жас ұр­пақты қоғам болып тәрбиелеу, спортты жандарына серік ету, алғаш босанған ана­ларға 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек беріп, оны әр бала туған сайын са­тылы түрде көбейту мәселесі көңілім­нен шықты», – деді.

Кездесуден соң, Сәдібек Түгел және оның сенімді өкілдері Қабанбай батыр кесенесіне және оның жанында орналас­қан пантеонда болып, ел қор­ғаған батыр бабамыз бен осында жер­ленген тәуелсіз­ді­гіміздің тұғырын биіктетуге атсалысқан тұлғаларға дұға бағыштады.


Айдана БЕГІМ