Тоқаев топ жарды

Газет мақаласы Айқын газеті №89

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауының соңғы қорытындысын жариялады. Нәтижесінде Nur Otan партиясының атынан сайлауға түскен кандидат әрі бүгінде іс басында президент қызметін атқарып келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев басым айқындықпен жеңіске жетті.

Тоқаев топ жарды

«Бүгін таңертеңгі отырыста алдынала сайлау нәтижесін жариялаған едік. Осымен екі айға қосылған сайлау науқаны да аяқталды. Нәтижесінде мемлекет басшысы сайланды. Осынау мемлекеттік маңызы бар оқиғамен баршаңызды құттықтаймын!», – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашев.

Кезектен тыс сайлау қорытындысын ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен жариялады. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, Қасым-Жомарт Кемелұлы 70,96 пайыз дауыспен басым түсті. Бұл кандидатқа 6 539 715 адам дауыс берген. Қазақстан коммунистік халық партиясының кандидаты Жамбыл Ахметбековке – 167 649 дауыс (1,82 %), «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаеваға – 465 714 дауыс (5,05 %), «Ұлт тағдыры» қозғалысының үміткері Әміржан Қосановқа – 1 495 401 дауыс (16,23 %), «Ауыл» партиясының кандидаты Төлеутай Рақымбековке – 280 451 дауыс (3,03 %), Кәсіподақтар федерациясының үміткері Амангелді Таспиховке – 182 898 (1,98 %) және «Ұлы дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің кандидаты Сәді-Бек Түгелге – 84 582 дауыс (0,92 %) берген. Сайлауға барлық қатысушының 77,4 пайызы қатысқан.


Айша ЕРСҰЛТАН