Инвестклиматымыз үздік деп танылды

Газет мақаласы Айқын газеті №89

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқар­ма төрағасы Ахмет­жан Есімов Петер­бург­тегі халықаралық экономикалық форум аясын­да бірқатар ресейлік және еуропалық компания­лар­дың басшы­лары­мен инвес­тиция­лық кездесулер өткізді. Осы бас­қосуларда Қазақ­стан­дағы инвестициялық климат посткеңістікте ең үздік деп танылды.

Инвестклиматымыз үздік деп танылды

Аталған форум 1997 жылдан бері Петерборда өткізілетін эконо­ми­калық саладағы іскерлік жиын. Оған жыл сайын әлемнің 100-ден астам елінен 10 мыңнан астам адам қатысады. Форумның негізгі аудиториясы – ірі ресейлік және шетелдік компаниялар, мемле­кет басшылары, саяси көш­бас­шылар, премьер-министр­лер, вице-премьерлер, министрлер, губер­на­­торлар. Міне, осы ауқымды бас­­қосуда «Самұрық-Қазына» ұлт­­тық әл-ауқат қорының бас­шы­сы А.Есімов қор үшін маңызды кездесулер өткізді. Мәселен, неміс­тің «Шнейдер Электрик» ком­­паниясының өкілдерімен өт­кен кездесуде «Самұрық-Қазы­на» АҚ-ның тау-кен компа­ния­­ларын цифрландыру және осы саладағы қазақстандық кадрларды жүйелі оқыту туралы келісті.

«Біз мұнайшыларға арналған оқу орталығын ашу туралы шешім қа­былдадық. Шнайдер қордың ен­шілес компанияларына қызмет­кер­лерді дайындауға көмектеседі», – деді «Шнейдер Электрик» ком­па­ниясының Ресейдегі және ТМД елдеріндегі президенті Йохан Вандерплаетсе.

Ахметжан Есімовтің Ресей мен ТМД-да KPMG басқарушы серік­тесі Олег Гощанскиймен кезде­суін­­де де цифрландыру тақырыбы тал­қыланды. Тараптар қазақстан­дық компанияларға цифрландыру шеңберінде алдыңғы қатарлы құралдарды енгізу мүмкіндігін беру үшін KPMG компаниясының Орталық Азияда KPMG Digital Village ашу жөніндегі жобалары мен жоспарларын, сондай-ақ «Сам­ұрық-­Энерго» АҚ-мен ынты­мақ­тастықты талқылады.

Қор басшысы ВТБ Банк пре­зи­­­дентінің бірінші орынбасары – Басқарма төрағасы Юрий Со­ло­вьев­­пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жұмысын, AEON Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Роман Тро­цен­ко­мен полипропи­лен, алтын және азот-минералды тыңайтқыштарын өндіру жоба­ларын­дағы ынтымақ­тастықтың мүмкіндіктерін сөз етті.

Кездесу соңында А.Есімов «Лукойл» КАҚ» ұлттық компания­сы­ның президенті Вагит Алек­пе­ров­­пен кездесіп, мұнай-газ сала­сын­дағы инвестициялық ынты­мақ­­тастықты одан ары дамыту мә­се­лелерін талқылады. Осы кез­­­­десуде Каспий теңізінің қазақ­стан­дық сек­­торында орналасқан «I-P-2» жо­ба­сының шеңберінде ынты­мақ­тас­тық­тың негізгі шарттары келі­сіл­ді.

Барлық кездесулердің қатысу­шы­­лары «Самұрық-Қазына» қоры­мен қарым-қатынастардың жақсы дина­микасын атап өтті, сондай-ақ Қазақ­стандағы ин­вес­ти­­циялық кли­мат посткеңістікте ең үздік деп танылды.


Тұмар МЫРЗА