Әділдіктің ақ үйі

Газет мақаласы Айқын газеті №90

Әділет іздеген адамдар кейде ескі әдетпен ел басшылығына қайырылады. Жөн білетіндер өркениет жолымен сотқа талап арыз түсіреді. Прокуратураға баратындар да қарақұрым. Ал сонда атында әділеттей асыл ұғым бар министрлік немен айналысады?

Әділдіктің ақ үйі

1921 жылдың 25 тамызында қазақ жерін қанға бөккен ақ пен қызылдың сұрапыл шайқасы тамам болып, Азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Бүкілресейлік орталық атқару комитеттің (БОАК) төрағасы Михаил Кали­нин мен БОАК хатшысы Авель Енукидзе «Әділеттің жергілікті органдары қызметін күшейту туралы» декретке қол қойыпты. Құжаттың кіріспесінде: «Кеңес­тік құрылымның нық орнауы және бейбіт құрылысқа көшу мақсаты – Кеңес билігінің бар­лық органдарының және лауа­зым­ды тұлғалардың қызметі қолданыстағы заң ережелерімен үйлесімде болуын табанды түрде талап етеді. Сонда заңдылық бастауларының өмірге жолдама алуы – Кеңес Республикасының өмірлік ең маңызды мұқтажды­ғының бірі болып саналатынын кеңестік органдар және бүкіл халық айқын ұғатын болады» делінген.

Бұл заманауи тілде заңның үстемдігі – мемлекеттің ең ма­ңыз­ды ұстыны дегенді білдіреді. Дұрыс-ақ сөздер. Бірақ бұл ереженің өмірде орындалуы сол кезде солақай сипат алғаны тарихтан белгілі.

Ұлы Отан соғысынан соң, 1946 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңе­сінің IX сессиясында қабыл­дан­ған заңға сәйкес Халық комис­сарлары кеңесі «Қазақ КСР-ның Министрлер кеңесіне» айналды. Осы кезден бастап Әділет халық комиссариаты «Қазақ КСР-ның Әділет ми­нистрлігі» деп атала бастады.

Алайда ХХ ғасыр ортасынан ауып, Сталин өлгенде судья­лар­дың үкім шығаруда қатаң жаза­лауға бейім әділет орган­дарына тәуелділігі жан-жақтан сынға ұшырады да, бұл ақыры радикал­ды шешім қабылдауға – 1956 жылы КСРО Әділет ми­нистрлігін жоюға себепкер болды. КСРО Жоғарғы кеңесі Прези­диумының жарлы­ғын­да бұл шешімнің «Сот меке­ме­лері мен одақтас рес­публи­калар­дың әділет органдары жұмысына бас­шы­лық етуде шектен тыс орта­лықтан­ды­ру­ды жою мақса­тын­­да» қабыл­дан­ғаны айтылады. Бұл рет­те рес­пуб­ли­калардың әділет ми­­нистр­ліктері де соның кебін құшты.

Дегенмен 1970 жылдың күзін­де бәрі қалпына келтіріліп, әділет органдары жаппай қайта құрыл­ды. Бұл ведомствоға сот орган­дарына, әскери трибуналдарға, адвокатураға, нотариатқа және басқа да әділет мекемелеріне бас­шы­лық ету жүктелді. Бұл тәжіри­бе бертінге дейін сақталды.

Тек 1995 жылы тәуелсіз Қа­зақстанның қазіргі қолданыс­тағы Конституциясы қабылда­нып, билік нақты үш тармаққа – заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлінгеннен кейін Жоғарғы сот бірте-бірте күшейіп, кадрлық, қаржылық, материал­дық-техникалық, ақпараттық және соттарды басқа да қамта­масыз ету мәселелерінде әділет органдарынан толық азаттық алды.

Осылайша, Кеңес кезінде соттардың өздерін «ашса – алақанында, жұмса – жұдыры­ғында» ұстаған Әділет ми­нистрлігі соңғы жылдары қатты «арып» кетті.

– Әділет органдарының инс­титуты 90 жылдан астам уақыт бұрын Әділет халық комис­сариаты ретінде құрылды. Оған сот, прокурорлық, тергеу, нота­риалдық органдар және еңбекпен түзеу мекемелерінің қызметіне басшылық ету жүктелді. Кейін­нен оның құқық қорғау және сот функциялары мен өкілеттіктері соттарға, прокуратураға және басқа да қылмыстық қудалау органдарына ауысты. Оның орнына заң шығармашылық, тіркеу қызметтері, құқықтық көмек көрсету сияқты жаңалары қосылды. Әділет министрлігі сондай-ақ сот сараптамасы, нотариус, адвокаттардың және сот орындаушыларының қыз­метін де реттейтін. Алайда соңғы реформалар бұларды өз бетінше кәсіби бірлестіктерді құру арқы­лы өзін-өзі реттеу моделіне көшіруге бағытталды, – деп түсіндіреді Әділет министрлігі.

Яғни, елімізде нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындау­шы­лары және басқалары өз алдарына отау тігіп, «өзі би, өзі қожа» дәрежеге жетуде.

Сонда Әділет министрлігінің құзырында не қалды?

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде Әділет министрлігінің негізгі қызметі «норма шығару­мен және Қазақстан заңнамасын қалыптастырумен байланысты» екен. Бірақ халық заң шығаратын басты орган – Парламент деп білетіні мәлім. Бұл министрлік Үкіметтің және мемлекеттік органдардың заң шығару жұмы­сын үйлестіреді, норматив­тік- құқықтық актілерге сарап­тама жүргізеді. Яғни, маңызы мен мәні бар, алайда көзден таса, БАҚ-тан тыс жүретін күйкі тірлік.

Оның орнына министрліктің мемлекеттік функциялары басқа меморгандарға немесе бәсекелес­тік ортаға берілумен болды. 15 жыл ішінде шамамен 6 функция­сы басқа министрліктер мен мемлекеттік компаниялардың құзыретіне тапсырылыпты.

Әділет министрлігінің өзгеде жоқ «айрықша құзыретіне» тек зияткерлік меншік құқықтарын қорғау; заңды тұлғаларды тіркеу және тіркеу органының қызметін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; халыққа кепілдендірілген құқықтық көмек беру жатады.

Айта кету керек, «Әділет орган­дары туралы» заң қабыл­данғалы, яғни 2002 жылдан бері әділет органдарының жүйесі, құрылымы мен функциялары әлденеше мәрте қайта қаралды. Алайда соңғы 10 жылда Әділет министрлігі ешқандай жаңа функциялар алмаған.

Оның орнына министрліктің мемлекеттік функциялары басқа меморгандарға немесе бәсекелес­тік ортаға берілумен болды. 15 жыл ішінде шамамен 6 функция­сы басқа министрліктер мен мемлекеттік компаниялардың құзыретіне тапсырылыпты.

Мысалға, 2004 жылы Әділет министрлігінің «есірткі құрал­дары мен психотроптық заттар­дың айналымын реттеу және олардың заңсыз айналы­мына қарсы іс-қимыл» функциялары жойылды. Осындай шара Ішкі істер министрлігі жанынан Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау жөніндегі комитеттің құрылуына байланысты қабылданған.

Одан кейін ведомствоның хабарлауынша, 2010 жылы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті құрылып, бірыңғай мониторинг жүйесі мен халықтық деректер базасы соның қолында шоғырландырылған­дықтан, жеке куәліктер мен паспорттарды ресімдеу және беру функциясы да Әділет министр­лігінен тартып алынды.

2007 жылы осы министрлік құрылымында құрылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) қызметін қамтамасыз ету және үйлестіру қызметі 2011 жылы Байланыс және ақпарат министрлігіне, ізінше «Азамат­тарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясына табыс етілді.

Келесі 2012 жылы кезекті реформа толқынын бастан кешті: нәтижесінде, Қылмыстық-атқару жүйесінің комитеті де Әділет министрлігімен қош айтысып, ІІМ-нің қанатының астына кірді.

2018 жылы Әділет министр­лігінің «бағалау қызметін мемле­кеттік реттеу», «бағалаушы­лар палаталарының қызметін бақылау» жөніндегі өкілеттігін Қаржы министрлігі қанжығалап кетті.

Әділет министрлігінің аты қазір Қазақстанның шетелдік соттардағы жеңісі не жеңілісі туралы жаңалықтарда бой көр­сетіп қалады. Алайда шетелдік соттарда және арбитражда мемле­кеттік мүдделерді қорғауды Әділет министрлігіне басыбайлы жүктеу заңда көзделмеген көрінеді.

Бұл мәселе елімізде тек заңға тәуелді актілер деңгейінде ғана реттеледі. Яғни, дербес заңның жоқтығын айтпағанның өзінде, тіпті шетелдік соттарда және төреліктерде мемлекеттің мүд­деле­рін білдіру мәселелерін реттейтін заңдық ережелер де жоқ.

Үкімет Регламентінің 5-тар­мағына сай, Үкіметтің мүдделерін сотта қорғауды – сол сотта қаралып отырған мәселелер құзыретіне кіретін мемлекеттік орган жүзеге асыруға тиіс. Соныменбірге, 2004 жылғы 28 қазандағы Үкімет қаулысымен бекітілген Әділет министрлігі туралы ереже бойынша бұл органға «шетелдік төреліктерде, шетелдік мемлекеттік және сот органдарында, дауларды төрелік реттеуге дейінгі процесте мемле­кеттің мүдделерін қорғауды және білдіруді қамтамасыз ету» жүк­тел­ген. Осыны пайдаланып, өзге министрліктер тіпті өздеріне тікелей қатысты даулар бойынша да шетелдік соттарда соттасуды Әділет министрлігіне жүктей салады екен.

Сарапшылардың байламын­ша, төрелік-арбитраждық соттарда Қазақстан ұстанымын келісімнен өткізу және ұсыну тетігі реттелмеген. Атап айтқанда, Әділет министрлігінің жұмысы туралы бұрмаланған түсінікке ие мемлекеттік органдар тыңдаулар­ға немесе келіссөздерге дайын­дық процесінен бойларын аулақ салады. Сонымен қатар талап-арыз мәні бойынша шетелдік контрагенттермен келіспеуші­ліктерге қатысты шешімдер қабылдау бойынша жауапкер­шілікті Әділет министрлігіне аудара салады.

Бұл ведомство соттарда, төреліктерде, медиация немесе сотқа дейінгі реттеу рәсімдерінде құқықтық сүйемелдеуді ғана қамтамасыз етуі керек еді. Ал дауласушы қарсы тараптың дәлелдерімен келісу немесе келіспеу; оларды бейбіт реттеу мүмкіндігін қолдану; мемлекеттің мүдделерін сақтау үшін басқа да ымыралы шешімдерді іздестіру және түзу – мұның бәрі әр салаға жауапты өзге мемлекеттік орган­дардың құзыретіне жататын көрінеді. Осы мәселелер шешімін табуы керек. Ол үшін болашақта әділет органдары туралы жеке заң қабылдау қажет болуы да ықтимал.