Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын: Жаңа белеске – жаңаша қарқынмен

Газет мақаласы Айқын газеті №91

Президент бүгін ант қабылдады. Енді жаңа Президенттің алдында қордалы мәселелер тұр. Үлкен істер тұр. Әсіресе, ең әуелі, ел ішіндегі түрлі қарсылықтың тоқтауына күш салуы керек. Ол үшін халықпен сөйлесіп, қалауы­на құлақ асуы қажет. Қуанатынымыз – ол әлеу­мет­тік жағдайды жақсар­та­ты­нын жиі айтуда. Сондықтан бұл Президент­тен көп үміт күтемін.

Несіпбек АЙТҰЛЫ,  ақын: Жаңа белеске –  жаңаша қарқынмен

Бүгінде білім саласына, әлеу­меттік жағдайға, руханият әле­міне түбегейлі өзгеріс керек. Жастарға деген қолдаудың тың бағытын тапқанымыз жөн. Жас­тардың ойы қазір сан сақта. Оларға жүйелі бағыт-бағдар керек. Бірлікті, ұлт­тық патри­то­тизм­ді, ел мен жер­ге деген сүйіспеншілікті күшей­тіп, халық пен зиялы қауымның ара­сын жақындату қажет деп ойлай­мын. Білім саласындағы жемқор­лық мені ақын ретінде де, азамат ретінде де алаңдатады. Жаңа ми­нистр көп дүние жасап жа­тыр. Осы жұмыс ары қарай жанданып, елдің болашағы – бүгінгі балаларға берілетін білім мен тәрбиенің тіні жанданса. Ұлттық құндылық­тарымызды құнттасақ.

Өз ісінің мамандарына мүмкін­дік берілсе екен. Елдің ішіне, ауылдағы елдің тұрмысына көңіл бөлінгенін қалаймын. Жаңа Президент оны ескереді деп сенем.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілдің аясын кеңей­ту бағытындағы бастама­ларын оң бағалаймын. Президент қызметіне алғаш кіріскенде-ақ мемлекеттік тілдің тынысын кеңейту керегін айтты. Осының алдында ғана үкіметтік ұйым­дардағы мемлекет­тік тілдің қолданылу деңгейіне тексеру жүргізді. Осы бағыттағы бета­лыс­тары мені қуантады. Мемле­­кеттік тілді тұғырына қон­дыр­­май, мемлекетіміздің бола­шағы айқындалмайды. Сосын іштегі бірлікті күшейтпесе болмай­ды. Бізді дін мен діл мәселесінде теріс бағытқа әкетіп бара жатқан топтар бар. Жаңа басшымыздың мұны да еңсеруге білімі, білігі жетеді деп ойлаймын. Баяғы Абай заманын еске түсіретін, халықты іштей ірітіп, бірін-біріне қарсы қойып жатқан партия, топтар бар. Олардың мақсаты елдің ішін ырың-жырың қылып жіберу. Прези­дентіміз осы мәселеге көңіл бөледі деп ойлаймын. Көп оқыған адам ғой, жетілген мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, онысын үлгі ретінде жиі айтып жүреді. Ақылы толысқан, кемел кезінде ел тізгінін қолына алды. Сон­дықтан отаны­мыз­ды тағы да бір жаңа белеске көтереді ғой деген үмітім бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың терең білімі, халыққа жақын­дығы, халықаралық тәжірибиесі бар бедел­ді саясаткерлігі, мемле­кеттік тіл­ге деген жанашыр көзқарасы, жалпы қоғамның қай саласын бол­сын қолдауы бізге үлкен серпін береді.