Сотты нотариустар ауыстырады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №93

Банктер енді борышкерге кепілге қойған баспанасын өз бетінше сатуға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазме­диа орталығында» халық алдын­­да есеп беру кез­де­суін өткізген Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді. Министр әділет органдары­ның қызметі туралы ақпа­рат­тандыра келе, жұрт­шы­лық­тың және журналистер­дің сұрағына жауап берді.

Сотты нотариустар ауыстырады

М.Бекетаев өткен жылы өз ведомствосы әзірлеген маңызды бірнеше заңдар қабылданғанын айтты. Соның ішінде 2019 жылғы 21 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төре­лік, сот жүктемесін оңтайлан­дыру және қылмыстық заңнаманы одан ары ізгілендіру мәселелері бойы­нша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Бұл құжат бірінші кезекте жеке және заңды тұлғалардың меншігін қорғау­ды күшейтуді мақсат тұтады екен.

– Нақтылай кетсек, біріншіден, жер учаскесін «мемлекет мұқтажы» үшін алып қою кезінде бұдан былай төленетін өтемақы мөлшері жер учаскесінің нарықтық бағасы­ның негізінде анықталатын болады (бұған дейін кадастрлық бағамен белгіленетін). Екіншіден, борыш­керге кепілге қойылған жылжы­майтын мүлкін 3 ай мерзім ішінде өз бетінше сату мүмкіндігі беріледі. Үшіншіден, баланы күтіп-бағуға арналған алименттік төлем үшін ашылатын арнайы шоттағы қара­жат­ты өндіріп алуға жатқызуға тыйым салынады. Төртіншіден, қарыз алып, борышкер болған адам­ның банк шотындағы ақша­сын берешегі үшін тегіс алып қоюға шектеу енгізілді. Ол шотта айлық күнкөріс шегіне тең көлемде сома қалуға тиіс болады, – деді Марат Бекетаев.

Бесіншіден, мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылдағанға дейін қылмыстық процестің әрбір кезеңін­де ол мүліктің қылмыстық жолмен табылғанын растайтын фактілер анықталуы қажет болады.

Қазіргі уақытта Әділет ми­нистр­лігі 3 жаңа заң жобасы бойын­ша жұмысты жалғастыруда. Олардағы өзгерістер әкімшілік құқық­бұзушылықтар үшін жазаны жеңіл­детуді, соттар мен мемор­ган­дар арасында өкілеттіктерді бөлуді, әкімшілік құқықбұзушылық тура­лы іс жүргізулерді электронды фор­­матқа ауыстыруды, жария-құ­қықтық қатынастардан туын­дай­тын даулар бойынша сот төрелігін жөнелтуді жақсартуды көздейді.

Өткен жылы ведомство заңгер­лік қызмет саласында реформа жүр­гізді. Қабылданған шаралар заң­герлер қауымдастығында бәсе­ке­лес­тік ортаны құруға және адво­кат­тар санын көбейтуге мүмкіндік берді.

– Егер соңғы 4 жылда адвокат­тар саны 300-ге ғана артса, заң қабыл­данғалы бергі жарты жылда олар­дың қатары бірден 400-ге кө­бейіп, 5 000 адамнан асты. Бұл үшін қорғаушы атануға кедергі бол­ған «адвокаттар алқасына кіру жар­налары» алып тасталды. Адво­кат­тардың алқа басшылығына негіз­сіз тәуелділігін тудырған адво­­каттық ордерлер деген жойыл­ды. Заң арқылы адвокаттарды тәр­тіптік жазалауды қараудың 2 деңгейлі жүйесі енгізілді. Жергі­лікті және республикалық дең­гейде құрамы 6 адвокаттан, 3 қоғам өкілінен және 2 отставкадағы судья­дан тұратын тәртіптік комис­сиялар құрылды, – деді министр.

Адвокаттар алқасы қызметін ұйымдастыруда да өзгерістер бол­ды. Алқа қызметінің ашық­ты­ғын қамтамасыз ету мақсатында олар­дың қаржылық-шаруашылық қыз­меті туралы есебі алқаның интер­нет ресурсында орналас­ты­рылады.

Адвокаттық қауымдастықты тиімді басқару үшін бір тұлғаның басқару органдарында бір мерзім­нен көп болуына тыйым салынды.

Бұдан басқа, заң көмегінің сапасын арттыру шаралары қабыл­данды. Адвокаттар өз біліктілігін арттыруға және кәсіби ұйым бекіт­кен ереже мен стандарт­тар бойын­ша заң көмегін көрсетуге міндет­тел­ді.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап адвокат пен заң консультантының кәсіби жауаптылығын міндетті сақтандыру институты енгізіледі. Яғни, келесі жылы адвокат не заңгер сапасыз көмек көрсеткен жағдайда азаматтар сақтандыру өтемақысын ала алады.

Енді дамыған елдердегідей, елімізде қорғаушыға төлер қара­жаты жоқ азаматтар да ең қымбат адвокаттардың қызметіне жүгіне алады. М.Бекетаев биылғы 1 қаң­тар­дан бастап әлеуметтік және қаржы­лық жағдайы қиын азамат­тар адвокат немесе заң консуль­тан­тынан тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алып жатқанын айтты. Бұл жерде қорғаушы тегін көмек­тесу уақыты бітсе де, ақысыз алған ісін орта жолда тастап кете алмай­ды, заң бойынша ол қызметті ше­шім қабылданғанға дейін көрсетуі шарт.

– Нотариустардың қызметте­ріне де өзгерістер кіруде. Бұрын сот­тар қараған 9 даусыз талаптар нотариустарға берілді. Тиісінше, бұдан былай Қазақстанда жалақы­ны, коммуналдық қызметтер бере­ше­гін, жалға алу төлемдерін өнді­ріп алушылар қарсы жақты сотқа бер­мей-ақ, нотариустарға жүгініп, өн­дірте алады, – деді Әділет министрі.

Ол «Электронды үкімет» порта­лында заңды тұлғаны тіркеу бойынша жаңа қызмет көрсету іске қосылғанын мәлім етті. Онда бизнес ашуды, банк шотын ашуды, сақтандыру шартын жасауды, салыққа қосымша құн салығын есепке қоюды бір мезгілде жасауға болады.