Жаңа тарих бастауы

Газет мақаласы Айқын" газеті №95

Қазақстан халқы ассамблеясы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұсыныстарын енгізеді. Бұл туралы ассамблеяның Мәжілістегі депутаттық тобының отырысында жария етілді. Жиында «ҚХА-ның Мәжілістегі депутаттық тобының Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарлама­сынан және ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөздерінен туындайтын міндеттері» қаралды.

Жаңа тарих бастауы

Іс-шараға Мәжіліс депу­таттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА құрылымдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жан­сейіт Түймебаев саяси транс­формациялану үдерісі жүріп жат­қанына назар аудартты.

– Ол биліктің халық ал­дын­дағы жауапкершілігін арттыру бағытында қалыптасады. Бірінші қадам ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылады. Оның алғашқы отырысы биылғы тамыз айына жоспарланған. Өткен аптада Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы шықты. Прези­дент Әкімшілігіне бір ай ішінде осы кеңесті қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі мәселелері бойынша азаматтық сектормен кеңес жүргізу жүктелді. Осы жұмыс қорытындысы бойынша Президент қарауына кеңестің құрамы және кеңес туралы ереже енгізіледі. Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысында біз ҚХА-ның барлық құрылымда­рынан ұсыныстарын әзірлеуді сұрадық. Депутаттармыздан да осы мәселені мұқият зерделеп, өз ұсыныстарын беруін өтінеміз, – деді Ж.Түймебаев.

Ол сайлаудың сәтті өтуіне ассамблеяның барлық құры­лым­дары, этномәдени бірлестіктер белсене үлес қосқанын мәлім етті.

– Этномәдени орталықтар Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдау мақсатында «Біздің таңдауымыз – бірлік пен келісім!» атты жалпыреспубликалық элек­торалдық акциясын жүзеге асыр­ды. Ассамблея Nur Otan партия­сының республикалық және өңірлік қоғамдық штабтарына өз қатарынан 200-ге жуық беделді тұлғаларын кандидаттың сенімді өкілі ретінде жіберді. Бұдан бөлек, ҚХА ел бірлігін нығайтуға бағытталған 270-тен астам түрлі іс-шаралар мен мәдени бағдар­ламалар ұйымдастырды, – деді Жансейіт Түймебаев.

Оның байламынша, Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі Қазақстанның жаңа тарихының бастауы болды. Онда сайлау ал­дындағы «Игілік – барлығы үшін! Сабақтастық. Әділдік. Про­гресс» деген тұғырнамасының ережелері ғана емес, оларға қол жеткізудің негізгі тәсілдері де белгіленген.

– 12 маусымдағы Қ.Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі – Қазақ­стан­ның дамуындағы, Ұлы дала елін­дегі жаңа кезеңнің басталуының жарқын дәлелі болғаны анық. Мемлекет басшысы өз сөзінде бірқатар маңызды бағыттар мен мемлекеттік бағдарламаларға баса мән беруіміз керек екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Ке­мелұлының сайлауалды бағдар­ламасында да еліміздің әлеумет­тік-экономикалық, саяси және рухани дамуына қатысты стра­тегиялық басымдықтар мен жоспарлы міндеттер белгіленген. Соның ішінде Президент сөзінде, сайлауалды бағдарламасында ел бірлігін нығайту, ұлтаралық тату­лықты сақтау мақсаты айрықша орын алады, – деді ҚХА Төраға­сының орынбасары.

Сондықтан Қазақстан халқы ассамблеясы және оның Мәжі­ліс­тегі депутаттық тобы алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр. Ж.Түймебаев кәсіпкерлер қауым­дастығымен бірлесіп, ассамблея жұмысының әлеуметтік бағытын белсенді дамытуға; жастармен және волонтерлік қозғалыстармен жұмысты күшейтуге; барлық қолжетімді форматтар арқылы қазақстандық қоғам бірлігінің құндылықтарын ілгерілетуге: ҚХА қызметінің жаңа тәсілдерін әзірлеуге шақырды.

Отырыста сондай-ақ Мәжіліс депутаттары сөз алып, ой-ұсы­ныстарын ортаға салды.

Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс төрағасының орын­басары Владимир Божко Президент Қ.Тоқаевтың сай­лауалды тұғырнамасында және ұлықтау рәсімінде айтылған бас­тамаларын ілгерілетуге және тү­сіндіруге белсенді қатысу қажет­тігіне ҚХА депутаттық тобы мү­ше­лерінің назарын аударды.