Бірлік – мәңгілік құндылық

Газет мақаласы Айқын газеті №66

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Қазақ жерін мекендеген этностардың құрылтайына «Татулық пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру» тақырыбы арқау етілді.

Бірлік – мәңгілік құндылық
Ассамблея сессиясының жұмысына саналуан диаспора өкілдерінен және шетелдік қонақтардан 1500-дей адам қатысты. Олардың арасында бүкіл өңір­лерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар басшылары, 
ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің елшілері, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым өкілдері болды. Сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғызстан, Германиядан қонақтар келген екен.  
Сессия отырысын ашқан Тұңғыш Пре­зидент, ҚХА төрағасы Н.Назарбаев елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі Ассамблеяның маңызды рөлін атап өтті.
–Жаһандық әлем қуатты трансформа­цияны бастан өткеруде. Біз бәріміз қазірдің өзінде мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технологиялар түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей ала­мыз. Бірақ бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгілік әрі кешенді құндылық бар. 
Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім, – деді Н.Назарбаев.
Ол тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқының елімізде этносаралық қарым-қатынастардың өрбу келешегіне қатысты деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығарғанына назар аударды.
–Біз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мықты мемлекет құрдық. Тарих тұзақтары мен сынақтарының бәрін бірге еңсердік. Прагматикалық және сараб­дал сыртқы саясатымыз арқасында халық­аралық беделімізді биіктеттік. Еліміздегі этносаралық қатынастардың моделі тең­герімді, тиімді әрі уақыт сынына шыдады. Ол баршаға үлгі-өнеге ретінде қызмет етеді, – деді Тұңғыш Президент.
Елбасы қазақстандық қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған бар­лық тетіктердің үйлесімді және пәрменді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Н.Назарбаев мемлекеттік органдар жа­нындағы қоғамдық кеңестердің және медиа­ция институтының жұмысын жан­дандыру қажеттігін нықтады. 
–Біріншіден, медиация институтын әлеуметтік бірлікті нығайту үшін толық­қанды пайдалану керек. Ассамблея қол­дауымен 800-ден астам қоғамдық медиатор жұмыс істейді. Олардың белсенді атса­лысуы арқасында тек өткен жылы 20 мыңға жуық ымыра келісімдері бекітілген. Сот жүйе­сінде, білім беруде, денсаулық сақтауда елеулі тәжірибе жинақталды. Енді медиация институтын туындайтын даулы мәселелердің алдын алуға және уақытылы шешуге бағдарлау қажет. Қақтығыс салдарларын жойған­нан гөрі, ымыра іздеу арқылы кез келген түсініспеушіліктің жолын кескен жақсы, – деді Тұңғыш Президент.
Екіншіден, ол билік органдары жаны­нан құрылған барлық қоғамдық кеңестердің қызметі орталықта да, жергілікті жерлерде де нақты регламенттелуі тиістігін қадап айтты. 
–Олардың сапалық құрамын күшейт­кен, сондай-ақ қызмет аясын және жауап­кер­шілік ауқымын айқындаған жөн. То­лық­қанды жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасалуы керек. Меморгандар қоғамдық кеңес­тердің бағаларына, ұсынымдарына және пікірлеріне құлақ асып, оларды өз қыз­метінде ескерулері тиіс. Қазақстан хал­қы ассамблеясына Nur Otan партия­сымен бірлесіп, осы жұмысқа белсене араласуды жүктеймін! – деді Н.Назарбаев. 
Мұның сыртында Елбасы Ассамблея кәсіпкерлерінің қауымдастығы желісі бойынша шетелдік инвесторлармен эко­но­ми­калық ынтымақтастықты кеңейтуге, Қазақстан халқы ассамблея­сының Мә­жілістегі депутаттық кор­пусының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды.



–Келесі жылы ҚХА-ның құ­рыл­­ғанына 25 жыл толады. 2020 жы­­лы біз Ата заңымыздың қабыл­дануының 25 жылдығын да атап өтетін боламыз. Бұлар – біз үшін маңызды әрі атаулы даталар. Осы жаңа белеске қандай жетістік­тер­мен келгенімізді өзіміз түсініп, өзгелерге паш етуге тиіспіз. Тә­уел­сіздіктің 27 жылдан астам уақыты ішінде елдің нағыз бірлігі отан­шылдықпен, ел мен жерге, төл мә­дениетке деген сүйіспен­шілік­пен, ортақ құндылықтармен, мақ­саттармен және міндеттермен беки түсетініне бек көз жеткіздім. Қа­зақ­стан – экономикалық және саяси табысты, бейбіт, тұрақты мем­лекет. Бірақ өмір бір орнында тұрмайды, ағысы алға жетелейді. Халқымыз бірлігі мен келісімін сақтай отырып, замананың сын-те­геуріндерін абыроймен еңсе­ре­ріне, жаңа биіктерді бағынды­рарына сенімдімін! – деді Елбасы.
Сессия барысында Нұрсұлтан Назарбаев барша мұсылман қауы­мын алда басталатын қасиетті Рамазан айымен, ал христиан өкілдерін өткен Пасха мерекесімен құттықтады.
– Халқымызға, соның ішінде ҚХА барлық мүшесіне қолдау көр­сетіп, түсіністік танытқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Президент сайлауы 9 маусымға та­ғайындалды. Nur Otan партия­сы­ның кезектен тыс ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың канди­датурасы ұсынылды. Ол – тәжі­ри­белі мемлекет қайраткері, елге басшылық етуге лайық Қазақ­станның нағыз патриоты. Барша қазақ­стандықты, Ассамблея мү­шелерін алдағы сайлауға бел­сенді атсалысып, кезекті рет бір­лігімізді танытуға шақырамын, – деп түйді сөзін Тұңғыш Президент.
ҚХА сессиясы барысында Елбасы алдында әрқайсысының тағдырлары ерекше әрі бірегей 13 адам сөз сөйледі. Олардың ­ара­сында оқушы, студент, док­то­рант, академик, жазушы, жур­на­лист, көпбалалы ана және бас­қа­лары бар.
Айта кету керек, XXVII сессия барысында ҚХА төрағасының жаңа орынбасарлары тағайын­дал­ды. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының этномәдени бірлес­тіктерді ұсынатын екі орынбасары ротация тәртібімен жылына бір рет тағайындалады. Елбасы, Ассам­б­лея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА Кеңесінің ұсынысына сәй­кес, биыл бұл лауазымға «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орта­лы­ғы­ның мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен астаналық «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатовты бекітті.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

 – Бүгінде таңғаларлық тарихи күндерді бастан кешіп отырмыз. Өйткені билік дәл қазір ауысады деп күтпеген едік. Алайда бәрі табан астында өзгерді. Бұл – Елбасының жеті өлшеп, бір кескен келелі шешімі. Осы орайда кешегі «өтпелі кезең» аталатын 90-шы жылдар еске түседі. Сол бір алмағайып тұста ел батасын алған Елбасы Алла деп тәуекелдің ақбоз атына мінді. Көш тізгінін қолға алды. Алайда алда тұрған өтпелі кезең көпірі оңай өткел емес еді. Ол көпірде Көшбасшы бір шалыс қадам жасаса, шашылып қалу қаупі болды Бірақ бізді Құдай сақтады. Көшбасшымыз жүрістен жаңылмады. Бұл өткелден Қазақстанды аман-есен алып шықты. Қазақстан халқы сол тұста бір атаның баласындай бірікті, жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Қабырғасын көтерді. Арқа төсінде жайнатып жаңа астана салды. Әлем ақордамызға ат басын бұрды. Қазақстан Орта Азия көшін бастады. Елбасы тіліміздің жұлдызы жансын деп Ұлы Дала жазуын латын қар­піне бұрды. Себебі, тіл жұлдызы жанғанда ғана ел жұлдызы жанары анық. Елбасы тапсырмасымен ұлт санасын жаңғыртқан киножобалар өмірге келді. Әдеби жауһарларымыз әлем тілдеріне аударылды. Сондай-ақ Н.Назарбаев биыл осы ұрпақты өмірге әкелген ана­ла­рымызды да жаппай қолдап, қалың көпшіліктің алғысын алды. Елбасы тапсырмасымен бар түркінің бесігі Түркістан түлей бастады. Енді бізді бір Жаратқан Әзірет Сұлтан басында, Тұңғыш Президентіміз көтерген ту астында түгел түрік бас қосар күнге жеткізгей! Ұлы Тұран түгел түріктің тарихи арманы еді. Сол арман ақиқатқа айнала бастады.
Күршат ЗОРЛУ, түркиялық ғалым, Ахи Эвран университетінің оқытушысы, тележүргізуші:

– Қазіргі уақытта Түркияда 30 мың қазақ тұрады. Ал меніңше, 82 млн қазақ бар. Олардың жүрегі сіз­дер­мен бірге соғады. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақа­ласы қазақ халқы үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де болашаққа жол көрсеткен айқын бағдарлама. Екі жыл бұрын Түркияда әлеуметтік желі қолдану­шылары арасында сауалнама жүргіздім. Қатысушылар бірауыздан Н.Назарбаевты «Түркі әлемінің ең көрнекті және танымал тұлғасы» деп таныды. Түркі халқы Ресей мен Түркия арасындағы қақтығыстың шешілуіне айрықша үлес қосқаны үшін Елбасына шексіз алғысын білдіреді. Сирияға қатысты келіссөздер Тұңғыш Президенттің бітімгерлік қасиетін айқын танытты. Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін өз еркімен тоқтату туралы шешімін Түркияда миллиондаған халық қадағалады. Осы хабарды Түркия естігенде, жұртшылық қатты өкінішін білдірді. Ал ең қызығы сол, әлеуметтік желіде қызу пікірталас болып, жастарымыздың көпшілігі Қазақстанға келіп, Елбасыдан бұл шешімнен бас тартуын өтінгісі келді. Н.Назарбаевтың салиқалы шешімі әлемдік көшбасшылық тарихында алтын әріптермен жазылады. Себебі, мұндай шешімді тек елін ойлаған нағыз лидер ғана іс жүзіне асыра алады. Елбасы бір сөзінде «Ақ теңізден Алтайға дейінгі ұлан-байтақ жердегі түркі дүниесі ынтымақ, бірлікте болуы керек» деген еді. Бұл түсіне білгендерге, келешек ұрпаққа деген Нұрсұлтан Әбішұлының өсиеті. Оның түркі әлемінің ынтымақтастығына қосқан еңбегі ерен. Н.Назарбаев Қазақстанның ғана емес, түгел түркі жұртының Көшбасшысы, бірегей тұлғасы. Ол – Қазақстанның ғана Елбасысы емес, түркі дүниесінің Түркібасы!
Алла Чечеткина, магистрант, қазақ тілін үйренгені және насихаттағаны үшін 70-тен аса диплом иегері:

 – Мен Қостанай облы­сының киелі Амангелді ауда­нындағы Тасты аулы­ның тумасымын. Ұлтым – молдаван. Өзім қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінен сусындап өскен баламын. Негізі, қазақ тілін білу үшін мен сияқты көрші Күміс әженің мыжымасын жеп өсу керек. Ал сіздер мыжыманың қандай ас екенін білесіздер ме? Қолдың сары майы қосылып, мыжылған ыстық таба нанның дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді. Дегенмен ата-анама да алғыс айтқым келеді. Сол кісілердің ақылымен қазақ мектебінде оқыдым. Сақыпжамал деген алғашқы ұстазымның арқасында қазақ тілінің қасиетін сезіндім. Елбасының «Қазақ пен қазақ – қазақша сөйлессің!» деген сөзі мен үшін өмірлік мақсат. Сондықтан қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, мен де, ең алдымен, қазақ тіліне құрмет көрсетілуін талап етемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, тәуелсіздікке қос­қан үлесіміз немен өлшенеді? Барлық бауырымды қазақ тілін білуге, сүюге, өміріне рухани азық етуге шақырамын!


Айхан ШӘРІП