Емтиханнан сүрінген жоқ

Газет мақаласы Айқын газеті №66

Орталық сайлау комиссиясы өткен демалыс күні жұмысқа шығып, ОСК жанынан құрылған лингвистикалық комиссия отырысын өткізді. Аталған комиссия Қазақстан Президент­тігіне үміткерлерден мемлекеттік тіл бойынша емтихан қабылдады. Әзірге емтиханнан сүрінген ешкім жоқ.

Емтиханнан сүрінген жоқ
«Үміткер Дания Еспаева бі­рінші тапсырмада «Ұлы дала­ның жеті қыры» тақырыбын таңдап алды. Бұл – жазбаша жұ­мыс. Екінші кезеңде Мұқа­ғали Мақа­таевтың «Аманат» кітабын таң­дады. Үшінші тапсырма бойынша берілген тақырыпқа 15 минут сөз сөйлеуі керек. Мұнда үміткерге «Қоғам және демократия» та­қырыбы берілді. Үміткер емти­ханға бе­рілген өз уақытын толық пай­даланды. Жазбаша жұмы­сында Дания Еспаева тақырыпты жақ­сы меңгерген, сауатты, терең талдау жасаған. Екінші тапсырма бойынша, қазақ тілінің нор­ма­сына сай сөздерді анық айтып, ойын жеткізе білді. Үшінші тапсырма бойынша өзін саяси жағынан танытып, қоғамның хал-ахуалын жақсы білетінін көрсетті. Сұрақтарымызға жауап берді. Комиссия мүшелері дауыс бере келе, «Дания Еспаева мем­лекеттік тілді еркін меңгерген» деген қорытындыға келдік», – деді Қа­зақстан Президенттігіне канди­даттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвис­тикалық комиссия мүшесі Сейіт Қасқабасов. 
Сенбі күні емтиханға екі үміт­кер келді. Қазақстан Ком­мунистік Халық партиясы ұсын­ған Жамбыл Ахметбеков «Ру­хани жаңғыру» тақырыбында жазбаша жұмыс тапсырды. Екін­ші тапсырма бойынша жазушы Ілияс Есен­берлиннің «Қаһар» романынан үзінді оқып берді. Үшінші тап­сырма тала­бына сәйкес, «Ел бірлі­гі – ел­діктің арқауы» тақы­рыбында ойын 15 минутта ауызша айтып шықты. Лингвистикалық ко­мис­сия мүшесі, философия ғы­лымдарының докторы, про­фес­сор Ғарифолла Есімнің ай­туын­ша, емтихан қорытындысы бойынша комиссия үміткер Жам­был Аужан­ұлының мемле­кеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық да­уыс­пен шешім қабыл­дады.
«Ауыл» халықтық-демокра­тиялық патриоттық пар­тиясы­ның үміткері Төлеутай Рақым­беков те қазақ тілінен емтиханды сәтті тапсырды. Отырыс қоры­тынды­сын линг­вистикалық ко­миссия мүшесі, филология ғылымда­рының докторы, про­фессор, А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек баяндады. 
«Біздің күшіміз – бірлікте» тақырыбында жазбаша тап­сырма орындаған үміткер жа­зушы Мұх­тар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып берген. Үшінші кезеңде «Елорда – тә­уелсіздік тұғыры» тақырыбында өз ойын 15 минутта ауызша ай­тып берді. «Үміткер тапсырма­лар­ды орындау үшін берілген уақытты толық­қанды пайда­ланды. Комиссия мүшесінің айтуынша, барлық үш жұмысы да сапалы орындалған. Линг­вистикалық емтихан қоры­тын­дысы бойынша үміткер мемле­кеттік тілде тиісті біліктілік дең­гейін көрсетті. Лингвисти­калық комиссия үміткер Тө­леутай Сатайұлы мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы ашық дауыспен шешім қабыл­дады», – деді Ерден Қажыбек.
Лингвистикалық комиссия Президенттіктен үміткер Әмір­жан Қосанов та мемлекеттік тіл­ді еркін меңгерген деген қо­рытынды шығарды. 
Қазақ тілінен емтихан тап­сыру үшін кеше Нұр-Сұлтанға келген үміткер «ТМД тарихы мен бүгіні» деген тақырыпта жаз­ба жұмысын тапсырды. Екін­­ші тапсырмада ақын Қадыр Мырза Әлінің шығарма­ларынан мәтін оқыды. Үшінші кезенде «Өнер-білім бар жұрт­тар» деген тақы­рыпта сөз сөй­леді. Комиссия төрағасы Мыр­за­тай Жолдас­бековтің айтуын­ша, прези­дент­тік­ке кандидат емтиханның бар­лық үш кезеңі­нен сүрінбей өтті. 
«Жазба жұмысын биік дең­гейде жазып, тақырыпты терең қамтыды. Қадыр Мырза Әлі бауырымыздың өлеңін еркін, әдемі оқыды. Үшінші «Өнер-білім бар жұрттар» деген тақы­рыпта да өте әдемі әңгіме өрбітті. Біз қанағат­тандық. Сонымен, лин­г­вистикалық комиссия­сы­ның қорытындысы – Қосанов Әмір­жан Сағидрахманұлы мем­лекеттік тілді еркін меңгерген. Басқа пікір жоқ», – деді ол. 
ОСК жексенбі күні жұмысқа шығатын жөні бар. Себебі, бұл күні кандидаттарды ұсыну аяқ­талды. Осыған орай ОСК оты­рысы өтті. Қазақстан Президент­тігіне кандидаттар ұсыну кезе­ңінің қорытындысы бойынша, заңнамада белгіленген құ­жат­тарды Орталық сайлау комис­сия­сына 9 республикалық қо­ғамдық бірлестік, оның ішінде төрт саяси партия ұсынды. Олар – «Ұлы дала қырандары» республи­калық қоғамдық бірлестігі Түгел Сәді-Бекті, Nur Otan партиясы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлын, Қа­зақстан Кәсіподақтар федера­циясы Таспихов Амангелді Саты­бал­дыұлын, «Ақ жол» демократия­лық партиясы Еспаева Дания Мәдиқызын, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриот­тық партиясы Рақымбеков Төлеутай Сатайұлын, Қазақстан Комму­нистік Халық партиясы Ахмет­беков Жамбыл Аужанұлын, «Ұлт тағдыры» біріккен ұлттық-пат­риоттық қозғалысы Қосанов Әмір­жан Сағидрахманұлын, «Ха­лық демографиясы» қоғам­дық бірлестігі Әлиев Жұматайды ұсын­ды. 


Айдана БЕГІМ