Н.Назарбаев Мәскеудегі «Қазақстан» павильонының ашылуына қатысты

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильонының ашылу рәсіміне қатысты.

Н.Назарбаев Мәскеудегі «Қазақстан» павильонының ашылуына қатысты
© сурет ашық интернет көздерінен

Салтанатты рәсімге Елбасымен бірге Ресей Президенті Владимир Путин, қос елдің үкімет басшылары Асқар Мамин мен Дмитрий Медведев қатысты. Көрмедегі Қазақ ССР алғашқы павильоны алғаш рет 1937 жылы ашылған. Ол алты бұрыштан тұратын, галереялармен қоршалған, декоративті мұнарасы бар ғимаратта орналасқан еді. Ол кезде бүкіл конструкция ағаштан жасалған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін павильон жаңасына ауыстырылды. Содан кейін ол тек 1954 жылы ғана келушілерге есігін айқара ашты. Павильонның экспозициясы республиканың экономика, мәдениет, өнеркәсіп, мал және өсімдік шаруашылығындағы жетістіктерімен толтырылған еді. 50 жылдардың соңында индустрия тақырыбына арналса, 1964 жылдан бері Қазақстан павильоны «Металлургия» деп аталды. Кеңес Одағы құлағанға дейін осы атаумен өмір сүрді. Ал 90-жылдардан кейін мұнда дүкендер, кеңселер, коммерциялық музейлер мен дәмханалар жұмыс істеп келді.

2011 жылы Ресей тарапы ғимаратты Қазақстанға жалға беру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен ғимарат қайта жаңғыртылып, қасбеті, интерьері мен скульптуралық композициялар қалпына келтірілді. Орталық көрме залының үстіне шыны күмбез тұрғызылды.

Бүгін де 65 жыл бұрынғыдай павильонның кіреберіс аркасында қонақтарды ақын Жамбыл Жабаев пен Социалистік еңбек ері Шығанақ Берсиевтің мүсіні қарсы алып тұр. 

Еске сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ресей Федерациясында жүр. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-де жазды.

«Іссапар барысында Елбасы Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, Ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесі аумағындағы «Қазақстан» ұлттық павильонын аралайды және Мәскеудегі қала күні мерекесіне орай өтетін іс-шараларға қатысады», – деп хабарлады А.Үкібай. 


 

 

7фото