Дрондар дәуірі туды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №138

Қазіргі технологиялар дамыған заманда әскери дрондарды қарапайым құстардан не жәндіктерден айыру қиын болып барады. Соның дәлеліндей, биылғы жылдың басында өмірде шын болған оқиғаларға негізделген болливудтық «Ури: базаға шабуыл» (Uri: The Surgical Strike) әскери драмасы әлемдік прокатқа шықты. Онда лаңкестерді жоюда ұсқыны үкіден еш аумайтын, қанатын да дәп бір құстай табиғи қағатын дронның пайдаланылғаны суреттеледі.

Дрондар дәуірі туды

Аталған болливудтың көркем фильмі кинотеатрларда көрсетіле салысымен АҚШ пен Еуропада әлеуметтік желілерде дронға қатысты сұрақтар қардай жауды: «Фильмдегі Гаруда Үндістанда шынымен бар ма?» деп таң-тамаша болды Батыс жұртшылығы.

«Иә, бір жағынан адам сенбес технология болып көрінгенімен, бұл өмірде бар дрон және ол Үндістан әске­рінде пайдаланылады. Оның нақты атауы – Robird Drone. Ол тек әскери мақсатта ғана емес, сонымен бірге әуе­жайларда және тіпті ферма­ларда өзге құстарды үркітіп, нысандарға жолатпау үшін де қолданы­лады», – дейді Techtobyte бас дирек­торы Мукул Бедва.

Сан алуан мақсатқа қол­да­ныла бастаған пилотсыз ап­парат­тардың халықаралық қауым­дастықты айран-асыр ет­кені жалғыз бұл емес. Был­тырғы тамыз айының басында Венесуэла президенті Николас Мадуроға қатысты қастандық жасалды. Әрине, адамзат тари­хында билеушілерге жасалған қастық оқиғалары аз кездес­пейді. Бірақ бұл жағдай олар­дан күрт ерекшеленеді. Алғаш рет мемлекет басшысын дрон­дар көмегімен өлтіруге тал­пыныс жасалған. Әрқайсысы бір келі С-4 жарылғышын кө­тере ұшқан олар ел алдында сөз сөйлеп тұрған Мадуроның жанына тая­ғанда жарылуға тиіс болған.

Бұл оқиға бойынша өз пі­кірін білдірген мамандар бо­лашақта мұндай лаңкестік оқи­ғаларының саны тек кө­бейе беретінін мәлімдеді. Се­бебі, пилотсыз ұшатын ап­параттарды (ПҰА) кез келген ірі техника дүкенінде сатып алуға болады, ал одан қорғану жүйелері сонша тиімді емес. Өткен ғасырдағыдай, тек мер­ген-снайперлер атып тү­сіре­ді.


RQ-4A Global Hawk.jpg
RQ-4A Global Hawk

 

2019 жылғы 21 маусымда Иран Парсы және Оман шы­ғанақтарын біріктіретін Ор­муз бұғазы төбесінде ұшып жүр­ген Американың «Жаһан­дық қаршыға» (RQ-4A Global Hawk) аталатын ұшқышсыз аппаратын атып құлатты. Бұл оқиға Вашингтон мен Теһран арасындағы онсыз да күрделі қа­тынастарды одан ары шие­леністіріп жіберді. Тіпті АҚШ президент Дональд Трамп бұған шыдай алмай, Twitter-дегі парақшасында: «Иран өте үлкен қателікке жол берді!» деп ашуын білдірді. Өйткені бірін­шіден, АҚШ Үкіметінің есеп­ті­лік басқармасының де­регінше, мұндай пилотсыз ұшақтың әрқайсысының құны жобамен 220 миллион доллардан аса­ды. Екіншіден, ол өне-бойы аса қым­бат заманауи озық тех­нологиялармен жабдықталған.

Салыстыру үшін айталық, Ре­сей Сирияда сынақтан өт­кізген, әзірге орыс армиясына қабылданбаған, ең озық тех­нологиялармен мұздай қару­ланған бесінші буындағы Су-57 жойғыш ұшақтарының әр­қайсысының құны 34,4 мил­лион долларға (2,236 мил­­лиард рубль) бара-бар.

Осыдан келесі байлам туа­ды: ұшқышсыз ұшатын ұшақ­­тар қазірден-ақ ұшқышы бар ұшақтардан бірнеше есе қым­батқа бағалануда. Бұл жайт со­­ғыс технологияларының қай­­да бет алғанынан хабар береді.

Ядролық қолшоқпарына сеніп, ПҰА саласында арттап қал­ған солтүстік көршінің көш­басшысы болашақ қор­ға­ныс және барлау саласындағы пилотсыз технологияларда екенін түсініп, бармақ тістеп отыр.

«Болашақ соғыстары қар­сы­ласушы тараптардың бірі­нің пилотсыз аппарат­тары­ның барлығын екінші жағы жойып жібергенде-ақ аяқта­ла­тын болады. Ары қарай ол елге тек тұтқынға берілу қалады. Біз ПҰА саласында лидер емес­піз. Ал бұл экономикада да, қор­ғаныс қабілетін қамтама­сыз етуде де аса маңызды са­ла!» – деп мәлімдеді Владимир Путин тікелей таратылған «Россия, устремленная в бу­дущее» деген ашық сабақта.

Pricewater houseCoopers мә­лі­метінше, пилотсыз ұша­тын аппараттар қызметінің әлем­дік нарығының көлемі 127 миллиард доллардан ас­қан.


Жалпы, 2018 жылғы мау­сым­да америкалық TIME жур­налы дүниежүзінде «Дрондар дәуірі» туғанын көркем түрде жариялады. Осының құр­ме­тіне 958 дрон ғажап оттай ла­пылдап, жарқ-жұрқ етіп, Ка­ли­форния аспанында жаһандық танымал басылымның мұқа­ба­с­ын сомдады. Пилотсыз ап­параттар тек Сомали, Йемен, Пә­кістан, Ауғанстан және бас­қа да қақтығыс ошақтарында­ғы әскери операцияларда ғана емес, сонымен қатар медици­налық препараттарды тасы­мал­дауда, пошта және басқа да жүктерді жеткізуде, ядролық реакторларға инспекция жа­сау­да, күн тұтылғанда атмос­фераны зерттеуге, цунамидің туындау қаупін анықтауда пайдаланылады. Жасыратыны жоқ, көрші Ресейдің әскерилері мен журналистері Украина жеріндегі, сондай-ақ Сирия­дағы соғыс кезінде дрондар қыз­метіне жаппай жүгінді. Ре­сейлік телеарналар майдан да­ласынан көрсеткен бейне­жазбалардың біразы ПҰА-лар көмегімен түсіріліпті.

Pricewater houseCoopers мә­лі­метінше, пилотсыз ұша­тын аппараттар қызметінің әлем­дік нарығының көлемі 127 миллиард доллардан ас­қан.\

Пилотсыз технологиялар­мен Қазақстан армиясы да қа­рулануда. 2017 жылы аста­нада өткен кең ауқымды әске­ри парадта Қорғаныс министр­лігі тұңғыш рет отандық Қару­лы күштер иелігіндегі ұшқыш­сыз ұшатын аппараттарды жұрт­шылық назарына ұсын­ды. Бі­рақ олар Израильден алын­ған дрондар болатын. Был­тырдан бастап, ПҰА-ларды өз елімізде шығару ісі жолға қойылуда.

Елордада ұйымдас­тырыл­ған «KADEX–2018» халықара­лық көрмесінде отандық әске­ри дрондардың прототипте­рі­нің тұсауы кесілді. Оның бірін «Қазақстан ғарыш сапары» ұлт­тық компаниясы жобалап шық­қан. Көп мақсаттағы К-310 ап­параты квадракоптер секіл­ді жерден тік көтеріле алады. 1,5 сағат бойы ұшып, 1,5 келіге дейін жүк алып жүре алатын ол инфрақызыл режимде, қа­раңғылықта бейнежазба, фо­тотүсірілім жасауға қабілетті. Бұл өнім күш құрылымдарын­да барлау жасау, нысаналар­дың соңынан қадағалау секіл­ді міндеттерді атқара алады.

Ұлттық әскеріміз үшін қа­жетті ПҰА-ларды басқа да әзір­леушілер жасауға кірісуде.

– Қазақстан армиясы пай­даланатын израилдік пилот­сыз ұшатын аппараттардың әрқайсысы 1,5 миллион дол­лар тұрады. Одан әлдеқай­да арзанға түсетін, сонымен бірге тиісті ақпаратты толымды жинап, live режимінде жеткізетін отандық барлау дрондарын дайындау үшін грант берілді. Біз жылына осын­да 200-300 аппарат шы­ғара аламыз. Өзіміз әзірлеген ұшқышсыз аппараттың қана­тының ұзындығы 2 метр, 15 келіге дейін жүк көтере алады. Оның прототипін KADEX көр­месінде ұсындық. Енді ұшақ­тың сынағын өткізіп, кемшін тұстарын анықтаудамыз, – дейді KazTechInnovations бас директоры Тайыр Балбаев.

Әйткенмен, компания бай­ланыс және бейнемә­ліметтерді беру жүйелерін әзірлеуде қар­жы­лық қиындықтар көруде екен. Яғни, жергілікті әзірлеу­ші­лер мемлекеттік қолдауға зәру.

Бүгінде бұл сала тиісті заң­намамен қамтамасыз етілген. Ұшақсыз аппараттар Азамат­тық авиация комитетінде тір­келеді. Ал олардың әрбір ұшы­ры­лымы құжатталады, ұшу уа­­қы­ты мен «дәліздері» бекіті­леді.

Алайда бұл өнімнің «жан-жү­регін» – автопилотын өзі­міз­де өндірмей, бұл істе ұлт­тық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қиын. Әйтпесе, шетелден автопилотты импорттаушы­лар жатжұрттық мамандар жаз­ған алгоритмдерге бағыну­ға мәжбүр. Демек, шет мемле­кет­тің әзірлеушілері ол алго­ритмдерді пайдалануды бұ­ғат­тап тастай алады.    

Айта кету керек, қа­зақ­стан­дық пилотсыз ұшатын ап­па­рат­­тардың өндірісі Шымкент­те, «РобоАвиа» бірлескен кә­­сіпорнында жолға қойылды. Ком­панияның бас директоры Ни­­колай Пажитнев ПҰА зауы­ты­­ның Шымкентте және Түркістан облысында ашылу себебін осы жақта ауа райының қолайлы болуына байланысты жылына 220 күн бойы аппа­рат­тарды тестілік ұшыруды орындау және оларды тау, құм, дала секілді әртүрлі жер бе­дерінде сынау мүмкіндігінің барлығымен түсіндіреді.

«Біз әзірлеген және серия­лық өндіріске қойылған соңғы моделіміз – Sapsan-3000 шусыз қоз­ғалтқышқа ие, ұшу жолағын қажет етпейді және қара­па­йым. 2 келіге дейін жүк алып, 200 шақырымға және 3 мың метр биіктікке дейін 40 градус суық пен 50 градус ыстықта 2,5-4 сағат бойы ұша алады. Әзірге өз өндірістік қуатты­лығымыздың шағын бөлігі ғана іске қо­сыл­ған, егер сұ­раныс болса, жы­лы­на 200-300 дронға дейін шы­ғара ала­мыз. Аппаратта­ры­мыз­дың ба­ла­малары жоқ, оларды толы­ғымен өзіміз жасап шықтық. Біз құрастырушы цех немесе кейбіреулер ойлайтындай, ресейлік өндірушінің еншілес кәсіпорны емеспіз. Қазақ­стан­ның да төл ПҰА-ларын шы­ғара­тынына кейбіреулер сене алмай жүр, бірақ бұл – шын­дық», – дейді Н.Пажитнев.

Әйтсе де, бірлескен кәсіп­орын­ның жарғылық капита­лы­ның үлкен бір бөлігі ре­сей­лік азаматқа тиесілі. Оның үс­ті­не Ресейден, шетелден кел­ген бірқатар мамандар жұ­мыс істейді. Компания аға ме­нед­жері Александр Ли отан­дық бұл аппараттар автопило­ты­ның елімізде шығарылған отан­дық өнім екеніне сен­діре­ді. Кәсіпорын әзірге қорға­ныс­тық тапсырысты орында­май­ды, бірақ Қорғаныс министр­лігі­мен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлім етті. «Робо­Авиа» биылғы 6 тамызда Қыр­ғыз­­­станда, ҰҚШҰ елдерінің Thunder-2019 есірткіге қарсы қыз­меттерінің халықаралық жат­тығулары кезінде қазақ­стандық ПҰА-лардың әлеуетін паш етіпті.

12-13 қыр­күйек­те Қорға­ныс министрлігі өкілдері үшін отандық пилот­сыз ұшатын аппараттардың демон­с­тра­циялық ұшулары өткізіледі деп жоспарлануда. Одан бұрын Шекара қызметі үшін әскери сынақтар жүр­гізіл­ген.

Қалай болғанда, «Цифрлы Қа­зақстан» мембағдарламасы ая­сында тек Қарулы күштер мен шекара қызметі ғана емес, сондай-ақ басқа да мемор­­ган­дар адами фактор­дан арылу мақ­сатында па­трульдеу, аэро­фототүсірілім, бейнебақылау және басқа жұ­мыстарда ұш­қыш­сыз аппа­раттар қызметіне көбірек жү­гінеді деп күтілуде.