Қытайға сапар: күтеріміз көп

Газет мақаласы "Айқын" газеті №139

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қыркүйек күндеріне жоспарланған Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары қарсаңында Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді. Бұл туралы ел Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Қытайға сапар: күтеріміз көп

Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынастарының даму перспективаларына қатысты ой-пікірімен бөлісті. Күн тәртібінде тұрған екі ел ара­сындағы мәселелерден бөлек, шығыс көршінің журналисте­рін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі халықаралық қатынас­тар­дағы Қытайдың рөліне, ҚХР-дың 70 жылдық мерей­тойы қарсаңындағы жетістік­теріне берген бағасы қатты қызықтырды. Сондай-ақ ел Пре­зиденті жеке басына қа­тысты бірқатар сауалдарға жауап берді.

Сұхбат CCTV телеар­на­сы­ның эфирінен көрсетіледі.

Ал Президент көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайға алдағы мемлекеттік сапары­ның егжей-тегжейі, бағдар­ла­масы және келіссөздерден нендей нәтижелер күтілетіні жайында айтып берді.

– Біз Президент Қ.Тоқаевтың ҚХР-ға бірінші мемлекеттік сапарын мазмұнды әрі сапалы дайындауға үлкен мән беру­деміз. Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруына орай жасалғалы отырған бұл сапар­дың ҚХР-дың құрылуының 70 жылдығы қарсаңында өтуінің символдық маңызы бар. Қазір қазақ-қытай екі­жақты стратегиялық серік­тес­тігін ары қарай нығайтудың жаңа жолдарын іздеу қажет, аталған сапардың өзектілігі де осында. Мемлекеттік сапардың бағдарламасы өте мазмұнды, кестесі тығыз. ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздері жоспарланған. Оның қорытын­дысы бойынша мемлекеттер басшылары жаңа кезеңде жан-жақты стратегиялық серік­тес­тікті дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қояды деп жоспарланған, – деді Мұрат Нұртілеуов «Қазинформ» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Осының өзі көрші жатқан қос мемлекеттің екіжақты күн тәртібі және басымдықтары өзектілендірілетінін білдіреді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян­мен кездеседі деп күтілуде. Сондай-ақ Қазақстан Прези­денті Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының тұ­рақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен жүздеспек.

Мемлекет басшысы соны­мен қатар қазақстандық-қы­тайлық іскерлік кеңесінің ал­тыншы отырысына қатысу­ды жоспарлап отыр.

Мұның сыртында шың елі­не сапар бағдарламасына қытай тіліне жүйрік Қ.Тоқаев­тың Қытай қоғамдық ғы­лымдар академиясында баян­дама жасауы да кіріпті.

Ел Президентінің жұмыс кестесіндегі маңызды бір шара Чжэцзян провинциясындағы Ханчжоу қаласында ұйым­дастырылуда. Атап айтқанда, онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты әлемге таны­мал кәсіпкер, Alibaba Group компаниясының негізін қа­лаушы Джек Мамен кездесуі, Hikvision ком­па­ниясын ара­лауы жоспарланған.

Бұған қоса, сапар аясында үлкен деректерді өңдеу үшін қазақстандық тарапқа супер­компьютер беру туралы келі­сімге қол қойылатын болады. Бұдан өзге, келіссөздер нәти­жесінде, әртүрлі салада он­шақты құжат рәсімделеді деп күтілуде.