Теңге тұмаурата бере ме?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №139

Үкімет отырысында Ұлт­тық банк басшысы үлкен монитордан паш еткен, әлдебір таудай өркештен­ген сызықты диаграм­маны журналистер әзілдеп, «Досаев шыңы» деп атады. Ол графика ұлттық валютаның құн­сыз­дануы­ның «шырқау шегіне» жеткенін көрсетеді.

Теңге тұмаурата  бере ме?

1933 жылдың басында Қа­зақ КСР-інің басшылығына кел­ген Левон Мирзоянды Ста­лин еліміздегі ең биік таудағы Хан Тәңірі шыңының атауын өзгертіп, «Мирзоян шыңына» айналдырғаны үшін айыптап, кейін атқызып тастаған екен.

Тәуелсіздік арқасында қазір кеңестік тоталитарлық режим жоқ, ешбір адам елімізде ату жазасына кесілмейді.

Дегенмен билік өкілдері тұрғызған кейбір «шыңдар» халықтың алаңдаушылығын, тіпті ыза-наразылығын ту­ғы­зып отырғаны жасырын емес. Мәселен, Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев теңгенің не себептен үздіксіз құнсызданып бара жат­қанын түсіндірмек болды. Оған сенсек, бұған мұнай баға­сын жоғары деңгейде ұстап тұра алмаған ОПЕК, сонымен қатар АҚШ-тың санкциялық қыспағына шыдас бере алмай, рублін сәл төмендетіп алған көрші Ресей, одан қалды сауда соғысы барысында өз тауары­ның жаһандық бәсекеге қабі­леттілігін арттыра түсу үшін юанын әдейі әлсіреткен Қытай кінәлі сияқты. Сонда көршілер түшкірген сайын теңге тұмау­рата бере ме?

Сөзбе-сөз қаржылық реттеу­шінің басшысы былай деді:

– Өткен айда ұлттық ва­лютаның айырбастау баға­мы 1 АҚШ доллары үшін 385,1-387,73 теңге аралы­ғын­да өз­герді. 9 қыркүйектегі сау­да нә­ти­жесі бойынша айыр­бастау ба­ғамы 1 доллар үшін 386,48 тең­геге теңелді. Осы­лай­ша, жыл басынан бері 0,6 пайызға әл­сіреді. Бұған сыртқы факторлар әсер етті. Қазақ­стан­ның сыртқы сауда әріптес­терінің валю­та­лары АҚШ долларына қатысты әлсіреу үр­дісін көрсетті. Та­мызда ре­сейлік рубль 5,1 па­йызға, яғни 1 АҚШ долларына шаққанда 63,4-тен 66,6 рубльге дейін, ал Қытай юаны 3,9 па­йызға – 6,9-дан 7,2 юаньға дейін әлсі­реді, – деді Е.Досаев.

Бұған қоса, ҰБ теңге құн­сыз­дануына мұнай бағасының тамызда 7,3%-ға – 65,2-ден 60,4 долларға дейін төмендеуін кінәлі санайды.

Досаев мырза теңгенің құл­дырауына соқтырған ішкі фак­торларды, мәселен, тәуелсіз экономистер айтып жүрген экономиканың шектен тыс мұнайға тәуелділігін, өңдеу секторының басымдыққа ие болмағанын, орта бизнестің экономика ұстыны мәртебесіне дейін жетілмегенін, экспорт­тың алға басқан қадамы кері кетіп жатқанын және басқа да түпкі, шешуші себептерді ауызға да алмады.

Жалпы, теңге бұрыннан талай девальвацияны бастан кешірді, соған бой үйретіп алса керек, Ұлттық банк басшыла­рының оған қатысты түсінік­темелері де бір-біріне ұқсас келеді. Демек, тұйықтан шығу үшін жаңадан жол іздеуден гөрі көне сүрлеулерге көбірек сүйрейді. Әйтпесе, «рубль мен юань құлдырамасын» деп шарт қойып отыратындай, теңге олардың құдасы ма, әлде қарын бөлесі ме еді?!

Шенеуніктер тұрғызған тағы бір «шың» онсыз да де­вальвациядан қажыған бұқа­раның еңсесін езуде: бағалар ай өткен сайын басқа шауып, төске өрлеп барады. Ресми мәліметке жүгінсек, инфляция наурыздағы 4,8%-дан өткен тамызда 5,5%-ға дейін өскен.

Баға қымбатшылығы ха­лықтың «алқымынан» алуда: бағаның ең көп көтерілуі тамақ өнімдері саласын жайлап отыр. Жыл басынан бері азық-түлік тауарларының бағасы кем дегенде 9%-ға артқан.

Одан халық кең тұтынатын өзге өнімдер де қалысар емес: азық-түліктік емес тауарлар­дың құны 5,7%-ға ұлғайды.

Үкімет жиынында ашық айтылғандай, тамақ өнімде­рінің қымбатшылығы инфля­цияға ең көп үлес қосуын жал­ғастыруда. Соның ішінде азық-түлік инфляциясының шама­мен 60%-ы жекелеген тамақ түрлерінің еншісіне тиесілі екен. Атап айтқанда, ет – 12,8%-ға, нан және тоқаш өнім­дері, сондай-ақ жармалар – 12,6%-ға қымбаттаған.

Айтпақшы, Ұлттық банктің түсіндіруінше, осы тауарлар бағасының өсуіне олардың шетелге экспортқа көптеп шы­ғарылуы түрткі болуда: «Тауар­лардың бұл санаты оларға де­ген әлемдік бағалардың және экспорт көлемінің өсуі аясында қымбаттады», – деді Ерболат Досаев.

Әйтпесе, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мысалға, қой еті құнының ша­рықтауына Қытай, Өзбекстан және араб елдеріне экспорттың күрт артуының еш қатысы жоқ деп сендіріп баққан.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) мәліметінше, әлемдік тұтынудың артуы, ал азық-тү­лік қорының керісінше, азаюы салдарынан 2019 жыл басынан бері дүниежүзінде азық-түлік бағасы 5,1%-ға өскен. Бірінші кезекте, бұл ет пен астыққа қа­тысты. Сондықтан қазір қа­зақстандық өндірушілерге өз өнімдерін ішкі нарықтан гөрі, жаһандық «қара базарға» апа­рып сатқан әлдеқайда пайдалы болуда. Отандық ет өндіру­ші­лерінің экспорттық бағасы жыл басынан бері 36%-ға, ал экспортының көлемі бірден 2,8 есеге ұлғайды! Астық экспор­тының құны шамамен 12%-ға қымбаттады. Сарапшылар байламынша, азық-түліктің әлемдік бағасының одан әрі өсуі 2020 жылы да ішкі азық-түлік инфляциясына әсер етуін жалғастыруда.

Елімізде ипотека да қым­бат­тауы ықтимал. Өйткені Ұлттық банк 9 қыркүйекте ба­залық ставканы 9,25%-ға дейін көтерді. Осыған орай жасаған мәлімдемесінде қаржылық рет­теуші елді қымбатшы­лық­тың бұдан да биік белестері күтіп тұруы мүмкіндігін меңзеп өтті.

«Нақты инфляцияның сер­піні соңғы айларда біздің бол­жамымыздан жоғарырақ дең­гейде қалыптасуда. Та­мызда инфляцияның жылдық көр­сеткіші 5,5%-ға дейін өсті, ал біздің алдыңғы баға­лауымыз 5,1-5,2% болатын. Болжамдық раунд нәти­же­сінде алдағы 6 айда инфля­цияның өсу қар­қыны жедел­дейді деп күтеміз. Біздің соң­ғы бағалауымыз инфля­ция­ның жыл соңында 5,7-5,8% деңгейінде қалып­та­сатынын көрсетіп отыр. Ал­дың­ғы бол­жамымыз тек 5,5% болатын. Бұл ретте бірқатар қо­салқы инфляциялық фак­торлардың әсері 2020 жыл­дың І тоқса­нында инфля­цияның ныса­налы дәліздің жоғары шегінен де шығып кетуі тәуе­келін туындатуда», – деді Ұлт­тық банк төрағасы.

Бұдан бөлек, кейбір өңірлер де антирейтингте жаңа шың­дарды бағындыруда. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жыл басынан бері үш өңірдің аутсайдерлер қатарын­да екенін жағы талмай айтып келеді. Бұл сөзін кеше де қайта­лауына тура келді.

– Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қала­ларының бірнеше көрсеткіші төмендеуде. Маңғыстау облы­сында – құрылыс, инвести­ция­лар, тұрғын үйлерді пайда­ла­нуға беру, өнеркәсіп салалары, Нұр-Сұлтанда – тұрғын үй­лерді іске қосу, инвестициялар тарту, құрылыс көлемі, ал Шым­­кентте – инвестициялар, кен өндіру және құрылыс ау­қымы құлдырауда. Биылғы 8 ай қоры­тындысында бірқа­тар көрсет­кіш бойынша орнық­ты серпін сақталуда. Дегенмен төрт өңірде меморандумдарда бекітілген жалпы өңірлік өнім­нің (ЖӨӨ) нысаналы өсіміне қол жеткізбеу қаупі бар. Бұл Маң­­ғыстау, Батыс Қазақстан, Ал­­маты және Жамбыл облыс­тары, – деді бас экономист Р.Дәленов.

Мұны естіген А.Мамин ар­т­та қалған өңір басшыларынан жауап алды.

– Серікбай Өтелгенұлы, сіз­дерде құрылыс қарқыны тө­мендеген. Бар болғаны жоспар­дың 74 пайызы ғана! Инвести­цияның өсу қарқыны жоспар­дың небары 83 пайызы деңге­йінде болды, – деді Премьер.

Маңғыстау облысының әкі­мі С.Трұмов биыл бірнеше көр­сеткіштің кері кеткенін мо­йындады.

– Мәселен, өнеркәсіптің нақ­ты көлем индексі тек 98,8 пайызды құрады. Негізгі себеп – жыл басында мұнай өндіру көлемінің азаюы: был­тырғыдан 7 мың тоннаға кем өндірілді. 2019 жылы өндіру­дің күтілетін жылдық көлемі 38 миллион тонна. Нақты кө­лем индексін 100,3 пайызға жет­кізу жоспарлануда. Инвес­тициялар көлемінің кему се­бебі, өткен жылы ірі жобалар есебінен қаржы мол құйылды. Атап айтқанда, паром кеше­нінің құрылысы жүрді, баржа және мұнай платформасы қо­мақты қаржыға сатып алынды. Биыл ондай жоқ. Қазіргі кезде компаниялармен өз өндірісіне инвестициялық салымдар салу жөнінде нақты жұмыстар жүр­гізілуде, – деген аймақ басшысы жыл соңына дейін инвес­ти­цияны қалыпты жағ­дайға жет­кізуге тыры­сатынын жеткізді.

Үкімет жетекшісі Асқар Мамин кері тартқан өңірлерге жағдайды «аса қысқа мерзімде түзетуді» қадап тапсырды.

Өз кезегінде орталықтағы министрліктердің біразы елге кесірі мол «игерілмеген қар­жы» деген шыңға шығып ал­ғаны әшкереленді. Премьер ве­домство басшыларынан ол «шыңнан» қашан түсе­тін­дерін сұрауға мәжбүр болды.

– Бірқатар бюджет әкім­ші­лері ел қаржысын игермеген. Ең көп соманы игермегені: Ішкі істер министрлігі – 10,9 мил­лиард теңге. Ерлан Заман­бек­ұлы, не себеп? – деді А.Ма­мин ІІМ басшысына қайы­ры­лып.

– Арнайы автокөліктерді жеткізу бойынша 3,5 млрд ­тең­геге тендер өткізілген. Бұ­ларды – 32 өрт сөндіру автобас­палдақтарын және 40 автоцес­тернаны Семей автоқұрастыру зауыты құрастырады. Жет­кі­зу­ші қазір үлгермей жатыр. 1 қа­занға дейін орындап біті­реді. Тағы 2,6 миллиард теңге әскери бөлімдерге және ко­ло­нияларға қатты және сұйық отын жет­кізуге бөлінген. Жет­кізілімдер бүкіл Қазақстан аумағында жүруде. Қыркүйек айының соңына дейін иге­реміз, – деп уәде етті Ішкі істер министрі.

Қорғаныс министрлігі иге­рілмеген 10,3 млрд теңгені, Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігі – 10 млрд теңгені, Мәдениет және спорт министрлігі – 7,2 млрд теңге­ні, Индустрия және ин­фра­құ­ры­лымдық даму минис­тр­лігі –  4,9 млрд теңгені жыл аяқтал­ған­ша, қажетке жаратуға сөз берді.

Қалай болғанда, келешекте Үкімет пен әкімдер ел басшы­лығы қойған 5,5 пайыздық эко­номикалық өсімге шығу­лары қажет. Әзірге 2019 жылғы 8 айда Қазақстан ЖІӨ-сінің өсімі 4,3%-ды ғана құрады.