Бұршақтұқымдас дақылдар алқабын кеңейту қажет

Газет мақаласы Айқын газеті №67

Мұрат БАЙТҮГЕЛҰЛЫ,
Қазақ мал шаруашылығы және азық өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері:

Бұршақтұқымдас дақылдар алқабын кеңейту қажет
– Мал шаруашылығының дамуы жоғары сапалы азық өндіру жүйесіне тікелей байланысты. Ал елімізде өндірілетін мал азығы төрт түліктің қыстан қысылмай шығуына жете ме?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын шаруашылықтардағы азық қоры 75-80 пайызды құрайтын. Қазіргі кезде азық қоры төмендеді, бұл малдан мол өнім алуға кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені ұсақ жеке шаруашы­лықтар, әсіресе, солтүстік пен шығыс өңірлерде малдың қоректік азығынан бұрын оның басын сақ­тап қалуды қарастырады. Ал ірі ша­руашылықтар малды азық­тан­дыру рационымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Олардың пішен, жүгері сүрлемі (силос), пішендеме (сенаж), түрлі дәнді азықтар және азық қоспаларын толығымен даяр­лауға да, сатып алуға да мүмкіндігі жетеді. Ал малмен жан бағып отыр­ған шаруа қожалықтар пішен, са­бан және дәнді құнарлы азықтардың 1-2 түрін ғана малына беруге шама­сы келеді. Мұндай азықпен қорек­тенген малдың жем-шөбінде про­теин, қант, крахмал, минералды эле­менттер мен дәрумендер жетіс­пейтіні белгілі. Ал ондай малдан алынатын өнім төмен, сапасы талапқа сәйкес келмейді. 
– Ендеше, мал азығы қорын дұрыс ұйымдастыру қажет қой, бұл ретте қандай іс шара қолға алынып жатыр?
– Жем-шөп қоры оның құра­мындағы мал азығының мөлше­рі­мен, оның сапалық көрсеткіш­терімен бағаланады. Ондай сапалық көрсеткішке азықтың химиялық құрамы, энергиялық, құрылымдық қоректілігі мен биологиялық әсерлігі, яғни құнарлығы жатады. Оларды жете зерттеп, азық құнарын физиологиялық, биохимиялық және гигиеналық тұрғыдан бағалау қажет. Бағалауда жем-шөп сапасы мен қоректілігіне ықпал ететін дайындаудағы ферментативтік және биохимиялық үдеріс өзгеріс­терін есепке алу керек. Бұл үдеріс­тердің өрістеуі, көп жағдайға, дайындауға шабылған өсімдіктердің өсіп-жетілу кезеңіне, дайындау мен сақтау әдісіне тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінде мал азығының алғашқы көрсеткіші саналатын химиялық құрамын зоотехникалық зерттеу жобасымен ғана анықтау­мен шектелмей, оны сақтау бары­сында орын алатын ферменттеу мен ашыту өнімдерін де анықтап, олардың мал түлігінің ас қорытуына ықпалын ескеру қажет. 
Жем-шөп қорын молайтуды ұйымдастыру үшін ірі қара малға азықты дұрыс ұйымдастырып, 100 пайызға көлемін арттыру қажет. Ерекше көңіл аударатын мәселе – бұршақтұқымдас дақылдарына арналған егістік алқапты кеңейту керек. Өйткені бұл дақылдар құра­мында протеин мөлшері көп бол­ғандықтан, сүрлем, пішендеме, жоғары сапалы пішен дайындауға мүмкіндік береді. Табиғи егістік алқаптарда шабылған пішенді бос күйінде кептіріп дайындау техно­логиясы кең таралған. Бірақ бұл ұтымды технология емес, өйткені мұндай кептіру үрдісінде қоректік заттардың азаюы 30-40 пайызды құрайды. Бұл кезде пішеннің қуат мөлшері және азық сапасы күрт төмендейді. Сондықтан престелген тең немесе рулонды шөп құрамын­дағы қоректік заттар жақсы сақ­талады. Жем-шөптің сапасы мен жақсы сақталуын арттырудың кеңі­нен таралған тиімді және сенімді әдісі – химиялық препараттармен консервілеу және сақтау техноло­гиясын қолдану. Таратып айтсам, сүрлемді консерванттау, пішен­демені бұршақтұқымдас дақылда­рынан даярлау, пішенді қарқынды желдету. 
– Жем-шөп өндірісін дамытуда қандай өзекті мәселе бар? 
– Республикамызда табиғи жа­йылымдардың көлемі мол болға­ны­мен, түсімі төмен және жыл мау­сымына қарай шығымы құбылып отырады. Сондай-ақ шөлді аймақ­тың жазықты болып келетіні және топырак құрылымының тозуы, құмақ және құмшауыт топырақты алқаптардың басымдығы, күшті өкпек желдің толассыз соғуы, кли­маттың өзгеруіне байланысты қуаң­шылықтың белең алып жат­қаны белгілі. Жайылымды игеру барысында бұл маңызды мәселелер ескерілмейді, оларды жүйесіз қол­дану етек алды, азық түрінде сақтау мен пайдалану арасындағы теңес­тірілген қатынас сақталмады, со­ның салдарынан онсыз да эколо­гия­сы күрделі шөл жайылымдар тозып, мал қорек алатын өсімдік бай­лығы сирей бастады. Сайып кел­генде, мұның бәрі мал шаруа­шы­лығының дамуына кері әсер етіп, ауыл шаруашылығы еңбек­кер­лерінің тұрмыс-тіршілігінің нашарлауына, қоршаған ортаның экологиялық дағдарысқа ұшыра­уы­на әкеп соқтырып отыр. Сондықтан жайылымның азып-тозуын тоқтату, шұрайын көтеру, нарықтық жағ­дай­да қалыптасып келе жатқан түр­лі меншік субъектілерінің жа­йылымдық мал шаруашылығының дамуын тұрақтандыру бүгіннің өзекті мәселесі дер едім. 
Мал азығына физиологиялық тұрғыдан мал қорегіне жарамды, денсаулығы мен өнімділігіне зиян­сыз, тіршілігіне қажетті қоректік және биологиялық әсерлі заттарды жеткізетін өнімдер жатады. Оларды мал түлігі сүйсініп жейтін, ас қоры­туына жұғымды, қоректік затта­рының қорытылуы мен сіңіріліп, игерілу дәрежесі жоғары болуы керек. Мал азығының жұғымды­лығы оның химиялық құрамына, азыққа дайындалу мерзімі мен технологиясына, сақталу жағда­йына, өндеуден өткізу әдісі мен тәсілдеріне, жегізу көлемі мен тәр­ті­біне, басқа да факторларға тәуелді өзгереді. Өсімдік түрі, өсу кезеңі (вегетация фазасы), ауа райының жағдайы, жинау мен сақтау агротех­никасы, басқа да көптеген фактор­ларға байланысты өзгеретін мал азығының нақты химиялық құра­мын анықтау үшін орташа үлгісін алып, зертханаларда талдайды. Республикамыздың әр аймағында өсіп-өнетін жем-шөптің химиялық құрамы қоректік заттарға тапшы немесе шамадан тыс болып келеді. Сондықтан да қазіргі кезде малдан алынатын өнімді арттырып, сапа­сын жоғарылату, төлдерді аман алып қалу мақсатында табиғи сүтті алмастырушы қоспа, құрама жем, минералды премикс, азықтық ашытқылар мен азықтық қоспалар малға құрылатын азықтандыру рационына енгізіледі.
– Жоғарыда ірі мал шаруашы­лықтары мал азығын қамдауға қау­қарлы екенін айттыңыз, ал жеке шаруашылықтардың қорасындағы малдың жағдайы не болмақ? 
– Мал азығының құрамы мен ­қо­ректілігі дайындау технология­сы мен сақтау жағдайына байла­ныс­ты да біршама өзгереді. Мәсе­лен, ­ша­былған өсімдік клеткасында өріс­тейтін биохимиялық және мик­­ро­­биологиялық үдерістер өсім­дік қо­­ректік заттарын, бір жағынан, ­ыды­­ратса, екінші жағынан, сол өз­ге­рістер барысында пайда болатын жаңа қосындылармен байытады. 
Ал ірі шаруашылықтарда ма­ман­дар малға толыққанды азықтан­дыру рационын құру үшін заманауи азық қоспаларын қолданып, ра­цион құндылығын көтеріп, малдың қоректік заттарға мұқтаждығын қанағаттандырады. Бірақ қазіргі кезде мал басының басым бөлігі кішігірім жеке шаруашылықтарда өсірілетіндіктен, малды дұрыс азық­тандырып, азықтандыру нә­ти­жесін күнделікті бақылап, шаруа­шылық жем-шөп қорын үнемді жұмсап, мол өнім алу үшін құрама жем, минералды премикс секілді азық қоспаларын сатып алуға қау­қарсыз. Сондықтан да мемлекет та­рапынан азық және азық қоспа­ла­рын сатып алуға субсидия түрінде көмек жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Мал азығын өндіретін зауыт­тардың отандық нарықты қамта­масыз етуге қауқары жете ме?
 – Малдан мол әрі сапалы өнім алу жолында құрамында амин қышқылдарымен, минералдық элементтермен, витаминдермен қанықтырылған азық және азық қоспаларын шығаратын өндірістер шаруашылықтарға шығарған өнім­дерінің экономикалық тиімділігін дәлелдеп келеді. Ондай зауыттар саны көбейіп жатыр. «Кормовик», «Эфко Алматы», «Крупы Востока», «Вита Профи», «Элест компаниясы» сынды мекемелер сөзіме дәлел. 
Мал азығына сұраныс өскен сайын бағаның мың құбылатыны белгілі. Жем-шөптің бағасы қалай болып жатыр?
– Мал шаруашылығы халықты биологиялық құндылығы жоғары сүт, ет, жұмыртқа секілді азық-түлік өнімдермен қамтамасыз етумен қоса, жеңіл және өңдеу өнеркәсібіне қажетті жүн, тері, қауырсын секілді бағалы шикізат та өндіреді. Алайда осы циклдардың үздіксіз жүріп тұруына көптеген кедергі бар. Тең­генің құнсыздануына және шетел­дік валютаның шарықтауына бай­ланысты көктемгі жерді жырту, оны өңдеу, тұқым себу науқанында, қыс­қы мерзімге жем-шөп ору, оны жи­нау, тасымалдау, сапасын жо­ғалт­пайтындай сақтау шараларын жүзеге асыру барысында жанар-жағармайдың, техникаға қажетті бөлшектердің қымбаттауы кіші ша­руашылықтарға, шаруа қожа­лық­­тарына кері әсерін тигізеді. Осы кезең аралығында жем-шөптің ­ба­ға­сы да шарықтайды. Мәселен, ірі азық­қа жататын жоңышқа пі­шені – 20,25 тг/кг, шырынды ­азық­қа жататын жүгері сүрлемі – 10,45 тг/кг, құнарлы дәнді азықтар: арпа – 70 тг/кг, күнбағыс шроты – 110 тг/кг, жүгері – 72 тг/кг, соя 225 тг/кг құрайды. Аталған азықтар бағасы тұрақты емес, өйткені аталмыш өндірістерде жем-шөптің бағасы бір-біріне сәйкес келмейді. 
– Фермерлер, шаруа қожалық­тары, мал шаруашылығымен айна­лысатын мамандарға малды азық­тандыруға байланысты арнайы дәріс өткізіле ме? 
– Қазіргі жағдайда әрбір ма­манды еңбекке баулып, үйретіп бәсекеге қабілетті етіп, білімі мен білігін шыңдау – малмен айналы­сатын шарушылықтардың міндеті. Малды толыққанды азықтандыру және жоғары сапалы азық даярлау, малға санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес жағдай жасау үлкен табысқа жеткізеді. Осы орай­да фермерлер, шаруа қожалықтары және мал шаруашылығымен ай­на­лысатын мамандарға білім беру орталықтарында дәрістер өткізілген соң, мамандар тест сұрақтарына жауап береді. Ондай дәрістерге озат шаруашылықтардың тәжірибесі негізге алынып, арнайы бағдарлама дайындалады. Мәселен, Меркіде, «Байсерке – Агро» шаруашылы­ғын­да, Қостанайда, Шығыс Қазақ­станда дәріс өткізілді. Алдағы уа­қытта дәрістер мен семинарлар Қа­зақ мал шаруашылығы және азық өндірісі ғылыми-зерттеу инс­ти­тутында ұйымдастырылады. 
Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ