Қ.Тоқаев Жоғары ЕЭК отырысында ЕАЭО-дағы өзекті мәселелерді атады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тауар айналымы азайып кеткенін мәлім етті.

Қ.Тоқаев Жоғары ЕЭК отырысында ЕАЭО-дағы өзекті мәселелерді атады
«Еуразиялық экономикалық одақ – әлемдік сауданың дамуында маңызды да көрнекті орынға ие болды. Біздің одақ сыртқы серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық. Алайда, нарық тез өзгеріп бара жатқан коньюктурасы, державалар арасындағы өсіп келе жатқан бәсекелестік, сауда соғыстары, протекционизмнің өсуі – әлемдік экономиканың тұрақсыздығын тудырып отыр»,– деді Қ.Тоқаев Ереванда өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында. Қазақстан басшысы осы тұрғыда бірқатар мәселелерге назар аудару керек екенін айтты. «Біріншіден, БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемде туындаған сауда соғыстары келесі жылдың басында әлемдік экономиканы 850 млрд доллардан 1 трлн долларға дейінгі шығынға ұшыратуы мүмкін. Өндіріс қарқынының бәсеңдеуі, жаһандық ауқымда инвестициялардың қысқаруы жалпы әлемдік ЖІӨ-ні 1 пайызға азайтуы мүмкін. Бұл – өте ауқымды сандар. Әлемдегі экономикалық өсімнің төмендеуі, бұл мәселенің сауда серіктестеріміз ЕО-да, Қытайда айтарлықтай білінуі – біз үшін де жағымсыз жайға апаруы ықтимал. Осы жылы тауар айналымының қысқарғанын байқап отырмыз. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, ЕАЭО елдерінің үшінші елдермен тауар айналымы 2 пайызға азайған. Одақ елдерінің өзара тауар айналымы 5 пайызға дейін – 28 млрд долларға дейін қысқарды. Бұл – жағымсыз тенденция»,– деді ол. Мемлекет басшысы Одақ ішінде Қазақстан экпортының азайып бара жатқаны алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. «Қазақстанның ЕАЭО елдерімен экспорты 6 пайызға дейін қысқарды. Әлбетте, бұл мәселеге келгенде объективті экономикалық себептер бар. Алайда, әкімшілік кедергілердің барын жоққа шығармаймыз. Бұл ретте, мемлекеттеріміздің берік экономикалық өсімін қолдауымыз керек. Бұған тек шынайы әрі өзара тиімді ынтымақтастық, интеграция мен кооперация арқылы қол жеткізе аламыз»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы «Хабар 24» арнасында тікелей эфирден көрсетілді.
Армения астанасында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Арменияның Премьер-министрі Николай Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты.