ЕАЭО-да тауар айналымы азайғаны алаңдатып отыр

Газет мақаласы "Айқын" газеті №151

Кеше Армения астанасы Ереванда Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Іс-шараға ЕЭК-ке мүше бес ел Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения басшылары қатысты.

ЕАЭО-да тауар айналымы азайғаны алаңдатып отыр

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында сөз алған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерінің тауар айналымы азайып кеткенін мәлімдеді.

– Біз Еуразиялық экономикалық одақ келісімінің әр әрпі мен рухын мүлтіксіз сақтай отырып, экономикалық интеграцияға тың серпін беруіміз керек. Бүгінгі отырыс біздің интеграциялық бір­лестіктің ары қарай дамуына үлес қо­сарына сенімдімін. Еуразиялық эконо­микалық одақ – әлемдік сауданың дамуында маңызды да көрнекті орынға ие болды. Біздің одақ сыртқы серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық. Алайда нарық тез өзгеріп бара жатқан коньюктурасы, державалар арасындағы өсіп келе жатқан бәсекелестік, сауда соғыстары, протекционизмнің өсуі – әлемдік экономиканың тұрақсыздығын тудырып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан басшысының айтуын­ша, бұл тұрғыда бірқатар мәселелерге назар аудару керек.

«Біріншіден, БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемде туындаған сауда соғыстары келесі жылдың басында әлемдік экономиканы 850 млрд доллардан 1 трлн долларға дейінгі шығынға ұшыратуы мүмкін. Өн­діріс қарқынының бәсеңдеуі, жаһандық ауқымда инвестициялардың қысқаруы жалпы әлемдік ЖІӨ-ні 1 пайызға азай­туы мүмкін. Бұл – өте ауқымды сан­дар. Әлемдегі экономикалық өсім­нің төмендеуі, бұл мәселенің сауда серік­тестеріміз ЕО-да, Қытайда айтарлық­тай білінуі біз үшін де жағымсыз жайға апаруы ықтимал. Осы жылы тауар айналымының қысқарғанын байқап отырмыз. 2019 жыл­дың бірінші жартыжылдығының қоры­тын­дысы бойынша, ЕАЭО елдерінің үшінші елдермен тауар айналымы 2 пайызға азайған. Одақ елдерінің өзара тауар айналымы 5 пайызға дейін, яғни 28 млрд долларға дейін қысқарды. Бұл – жағымсыз тенденция», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы одақ ішінде Қазақстан экспортының азайып бара жатқаны алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Қ.Тоқаев атап көрсеткендей Қазақстанның ЕАЭО елдерімен экс­порты 6 пайызға дейін қысқарған. «Әл­бетте, бұл мәселеге келгенде, объек­тив­ті экономикалық себептер бар. Алай­да әкімшілік кедергілердің ба­рын жоқ­қа шығармаймыз. Бұл ретте мем­ле­кет­теріміздің берік экономикалық өсімін қолдауымыз керек. Бұған тек шынайы әрі өзара тиімді ынтымақтастық, интеграция мен кооперация арқылы қол жеткізе аламыз» деді Қазақстан Президенті.

Айта кетсек, Армения астанасында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Арменияның премьер-министрі Николай Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Сондай-ақ отырысқа ЕАЭО мүше мемлекеттердің көшбасшыларынан бөлек Молдова президенті Игорь Додон одақ жанындағы бақылаушы-мемлекет басшысы ретінде келсе, Иран президенті Хасан Рухани мен Сингапурдың премьер-министрі Ли Сянь Лун құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы ба­рысында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Қ.Тоқаев Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесіп, сауда-экономикалық ын­ты­мақтастықты кеңейту туралы келісім жасасты. Ол туралы Тоқаев Twitter-де: «біздің елдеріміз барлық бағыттарда сенімді және ашық диалог орнатты» және «мәдени-гуманитарлық байланыстар дамып келеді» деп атап өтті.

Ақорданың сайтында хабарлағандай, кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық серіктестік және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. «Біздің сауда-экономикалық қатынастарымыз жа­қында күшейе түсті. Менің ойымша, біздің әлеуетіміз әлдеқайда зор. Біз бұл мүмкіндікті іске асыру үшін жұ­мыс істеуіміз керек, Еуразиялық эконо­ми­калық одақ елдеріміз үшін жаңа мүм­кіндіктер ашады» деді Армения премьер-министрі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңес аясында Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лунмен және Иран президенті Хасан Рухани­мен кездесуде мемлекетаралық ынты­мақ­тастық пен сауда-экономикалық саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісім жасасты. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті. «Ереванда Беларусь президенті Александр Лукашен­комен достық кездесу өтті. Оның екі­жақ­ты бай­ла­ныстарымызды дамытуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймын. Бірлескен жұмыстарымыз Қазақстан мен Беларусьтің ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге ықпал ете береді деп сенемін»,– деп жазды Мемлекет басшысы twitter парақшасында.

Айта кету керек, отырыстың күн тәртібінің басты тармағы – ЕАЭО мен Сингапур арасындағы еркін сауда айналымы туралы келісім болды. Аталған құжат ЕАЭО елдері үшін 600 млн адам халқы бар АСЕАН ұйымы мемлекеттерінің нарығына жол ашады. «Қазіргі таңда Жоғары кеңестің оты­рысында Сингапур мемлекетімен еркін сауда жүргізу туралы келісімге қол қойыл­ды. Сингапур – біздің одақпен келісімге келген Вьетнаммен бірге екінші мемлекет. Иран Ислам Республикасымен сауда-экономикалық, логистикалық ынтымақтастық орнатудың да маңызы зор. Ирандық әріптестерімізбен бірге біз осы жылдың 27 қазанында күшіне енетін еркін сауда жөніндегі Уақытша келісімнің әлеуетін толыққанды пайдалана ала­мыз»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті жаңа серік­тес­термен сауда-экономикалық байла­ныстарды нығайтудың маңызы зор еке­нін атап өтті. Жоғарғы Еуразиялық эконо­микалық кеңес жиынында мем­ле­кет басшылары ЕАЭО алдағы жылға арналған бюджеті, Көлік және энергетика саласындағы заңнаманы үйлестіру бойынша бірқатар шешімдер қаралып, ЕАЭО-ның ортақ Қаржы нарығын және оның негізгі бағыттарын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілді.