Орынды өзгеріс өрге бастайды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №152

Одақтасқан жақсы. Бірақ оның ба­­­ры­сында қастерлі «үш Т» – тәуел­­­сіз­дік, теңдік және тиім­ділік сақ­­­тал­ға­ны маңыз­ды. Олай бол­­­ма­ғасын, КСРО-да одақтас рес­пуб­ли­калар ор­талықтан талай құқай мен қия­нат көрді. Қазақстан бұл та­­­рихтың қай­талануына қазір жол бе­­рілмейтінін анық аңғар­туда. Ел Пре­­зиденті Қ.Тоқаев ЕАЭО аясында әкім­­ші­лік ке­дер­­гілер, сауданың шек­­телуі жә­не бас­­қа түйткілдер жойылуы тиіс екенін нықтады.

Орынды өзгеріс өрге бастайды

Армения астанасы Ереванға са­­пар­ла­ған Қазақстан Президенті бірқатар екі­­жақты кез­десуден кейін Жоғары Еу­ра­зия­лық эко­но­ми­калық кеңестің ша­ғын жә­не кеңейтілген құрам­дағы оты­рыстарына қа­тысты.

Еуразиялық одақ елдері бас­шылары­ның саммитіне Қ.Тоқаевпен бірге, Бе­ла­русь пре­­зиденті Александр Лу­ка­­­шен­ко, Қыр­ғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей пре­­­зи­денті Владимир Путин, Ар­мения пре­мьер-министрі Никол Пашинян, сон­дай-ақ Еуразиялық экономикалық ко­мис­сия алқа­сының төрағасы Тигран Сар­кисян жиылды. Бұдан бөлек, ша­раға ЕАЭО жанындағы бақы­лаушы мем­­лекет басшысы ретінде Мол­дова пре­зиденті Игорь Додон, со­нымен қа­тар құрметті қонақтар – Иран Ислам Рес­публикасының президенті Хасан Ру­хани және Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лун қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық эко­номикалық одақ әлем­дік сауда-сат­тықты дамытудың маңыз­ды бір буынына айналғанына се­нім біл­дірді.

Ол нарықтағы жылдам өзге­ріп жат­қан ахуал, державалар ара­сын­дағы бә­­­секелестіктің артуы, сау­да соғысы, про­текционизмнің өршуі жаһандық эко­номиканың тұрақсыздығына түрткі бо­латынын атап өтті. Сондықтан Мем­­ле­кет басшысының байламынша, қауіп­ті процестерді еңсеру үшін бірқатар проб­ле­малар­ды шешуге баса мән беру керек.

Ең алдымен, дүниежүзінде, әсіресе, не­гізгі сауда әріптестеріміз саналатын Еу­­ропалық одақ пен Қытайда эконо­ми­калық өсім қарқынының баяулауы ЕАЭО елдеріне де кері әсер етуі ықти­мал. Биыл одақ аясында өзара алыс-бе­ріс кө­лемінің қысқаруы тіркелуде. 2019 жылд­ың бірінші жартысының қо­ры­тын­дысы бойынша Еура­зиялық ода­қ­тың өзге елдермен тауар айналымы 2%-ға төмендеді. Қынжылтатыны сол, одақ­тас бес мемлекеттің өзара сауда-сат­ты­­ғы 5%-дан артыққа – 28 миллиард дол­­лар­ға дейін құлдырап кеткен. Мұны ел Президенті «алаңдататын үрдіс» деп ата­ды.

– Бізді әрине, қазақстандық өнімдер экс­­портының қысқаруы толғандырады. Қа­зақстанның ЕАЭО елдеріне өткізген экс­­порты 6,3%-ға азайды. Бұл ретте оның эко­номикалық себептері де бар. Алайда біздің тауар­лар ал­дына әкім­шілік кедергілердің қойылуы фак­­тілерін де ескерусіз қалдыра ал­­май­мыз. Дүниежүзінде қалыптасқан күр­делі жағдайда мемлекеттеріміздің ор­нықты экономикалық өркендеуін қам­тамасыз ету тө­тен­ше маңызға ие. Бұ­ған тек шынайы әрі өзара тиімді ын­ты­мақтастық, интеграция мен коо­пе­рацияның арқасында ғана қол жет­­кізуге болады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ол «ортақ ішкі нарықтағы кедергі­лер­ді жою жұмыстарын жалғастыру ке­ректігін» қадап айтты. Жалпы, одақ ішінде еркін сауда үшін қажетті ке­лі­сім­шарттар қабылданды, нормативтік база қалыптастырылды. Де­ген­мен іс жүзінде ұлттық нарықтарда жер­гілікті тауар өндірушілерді қорғауға деген ұм­тылыс кей жағдайда ол уағдаластықтардың тиім­ділігін жоққа теңелтеді. Одақтас өніміне де тос­қауыл қою үшін әртүрлі сараптамалар ен­гізіледі. Федералдықтан тыс, өңірлік дең­гейлерде де қаптаған қосымша талаптар қойы­лады, ресми емес бұйрықтар мен тап­­сырмалар бері­леді. Салдарынан, ве­домстволық, өңірлік шешімдер ЕАЭО аясын­дағы келісімдерге нұқсан келтіреді.

Оның үстіне мұндай шектеулердің ен­гі­­зілуі БАҚ арқылы барынша кең жария­ла­нады. Осы арқылы одақтастың қандай да бір кәсіпорнының, тіпті тұ­тас саласының тұ­тыну­шылар алдын­дағы беделіне дақ тү­сіріледі. Қ.Тоқаев мұн­дай тәжірибелерге жол беруге бол­май­тынын, себебі олар интеграция қағи­даттарына қайшы келетінін ескертті.

Мұның сыртында ЕАЭО соты әу бас­та өзіне жүктелген мақсат-міндет­терге то­лық­қанды сай еместігі ашық ай­тылды. Бұл құрылым кез келген мем­лекеттен және олар­дың атқарушы билік органдарынан тәуел­сіз жұмыс істейді деп күтілген. Бұл сот­тың қабылдаған қо­рытын­дылары тек кеңес-ұсыным сипатына ғана ие. Кесірінен, тараптар оның шешімдерін орындай бер­мейді.

Келесі бір көкейкесті мәсе­ле ретін­де жаһан­дық нарықтар то­ғысында ор­на­ласқан Еу­ра­зия­лық одақтың ора­сан әлеуетін пай­далануы тиіс­тігі алға тар­тылды. Қа­сым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО ая­сындағы көлік-логистикалық ын­­ты­­мақ­тастықта қол жеткізілген нә­­ти­желерге тоқталды.

– «Қытай – Еуропа – Қы­тай» ба­ғы­тын­­­дағы транзиттік опе­ра­­­циялар мен экспорт-импорт кө­лемінің тұрақты ар­тып келе жат­қаны байқалады. «Вьет­нам – Қы­тай – Қазақстан – Еу­ро­па» бағытында трансқұрлық те­­­міржол же­лісі іске қосылды. Ол Оңтүстік-Шы­ғыс Азия елде­рі­­нің қауым­дастығына кіре­тін мемлекеттер нарығына біз­­дің тауарларды шығарудың ло­гистикалық мәселесін шешеді. Атал­ған көлік дәлізі теңіз тасы­ма­лына жақсы балама және Оң­түстік-Шығыс Азиядан ЕАЭО мем­­лекеттерінің аумағы арқылы Еу­ропа­ға қысқа мерзімде жүк жет­кізуге мүмкіндік береді, – де­ген Қазақстан Президенті Еу­ра­зия­лық экономикалық комис­сия­ға және ел үкіметтеріне одақ­тың «Біртұтас транзиттік жүйесін» түзу жұмыстарын жеделдетуді ұсынды.

Бірқатар жетістіктерге қа­ра­мас­тан, күні бүгінге дейін сан­к­цияға іліккен тауа­рлардың Қа­зақстанға тасымалы жә­не еліміз аумағы арқылы өзге ел­дер­ге тран­­зиті кезінде қиындықтар тууда. Мемлекет басшысының па­­йым­дауын­ша, мұның барлығы ЕАЭО елдерінің бір-бірімен және өзге мемлекеттермен ынтымақ­тастығына кері ықпал етуде.

Тағы бір өзекті мәселе – озық тех­но­логия­ларды тарту үшін қызықты жә­не қолайлы ор­та түзу. Әйтпесе, Еу­ра­зиялық одақ елдеріне өркениеттің даму жо­лының шетіне шығып қалу қаупі төнеді. Мұндағы басымдықты ба­ғыт – экономикаларды цифр­лан­дыру. Одақ ая­сында 2017 жы­лы «Цифрлық күн тәртібі» қа­былданды. Алайда осы са­ладағы бір­лескен табысты жобалар тура­лы мәлімет жоқ.

Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұлтанов Қа­зақ­стан Президенті «кейбір қа­­­тысу­шы мемлекеттер байқа­ғы­­сы келмейтін» та­қырыпты кө­тергенін мәлім етті.

– Біз биыл ЕАЭО елдеріне жет­кі­зі­ле­тін қа­зақстандық экс­порттың тө­мендегенін тір­кеп отырмыз. Рас, әлем­дік эко­но­микадағы жалпы ахуал­мен бай­ланысты экономикалық се­беп­тер де баршылық. Әйткенмен, одақ­тастарымыз нарықтарындағы ке­дер­гі­лер де мұнда үлкен рөл ат­қарады. Бар­лық елде кәсіпкерлік та­бысты жұ­мыс істеуі үшін ын­ты­мақтастық пен кооперация қа­жет. Ол барлық ел үшін тең шарт­ты, протекционизмсіз және іш­­кі жасырын шектеулерсіз болуы тиіс, – деді Б.Сұлтанов жур­на­листерге берген сұхбатында.

Жоғары Еуразиялық эко­но­ми­калық кеңес­тің күн тәртібіндегі басты мәселе – осы одаққа мүше мемлекеттер мен Син­гапур ара­сындағы Еркін сауда ай­мағы туралы келісімге қол қою бол­ды. Келісім ЕАЭО елдері үшін 600 мил­­лион халқы бар АSEАN қауым­дас­ты­ғы мем­лекеттерінің алып нарығына жол ашады. Осы орайда, Қ.Тоқаев үде­мелі түрде өсіп жат­қан нарықтармен сау­да-экономикалық бай­ланыстарды өр­кендетудің және бұл бағыттағы ке­ліссөздердің жоғары қарқынын сақ­тау­дың маңызына екпін тү­сірді.

– ЕАЭО болашағы – оның Оңтүстік-Шы­ғыс Азия ел­дері­нің қауымдастығы, Шанхай ын­­ты­мақтастық ұйымы және басқа да ірі халықаралық ұйымдармен бай­ланысын жолға қоюында. Бүгінгі Жо­ғары кеңестің отырысы барысында Син­гапурмен еркін сауда аймағы тура­лы келісімге қол қойылды. ЕАЭО Вьет­­намды қоса алғанда, екінші ел­мен осындай келісім бекітті. Иран Ис­лам Рес­пуб­ликасымен де сауда-эко­но­микалық және логистикалық ын­­тымақтастықты дамыту – маңызды мә­селе, – деп түйді Қасым-Жомарт То­қаев.

Саммит отырысы соңында Мем­лекет бас­шысы Қ.Тоқаев ЕЭК алқасының тө­рағасы Тигран Саркисянды ІІ дәрежелі «Дос­тық» орденімен марапаттады. Жо­ғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындысында 20 құжат қабылданды.

Президент сонымен бірге «Еу­разия кон­тинентінің транзит­тік әлеуеті» фору­мы­на қа­тысты. Мұндай форматтағы іс-шара ЕАЭО үшін жаңалық болды. Фо­румда көлік-логистика саласын дамыту, одақтас елдердің тран­зиттік мүм­кіндіктерін нығайту мә­селелері талқыланды.