Шекара шегенделген күн

Газет мақаласы "Айқын" газеті №156

Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанның Сыртқы істер министрлері мемлекеттік шекаралардың Түйісу нүктесі туралы келісімді ратификациялау туралы хаттамаға қол қойды. Бұл тарихи рәсім сыртқы саясат ведомстволары басшыларының Ашхабадтағы кездесуі кезінде болды.

Шекара шегенделген күн

Құжатқа Қазақстан жағынан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Түркіменстан тара­пы­нан осы елдің СІМ басшысы Ра­шид Мередов, ал Өзбекстаннан Сыртқы істер ведомствосының басшысы Абдулазиз Камилов қол қойды. Үшжақты кездесу ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысының қарсаңында өтті.

Тарихшылардың айтуынша, бұл үш елдің арасында ешқашан мем­лекеттік шекара болмаған. Бағ­зы замандардан бері ел-жұрты­мыз төскейде малы, төсекте басы қосылып, араласып жатқан. Кезін­де Еуропа және Ресей зерттеушілері бұл өңірдегі мемлекеттік бірлес­тік­тердің саяси шекаралары халық­тар­дың этникалық орналасу тер­ри­­торияларымен сәйкес келе бер­мейтінін жазып қалдырған екен.

Мәселен, Қазақ хандығы құра­мына әр кезде Өзбекстан, Түркі­менстан және басқа да көршілес ұлыстардың жерлері кірген. Қоқан хандығының аумағы заманауи Қазақстанның оңтүстігінде, Өз­бек­стан, Қырғызстан және Тә­жік­стан жерлерінде жайылып жатқан. Бұқара әмірлігі Өзбекстанның қазіргі оңтүстігін, Түркімен­стан­ның шығысын және Тәжікстанды қамтыған.

Азия, Еуропа, Америка мен Африка құрлықтарындағы өзге елдерден ерекшелігі сол, Орталық Азиядағы ірі өзендер – Сырдария, Әмудария, Іле, Зеравшан, Теджен, Мургаб та халықтарымызды бөле алмапты. Бұл өзендер мемлекетте­ріміздің шынайы ішкі геосаяси шегіне айналмады. Тек Ресей және Британ империяларының өткен ғасырлардағы Орталық Азияға бас­қыншылығы ықпалымен дәс­түр­лі геосаяси кеңістіктің «ком­прес­сиясы» жүріп, ақыры ол Еуро­па­ға тән құрылымданған жаңа аумақ­тардың пайда болуына әкелді.

Әйтпесе, ХХ ғасырдың ба­сында Мұстафа Шоқай, одан кейін Тұрар Рысқұлов құрамына Қазақ­станның оңтүстігі, сондай-ақ Өз­бекстан, Қырғызстан мен Түркі­менстан кіретін алып мемлекет – «Түркістан автономиясын» құруға күш салғаны, бірақ ол идея ор­талықазиялық мұсылман халық­тар­дың бірігуінен шошынған Мәс­кеудің қуатты қарсылығымен басып-жаншылғаны мәлім.  

Енді орталықазиялық үш мем­лекет өз шекараларының түйісер тұсын ХХІ ғасырдың екінші он­жылдығы түгесілер тұста белгілеп отыр.

Аталған келісімге сәйкес, үш елдің арасындағы мемлекеттік шекара бір-бірімен Үстірт ауда­нында қабысады. Осылайша, үш елдің арасындағы делимитация үде­рісі аяқталды. Және бұл мемле­кеттеріміз арасында бұдан былай ешқандай жер дауы болмайтынын білдіреді.

Қазақстанның Өзбекстанмен арасындағы шекарасының ұзын­дығы – 2 351 шақырымнан асады, ал Түркіменстанмен ортақ шека­расының ұзындығы – 458,3 шақы­рымды құрайды.

Еліміздің Сыртқы істер ми­нистр­лігінің хабарлауынша, қазақ-өзбек шекарасын шегендеу үдерісі 2000-2002 жылдар аралығында өтті. Оның бірінші кезеңінде ше­ка­ра сызығының ұзына-бойының 96 пайызы бірден анықталған және тиісті келісім түрінде рәсімделді. Ал қалған даулы тұстар 2002 жылғы 9 қыркүйекте астанада Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қол қойған «Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының жеке­леген учаскелері туралы шартпен» шешілді. Шекараны демарка­ция­лау, яғни шекаралық белгілерді ор­нату жұмыстары 2004 жылы бас­талды. Қазіргі уақытта ол жұ­мыс­тар қорытынды кезеңіне шыққан.

Қазақ-түркімен шекарасында ешқандай даулы мәселе туында­мап­ты, келіссөздер 2000-2001 жыл­дары аяқталды. Тараптар тіпті 1972 жылы Қазақ КСР-і мен Түр­кімен КСР-і арасында келісілген шекара сызығын өзгертуге қатыс­ты ешбір ұсыныстар білдірмеді. Сөй­тіп, 2001 жылғы 5 шілдеде елор­да­мызда екі елдің мемлекеттік шека­расын делимитациялау және де­мар­­кациялау процесі туралы шарт­қа мемлекет басшылары қол қойды. Шекаралық белгілерді ор­натуға елдеріміз 2005 жылы кірісіп, бірер жыл бұрын аяқтады. 450-ден астам шақырымда 330 қада қа­ғылған.

СІМ дерегінше, Қазақстанның мемлекеттік шекарасында шектес елдердің шекараларымен төрт түйісу нүктелері бар. Соның ішінде Қазақстан – Қытай – Ресей, Қа­зақстан – Қытай – Қырғызстан, Қа­зақстан – Қырғызстан – Өзбек­стан шекараларының түйісу нүк­тесі туралы келісімдер бекітіліп, күшіне еніпті.

Қазақ елінің айналасында дос­тық пен қауіпсіздік белдеуін құру ісі осылай берік рәсімделіп, бақ-береке бастауына айналып отыр.