Жаһандық рейтингте 55-орындамыз

Газет мақаласы "Айқын" газеті №156

Кең жайлаған жемқорлық, күйзелістен шықпайтын қаржы жүйесі, сондай-ақ суды шексіз «сімірсе» де шұратқа айналмайтын шөл секілді, қанша қаржы салғанымен өркен жаймайтын инновация еліміздің алға басқан қадамын кері тартуда.

Жаһандық рейтингте 55-орындамыз

Бұл Дүниежүзілік эконо­ми­калық форум жариялаған 2019 жылғы «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» рейтингі­нен анық көрінеді. Бірден айта­лық, онда Қазақстан 141 ел ара­сында 55-орынға ие болды. Осылайша, 4 тұғырға биік көтерілді.

Мемлекетіміздің ХХІ ғасыр ортасында әлемдегі дамыған отыздыққа кірген-кірмегенін бағалауда басты бір бағдар сана­ла­тындықтан, бұл жаһан­дық рейтингке ерекше мән берілуде. Рейтинг ел нары­ғының көлемі, инновациялар ендіруге қабілеті, жемқорлық, инфрақұрылым сапасы, азамат­тарының денсау­лы­ғы сияқты 103 индикатордан, соның ішінде 55 статистикалық және 48 сауалнамалық көрсет­кіштен құралатын 12 фактор бойынша бағаланады.

Олар арасында Қазақстан 5 фактор бойынша өз жағдайын жақсартты. Ал 4 фактор бойын­ша керісінше, нашарлау тіркел­ді. Қалған 3 фактор бойынша позициялар өзгермеді.

Өзге елдермен бәсекеде ілге­рі­леуіне серпін берген Қазақ­станның артықшы­лық­тарына ке­ле­сі факторлар жата­ды: «Ең­бек нарығы» – 25-орын (5 тұ­ғыр­­ға биіктеді) және «Бизнес­тің қарқындылығы» – 35-орын (2 позицияға жақсар­ды).

Факторлардың тағы бір тобы бойынша қазақ елінің орны «орташа деңгейде» деп бағаланды: бұлар «ақпараттық-коммуни­ка­циялық технология­лар­ды енгізу» – 44-орын (өзге­ріс­сіз), «Нарық көлемі» – 45-орын (өзгеріссіз), «Институт­тар» – 64-орын (3 позицияға на­­шарлады), «Инфра­құрылым» – 67-орын (2-ге көтерілді), «Мак­ро­экономи­калық тұрақ­ты­лық» – 60-орын (2-ге жақ­сар­ды), «Дағдылар» – 57-орын (өз­геріссіз) және «Тауар­лар на­ры­ғы» – 62-орын (5-ке на­шар­лады).

Енді кері кеткен салаларға тоқ­талсақ. Олар бойынша респуб­ликамыз көш соңында қалып келеді. Мәселен, отан­дық денсаулық сақтау жүйе­­сі нашар баға алды: «Ден­сау­лық» бағытында Қазақстан 2 тұ­ғырға көтерілгенімен, 95-орын­да тұр. «Қаржы жүйе­сі­нің» дағдарыстан құтылып, беті бері қарайтын түрі жоқ: нәти­же­сінде, 104-орын және был­тыр­ғыдан 4 позицияға нашарлау. «Инно­вациялық әлеует» бо­йын­ша мемлекетіміз 95-орын­ға дейін, 8-орынға құлдырады. Ал сы­байлас жемқорлық жөнінен 107-орында.

таблица.JPG

Әділін айту керек, Қа­зақ­стан бірнеше көрсеткіш бойын­ша әлемдік көшбасшы: корпо­ративтік басқару сала­сын­дағы акционерлердің құ­қықтары, қаржы жүйесінің тұ­рақ­тылығы саласындағы несие­лік аражік және бизнес­тің дәрменсіздігі мәсе­лелері жө­нін­дегі норма­тивтік база ба­ғыт­тарында 1-орын­­ға ие. Бұдан бөлек, элек­тр­мен жаб­дық­тау дәрежесі бойынша Қазақстан дүние­жүзінде 2-орынды, биз­нес­ті ашу құны бойынша 7-орын­ды иеленді.

2019 жылғы рейтингте Американы орнынан ысырған Син­гапур көш бастады. Лидер­лердің бестігіне АҚШ, Гонконг, Нидерланды және Швейцария кірді. ТМД елдері арасында Ре­сей көшбасшы: 43-орнын сақ­тап қалды. Одан кейін Қа­зақ­стан (55), Әзірбайжан (58), Ар­мения (69), Грузия (74), Ук­раина (85), Молдова (86), Қыр­ғызстан (96), Тәжікстан (104) орналасқан.

Дүниежүзілік эконо­микалық форумның төрағасы Клаус Шваб қандай елдердің көбірек табысқа жеткенін айтты: ол үшін инфра­құры­лым­ды өркен­детуге, еңбек біліктілігіне, ғы­лы­ми зерт­теулерге және аз қам­тылған азаматтарды қорғау­ға екпін түсіруі керек. Ал Қа­зақ­станға «қаржылық саланы дамытуға, инновациялық әле­уетті жүзеге асыруға, құры­лым­­дық өзге­рістер үдерісін ілгері­летуге кеңес берілді.


Елдос СЕНБАЙ