Қазақстанның 5 аймағы неге жарықсыз қалды?

Қазақстанның 5 аймағы неге жарықсыз қалды?

KEGOC-тың мәліметінше, 5 қаңтар шамамен сағат 17:41-де Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесі (БЭЖ) тарапынан (шамамен 800 МВт) қуаттың күрт артуынан Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесінің (БЭЖ) Солтүстік-Оңтүстік транзитінің қатарлас жұмысының тұрақтылығы бұзылған.

Осыған байланысты жабдықтар зақымданбас үшін автоматты түрде Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің 500 кВ-тық үш әуе желісі және 220 кВ-тық бір әуе желісі ажыратылды.

Салдарынан Қазақстан БЭЖ-і мен Орталық Азия БЭЖ-нің Оңтүстік аймағы жиілігі 48,31 Гц-ке дейін төмендеді. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды және Түркістан облыстары бойынша шектеу көлемі 959 МВт болды.

KEGOC қызметкерлері ақауға байланысты жедел жұмыс істеді. 17:51-де Қарағанды облысы бойынша шектеулерді алып тастады. 17:58-де Оңтүстік аймақ Қазақстан БЭЖ-мен синхрондалып, Қазақстан энергия жүйесінің тұтастығы қалпына келді. Сағат 18.15-те барлық шектеулерді алынды.

Ақау өзбек энергетикалық жүйесінен шыққан. Онда Талимарджан ГРЭС-інде 450 МВт екі бу-газ қондырғысы ажыратылған. Электр станцияларында генерация төмендеген.