«Ақша төлесең болды» – жалға берілетін үйден ер адамның мәйіті табылды

«Ақша төлесең болды» – жалға берілетін үйден ер адамның мәйіті табылды

КТК арнасының хабарлауынша, марқұм бір бөлмені жалдап тұрған екен. Ал жапсарлас бөлмедегі екі көршісі түтінге тұншығып, күйік шалып ауруханаға түсті.

Ақтөбе қалалық ТЖБ басшысы Айбат Жаңабергенов: «Өрт орнынан ер адамның мәйіті табылды. Тергеу басталды. Өрттен тағы екі адам зардап шекті. Олар ауруханаға жеткізілді», – деді.

Өрт болған үйдің қақпасын қожайындары құлыптап ешкімді кіргізбейді. Аулада тек техникалық тексеруге келген тек криминалистер жүр. Мұндағы қос қабатты үйдің барлық бөлмесі жалға беріледі. Дәл орталық базар қасында тұрған үйден адам қарасы үзілмейтін көрінеді. От тұтанған кезде іште 10 шақты адам болған. Барлығы сыртқа шығып үлгерген. Тек 49 жастағы әйел мен 62 жастағы ер адам түтінге тұншығып есінен танып қалған. Екеуі де ауруханаға жеткізілді. Ал 36 жастағы тұрғынның денесі үйінді астынан табылды. Көршілер өрт ішімдік ішкендердің кесірінен тұтануы мүмкін деп отыр. Өйткені пәтерді жалға алушылардың көбі ішімдік ішетін көрінеді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Көбікті Байдулин: «Өрт неден шығады? Арақтан шығады. Көп ішеді. Ал комендант қарамайды. Оған бәрібір ақша төлесең болды. Бөлмесін алды, бітті», – дейді.