Түркістан облысы, Кентау қаласында Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, Кентау қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев көпшілікті еліміздегі ең маңызды мерекемен құттықтады.
«ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат қажет» деген сөзі бар. Сондықтан біздің алдымызда ұлттық бірлігімізді, байтақ жерімізді, азаттығымызды мәңгі сақтап қалу міндеті тұр. Осы ұлы миссия жолында бәріміз жұмыс істеуіміз керек. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы тапсырмасымен Nur Otan партиясында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Партия қатарына, елдік мүддеге жұмыс істейтін шынайы патриот адамдарды тартуға басымдық беріп жатырмыз. Ал патриотизм адалдықпен, еңбекпен, руханиятпен үндессе ғана мәнді болмақ», – деді ол.
Филиал төрағасының бірінші орынбасары қоғамға еңбек сіңіріп жүрген бір топ азаматқа партияның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін тапсырды. Сонымен қатар еңбегімен дараланған азаматтар «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің құрмет грамотасымен марапатталды. БАҚ өкілдері мен Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарға Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының алғысхаттары тапсырылды.
Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажанов көпшілікті Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Салтанатты жиында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы мен облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған «Желтоқсан оқылымдары» жас ақындар мүшәйрасының жүлдегерлері марапатталды. ҚР Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған жыр додасына 28 ақын қатысты. Нәтижесінде қазылардың шешімімен бірінші орынға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенті Дәурен Тілеухан ие болды. Жеңімпазға 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Екінші орынға Мейір Оразғали иелік етсе, үшінші орынды Нұрман Бақнұр (екеуі де Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ) еншіледі. Сондай-ақ 10 ақынға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Осы байқау облыста талантты ақындар шоғыры өсіп келе жатқанын аңғартты. Ынталандыру сыйлығына ие болғандар арасында Жетісай, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласының өрендері ерекше көзге түсті.
Кентау қаласындағы мәдениет үйінде өтетін кеш концерттік бағдарламамен түйінделіп, патриоттық әндер шырқалды.
Осы күні Кентау қаласы, Хантағы ауылында Желтоқсан көтерілісінің 33 жылдығына орай ұлт қаһарманы Қ.Рысқұлбековтың ескерткішінің қасында еске алу іс-шарасы өтті. Тағылымды басқосуға Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы мен Кентау қаласының әкімдігінің басшылығы, партия өкілдері және қоғам белсенділері қатысып, аллея маңына көшет отырғызды. Жиында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың естеліктері тыңдалып, оқушылар ұлт қаһармандарына арнаған өлеңдерін оқыды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, ұлт үшін құрбан болған өрендердің рухына құран бағышталды.