Партияның орталық аппаратында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Nur Otan партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің отырысы өтті. Онда Кәмелетке толмаған азаматтар жасайтын қылмыстардың алдын алу, қылмыстың санын азайтуға бағытталған іс-шаралар, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол-көлік оқиғаларының профилактикасы, аталған мәселелердің бүгінгі жай-күйі талқыланды.
Дөңгелек үстелде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев баяндама жасап, жиынға қатысушылардың сауалына жауап берді. Ол биылғы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 2 082 қылмыстық іс тіркелгенін де баса айтты (2018 жылы – 2 050 қылмыстық іс).
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне тоқталған баяндамашы қатысушылардың назарын бірінші кезекте халықаралық тәжірибеге аударды. Мәселен, Канадада полиция көмегіне жүгінетін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына істі сотқа беру міндеттілігі және сотқа дейінгі татуласуға байланысты оны тоқтату мүмкін еместігі туралы ескертіледі екен.
Кеңес отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» тақырыбында баяндама жасады. Белгілі болғандай, биыл елімізде 3,5 миллионнан астам түрлі жол ережелерін бұзу оқиғалары тіркелген. Ал мас күйінде көлік тізгіндегендердің 24 мың фактісі анықталған. 1 миллионнан астам жүргізуші жылдамдықты асырып, жол жүру ережесін бұзған. Сондай-ақ 165 мың жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны белгілі болды.
– Іс-шаралардың тиімділігін арттыру және жолдағы өлім-жітімді азайту мақсатында ІІМ қауіпті учаскелерді визуалды түрде бейнелейтін аймақтық авариялар картасын жасады. Автоматтандырылған бейнежазу жүйесі де белсенді енгізіліп жатыр. Қазір елімізде 8 000-нан астам арнайы камера орнатылды. Олар жыл сайын 2 миллионға жуық жол ережесін бұзу фактілерін анықтайды, – деді Марат Қожаев.
Іс-шара барысында Мәжіліс депутаттары Нұрлан Дулатбеков, Мұхтар Тінікеев, Гүлнар Бижанова, Балайым Кесебаева және т.б. сөз сөйлеп, бірқатар маңызды әрі өзекті мәселелер талқыға салынды.