Индустрияландырудың келесі бесжылдығы аясында Қазақстан технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен «ақылды» өндіріс деңгейіне көшуі қажет. Дәстүрлі түрде өткен Индустрияландыру күніне және «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын ұлықтау рәсіміне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай міндет қойды.
Қ.Тоқаев халқымызды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Елбасының мықты мемлекет қалыптастырудағы және ел экономикасын нығайтудағы рөлін атап өтті.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тәуелсіздікті жариялау бір басқа, ал оны ұстап тұру одан да қиын әрі маңызды. Елбасының басшылығымен өткен 28 жыл ішінде Қазақстан орасан зор табысқа қол жеткізді. Индустрияландыру елдің экономикалық дамуының берік негізін қалыптастырды. Бүкіл еліміз бойынша 1300-дей жаңа өндіріс орны іске қосылды. Соның нәтижесінде, соңғы он жылда өндеу секторындағы өндіріс көлемі 3 еседен астам ұлғайды, – деді Мемлекет басшысы.
Ол өңдеу өнеркәсібіне 34 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылғанын мәлім етті. Қазір бұл сектордағы экспорт көлемі
30 пайыздан асып, 165 миллиард долларды құрады. Қазақстанда шығарылған өнім әлемнің 120-дан астам еліне жеткізіледі.
– Индустрияландыру әлемдік дағдарыс кезінде экономикамыздың дамуына тың серпін берді. Экономиканың көптеген саласы мен секторының түрі, құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. Металлургия саласында рельс, сым-темірлер, радиаторлар және басқа да болаттан жасалған көптеген дайын өнім шығарыла бастады. Елімізде алюминийдің бастапқы түрін қайта өңдеу ісі ілгеріледі. Бүгінде Қазақстан әлемдегі титан өндіретін елдердің қатарына қосылды. Бұрын шығарылмаған титан құймалары мен қорытпалары секілді өнім түрлерін өндіру игерілді, – деді ел Президенті.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, машина жасау саласын дамытуға жағдай жасалған. Бұл өндіріс көлемін 8 есе арттыруға мүмкіндік берді. Биылғы 10 ай ішінде 38 мыңнан астам автомобиль шығарылды.
Келесі 2020 жылы индустриялық дамудың үшінші бағдарламасын іске асыру басталады. Жаңа бағдарлама да бұрынғылары сияқты 5 жылға есептелген. Президенттің пайымдауынша, бұл мембағдарлама экономиканың құрылымдық түрлену-трансформациясының басты факторына айналуға және өзге салаларға мультипликативті әсер етуі тиіс.
– Біз жеке сектордың әлеуетін барынша пайдалана отырып, экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін дамытуға бет алдық. Индустрияландырудың ІІІ бесжылдығын жүзеге асыру кезінде алдыңғы бесжылдықтардың кемшіліктері ескерілуі және нақты қайта өңдеуші өнеркәсіп құрылуы қажет. Сондай-ақ бағдарлама келесі міндеттерді – өңделген өнім экспортын арттыру, елімізде шығарылатын өнімді технологиялық тұрғыдан «күрделендіру», сапалы, тұрақты жұмыс орындарын ашу міндеттерін шешуге тиіс, – деп нықтады Қ.Тоқаев.
Индустриалдық саясаттың түпкі мақсаты – экономиканың өсімін орнықты ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Ел Президенті бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер барлығын баса айтты. Демек, шын ниет пен ынталы жұмыс керек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бес жыл ішінде, кем дегенде 200 қазақстандық компанияны толық цифрландыру міндетін белгіледі.
– Отандық өндірісті жаңғыртудың тағы бір өзекті және маңызды бағыты – 4.0 индустриясын дамыту. Қазіргі уақытта осы бағытта бүкіл еліміз бойынша қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландырудың пилоттық жобалары қолға алынып жатыр. Барлығы 7 модельді цифрлық фабрика таңдалды. Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай цифрлық технологияны енгізген өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың санын 200-ге дейін жеткізу мақсаты тұр. Бұл әрине, күрделі міндет. Бірақ Үкіметтің және барлық атқарушы органдардың қолынан келеді деген ойдамын. Нәтижесінде, технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен «ақылды» өндіріс деңгейіне өту қамтамасыз етілуі қажет. Осылайша, өндіріс толық автоматтандырылады және роботтандырылады, – деп түйді Мемлекет басшысы.
Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес нысандарына арналған «Парыз» республикалық конкурсының жеңімпаздарын және «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттады.