Израиль тарабы бұл акцияны Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арнап отыр.
Израильдің Қазақстандағы елшілігінің бастамасымен Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 17 желтоқсанның түн жарымында Тель-Авив қаласы әкімдігінің қасбеті Қазақстан туының түсіне боялады.
Израиль елшілігінде елдің бас қалаларының бірінде өтетін бұл ерекше акция екі мемлекет арасындағы достық пен сыйластықтың белгісі екенін айтты.
Израиль елшілігінің Қазақстан азаматттарына арналған ресми құттықтауында: «Құрметті достар, Израиль мемлекетінің елшілігі Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтайды! Осындай қонақжай елге бейбітшілік, бақыт пен жарқын болашақ тілейміз!», – деп жазылған.
Тель-Авив – Жерорта теңізінің шығыс жағалауында орналасқан қала. Халық саны бойынша елдегі екіншщі ірі қала. 2018 жылғы санақ бойынша мұнда 440 мыңнан аса адам мекендейді. Тель-Авив Израильдің мәдени және экономикалық орталығы болып саналады. Ел астанасы – Иерусалимнен батысқа қарай 65 шақырым қашықтықта орналасқан..