«Бүгін, 14 қаңтарда арнайы бригада оларды коронавирус жұқтырған науқастарға арналған бұрынғы туберкулез ауруханасына апарды. Онда кіруге болмайды. Маргарита Владимировна Олжасқа қарағанда ауыр халде. Дәрігерлер оларға көмектесуге тырысып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қолдан келгеннің бәрін жасауда. Мен олардың қызы Мәдинамен сөйлестім. Оның айтуынша, алаңдауға айтарлықтай себеп жоқ. Ем қалыпты жүріп жатыр», – деп жазды белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин Facebook желісіндегі парақшасында.
Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері де Олжас Сүлейменов пен оның зайыбы коронавирус жұқтыруына байланысты ауруханаға жатқызылғанын растады. Алайда басқарма өкілдерінің айтуына қарағанда, ерлі-зайыптылар ауруханаға журналист айтқан сәттен сәл ертерек түскен.«Олжас Сүлейменов пен зайыбы РВ-90 ауруханасына жатқызылды. Олар 5 қаңтардан бері ауруханада коронавирус инфекциясының жеңіл түрі диагнозымен ем қабылдап жатыр. Қазір ерлі-зайыптылар жазылды. Жағдайларының жақсы болуына байланысты ертең, 15 қаңтарда олар аураханадан шығарылып, ем қабылдауды үй жағдайында жалғастырады», – деді басқарма өкілдері.