Биыл сайлауалды компания барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда Қазақстан мен Ресей волонтерлер форумына қатысты. Шара барысында жастар Мемлекет басшысына 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялауға ұсыныс жасады. Қ.Тоқаев Жастар жылының логикалық жалғасы болсын деді ме, жас өрендердің бетін қақпай, сол жерде келер жыл еріктілердің белгісімен өтетінін жария етті.
Біздің қоғамда волонтер десе, ірі шараларда бірдей киім киіп, жол көрсететін немесе көше тазалап, ағаш отырғызатын, болмаса ардагерлерге ара-тұра көмек қолын созатын жастар ойға оралатыны белгілі. Еріктілік тек жастардың еншісіндегі іс секілді. Ересектерге қатысы шамалы. Олар сенбілікте көшеге шыққанды қоғамға қосқан үлкен үлес ретінде бағалайды. Осындай көне түсінік қалыптасқан.
Көмек артты. Алайда соңғы жылдары «еріксіз» ерікті болып жатқан азаматтарымыз да баршылық. Мәселен, кейбір аудандарды айтып келмес апат шалса, жұрт жабылып, жылу жинауға тырысады. Биыл оқ-дәрі атылған Арысты еске алайық. Одан қалды, түрлі науқасқа ұшырағандардың есепшотына шамасы келгенше қаржысын жібереді. Қомақты қаражат жиналсын деп түрлі шараларды тегін ұйымдастыратындар да бар. Бұл бір жағы қайырымдылық болса, екінші жағы волонтерлік. Яғни, елдің жағдайы түзеле бастаған соң өзгеге көмек, басқамен бөлісу деген құндылық көпке тән бола бастағандай.
Бір қуанарлығы, тиіп-қашып, еске түскен кезде емес, волонтерлікпен кәсіби түрде айналыса бастаған азаматтар жеткілікті. Елімізде волонтерлердің ұлттық желісі, ерікті ұйымдардың картасы да пайда болды. Тек елордамызда нақты бір салада тұрақты жұмыс істейтін ерікті ұйымдар тіркелген. Astana жастарды дамыту орталығы, Best For Kids, Humans Health Institute, «ОкеанАрт», Үнсіз әлем, «ДОС» тәуелсіз өмір» және басқалары бар. Атауларынан-ақ олардың қызмет бағытын бағамдауға болады. Тұрақты бір салада түрлі шаралар өткізу ерікті ұйымдардың жұмыс тиімділігін, танымалдығын арттыратыны сөзсіз. Мысалы, Best For Kids ұйымы Ақмола облысындағы балалар үйіне көмектеседі, ондағы бүлдіршіндерге ойындар, шеберлік сабақтарын өткізу арқылы оларды өмірге бейімдеуге тырысады.
Волонтер: заң мен қаражат. Қоғамдағы осы бір игі бастаманы құқықтық тұрғыда реттеу мақсатында 2016 жылы «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды. Құжаттың бекітілуі бұл саладағы ауыз толтырарлық жетістік еді. Себебі қандайда бір заң қабылдануы үшін ол ұзақ дайындалатыны белгілі. Дегенмен аталған құжатта көп жағдаяттар анықталмай, еріктілер ісіндегі мәселелер реттелмей қалған. Айталық, волонтер мәртебесі, олардың еңбегі қалай есептелетіні немесе оларға Үкіметтің қолдау көрсету әдістері айшықталмаған. Келесі «Волонтер жылында» аталған заңды одан ары жетілдіруге жақсы мүмкіндік бар.
Әрине, еріктілер бас қосатын ұйымдардың қызметі, көмегі ақысыз, риясыз болса да, оларға қосымша қаражат керек екені анық. Өйткені көмектің сапалы әрі тұрақты болуы көп жағдайда ақшаға келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан олар тек жұрттың жиған жылуына үміттенбей, халықаралық және республикалық гранттарды, мемлекеттің әлеуметтік тапсырыстарын жеңіп алуға, ірі демеушілермен байланыс орнатуға тырысады. Мәселен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы түрлі үкіметтік емес ұйымдарғы биыл 3,4 млрд теңге көлемінде 130-ға жуық грантқа байқау жариялады. Аз ақша емес. Алайда сол гранттарды жеңіп алған ұйымдарымыздың барлығы ісіне адал, жұмысы сапалы деп айту қиын. Амалдап шараны өткізіп, есепті жапсақ, тезірек пұлымызды алсақ дейтін уақытша ұйымдар да жетерлік. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар, елшіліктер де жоғарыда аталған ұйымдарға грант беріп тұрады. Әрқайсысының мақсаты әртүрлі. Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі 300 мың евролық грантты жариялап келеді. Ал АҚШ елшілігі кіші гранттар ақшасын биыл 50 мың долларға дейін ұлғайтты.
Шетелде ше? Жастар жылын қорытындылап, Волонтер жылының тұсауын кесу шарасында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еріктілерді қолдау мақсатында олар жұмыс істеген сағатты еңбек өтілі ретінде есептеп, ерікті-студенттердің шәкіртақысын өсіруді ұсынды. Бұл еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған тиімді әдістер. Олар әлемде кеңінен таралған. Мәселен, көптеген елдерде волонтер паспорты бар. Онда азаматтың қай жерде, қанша уақыт ерікті болғаны жазылады. Оны түрлі гранттарға өтініш бергенде, жұмысқа орналасқанда көрсете алады. Ал Ресей 2014 жылы Сочи Олимпиадасына белсене араласқан волонтер жастарға мемлекеттік бірыңғай емтиханда 5 балл қосып берді. Батыс елдерінде көпшілік жастар мектеп жасынан ерікті болуға ұмтылады. Бұл қоғам дамуына өз үлесіңді қосу ғана емес, сондай-ақ жоғары оқу орнына түсерде, қызметке орналасқанда волонтер жастарға басымдық беріледі. Яғни, қоғамдық жүйе өзгеге көмек беруге жағдай жасаған.
Сондықтан Еуропа елдерінде еріктілер қозғалысына қосылатын жандардың саны жоғары. Мысалы, Германияда елдің 34 пайызы, яғни әрбір үшінші неміс волонтерлік жобаларға қатысады, айына осы мақсатқа 15 сағатын жұмсайды. Ирландияда еріктілер саны осымен шамалас. Британияда 10 адамның 4-і ерікті атанады екен, бұл 20 млн-ға жуық халық. Яғни, бұл елдерде волонтерлік ешкім қинамайтын, бірақ атқарсаң, демеу көрсететін қоғамдық идеяға айналғаны айшықталып тұр. Ақысыз еңбекке мейірімділік, қайырымдылық жетелейді екен. Мәселен, 10 еріктінің 8-і бұл істі мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында бастағанын айтқан.
Жалпы, Еуропаның кей қалаларын араласаңыз, түрлі мекемелерде ерікті болып тұрған ересек азаматтарды байқау қиын емес. Айталық, қаржыгер сенбі сайын шіркеуге келетін туристерге жол көрсетуші болып жұмыс істеуі мүмкін. Панасыз қалғандарға тегін тамақ таратумен айналысатындар да жетерлік. Африка елдеріне аттанып, балаларды ақысыз оқытуға, емдеуге даяр кісілер де бар. Ал Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) Румыниядағы зубрларды сақтау бағдарламасына қатысуға шақырады. Алайда еріктілерге қойылатын талап та жоғары: ағылшын тілін еркін меңгеріп, бағдарламалаудың шебері болуыңыз шарт. Яғни, қалаған жан ерікті бола алмайды. Себебі өзгеге көмек беру үшін белгілі қабілеттерге ие болуыңыз қажет.
Біз өзгереміз бе? Ал енді келер жылы «Волонтер жылы» Қазақстанда қалай өтуі мүмкін? Әдеттегідей, Жастар комитеті, жастар ұйымдары түрлі шара өткізуін болжап отырған шығарсыз. Біразы тұрақты болса, көпшілігі бірреттік болары белгілі. Алайда «Волонтер жылы» ересек жандарды да осы «ақысыз іске» араластырып, игі бастамаларды дәстүрге айналдыруға жақсы мүмкіндік бар. Яғни, білімді, тәжірибелі мамандар тегін лекция оқып, талай жасқа тұрақты әрі тегін тәлімгер бола алады. Немесе заңгер, қаржыгерлер қайырымдылық, балалар қорларына ақысыз өзінің кәсіби қызметін көрсете алады. Қоғам мұндай шараларды Үкіметке қатысы бар ұйымдардың атқаратынына еті үйренген. Дегенмен келер жылы түрлі жекеменшік компаниялар да, жекелеген азаматтар да еріктілер қатарына қосылып, сан алуан пайдалы шараларды жүзеге асыра алады.
Бастысы – негізгі қағидаттар орындалса. Біріншісі, волонтерліктің ұстанымы – риясыз көмек, яғни Instagram кең тараған заманда аттаған қадамды, қозғалған саусақтың барлығын суретпен сипаттап, жарнама жасау міндет емес. Екіншісі, волонтер бол деп ешкім қолдан сүйреп, белден баспайды. Сол үшін де оларды еріктілер дейді. Басқаша айтса, волонтерлік іс келер жылмен шектелмей, тұрақты салтқа, қоғамдық құндылыққа айналса игі. Өзгеге ақысыз көмек деген әдет аптасына, айына бір қайталанатын жұрт бойындағы қасиет болып қалыптасса екен. Себебі мұндай қайырымдылықтың пайдасын өзге емес, өз қоғамымыз көреді. Бәріміз сол қоғамның бөлігіміз. Яғни, көпшілікте сол асыл қасиеттер арта бастаса, онда заң бұзу, қылмыс жасау, әдепсіздік, зорлық-зомбылық көрсету деген жамандық та жанама түрде кемуші еді. Маслоу пирамидасына салсақ, біздің де қоғам базалық қажеттін өтеп, бір саты жоғары деңгейге жылжуы бек мүмкін.