Атырауда жыл аяғында балықтың өлімі туралы дерек тағы да қайталанды. Өткен жылы желтоқсанда жаппай қырылған балықтың өліміне кінәлілер деп танылған мекемелер жазасын алды. Енді ес жиып, бола бергенде 17 балықтың өлігі шығып шошытты. Алайда бұл жағдай «балық жаппай қырылып жатыр деп айтуға әлі негізсіз» дейді құзырлы органдар.
Балықтардың өлімі фактісі бойынша 19 желтоқсанда арнайы комиссия құрылған. Олар судан зиянды заттардың құрамы мен рұқсат етілген шекті мөлшер сынамаларын алды.
Оқиғаның мән-жайы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Арман Молдашев мәлімдеме жасады.
– Тексеріс жұмыстары барысында барлығы 17 балық табылды. Оның ішінде: 15 қылышбалық, бір табан және бір мөңке анықталған. Балық өліміне себеп Жайық өзенінің бойында «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС-нің су тоғанында 50 шаршы метрлік аймақта құрылған браконьерлік балық аулау құралдары болуы мүмкін. Өйткені ұсталған балықтарда механикалық зақым байқалған. Барлық жиналған балық сараптамаға жіберілді, – дейді А.Молдашев.
Атырау облысының экология департаменті, «Қазгидромедцентр» АҚ Атырау филиалы және Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастаған жұмысшы топ осы аймақта күн сайын химиялық анализ үшін судың сынамасын алады.
– 19 желтоқсанға дейін зиянды заттар үшін шектеулі рұқсат етілген мөлшерден асу тіркелмеген. 18, 19 және 20 желтоқсандағы су сынамаларын зерттеу нәтижелері 3 күнде дайын болады, – деді Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Амантай Жұмағалиев.
Сайып келгенде, су құрамының зерттеулер нәтижесі шыққанға дейін болжам бойынша балықтардың өлуіне браконьерлер себепкер.
Жайық өзенінде желтоқсан сайын балықтың қырылу фактісі дәстүрге айналып кетпес үшін құзырлы мекемелер су құрамын тексеруден бөлек, өзен бойын жағалай қоныстанған зауыттар мен мекемелердің де зиянды қалдықтарды шығаруын жіті қадағалауға алатын уақыты жетті.
Атырау облысы