Nur Otan партиясы Орталық аппаратының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Әділет министрі Марат Бекетаев тұрғындарды қабылдады. Аталған шараға Nur Otan партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Сақтаған Сәдуақасов және әділет құрылымдарының басшылары, заңгерлер палатасының мамандары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Азаматтарды қабылдау барысында заң үстемдігі мәселелері бойынша туындаған мәселелерді және адвокаттық қызмет саласындағы іс-шараларды жүзеге асырудың тәртібі мен алғышарттары түсіндірілді. Тұрғындар сот шешімдерінің орындалмауы, сот-медициналық сараптама объективтігінің дәрежесін анықтау, сот органдарының, жеке сот орындаушыларының және т.б. әрекеттері бойынша өтініштерін білдіріп, өзекті мәселелер төңірегінде мамандарға сауалдарын жолдады. Орталыққа алимент бойынша берешекті өтеу туралы өтінішпен келгендердің қатары көп болды. Олардың басым бөлігі жеке сот орындаушыларының жұмысына шағымын жеткізді, ал кейбірі өздерінің жағдайларын, балаларының сырқат екенін, бұрынғы күйеулерінің алимент төлеудегі немқұрайдылығын, нақты кірістерді жасыру үшін жасаған алаяқтығы туралы әңгімеледі.
Шымкент қаласының тұрғыны Феруза Хамракулова бұрынғы күйеуінің алиментке қарызы 1 миллион 800 мың теңгеден асқанын айтты. Ол сондай-ақ күйеуінің айына тиісті қаражаттың тек 30-40 пайызын ғана беретінін сөз етті. Әңгіме арасында науқас баланы қарап отырған ана жеке сот орындаушысына да шағымданды. Бірақ министр өз кезегінде «сот орындаушысы жұмысы жоқ адамға еш амал қолдана алмайтынын» ескертті.
– Қалай ештеңе істей алмайсыздар? Жауапкершілікке тартыңыздар. Бір балам ауруға шалдықты, өзім де бұл мәселемен күресемін деп шаршадым. Маған ай сайын 42 500 төңгесін төлесін, мен ешкімді мазаламаймын, – деді Феруза Сайдуллақызы.
Мәселенің мән-жайымен танысқан Марат Бекетаев елорда әкіміне жеке қоңырау шалатынын, шағымданушыға әкімдікке баратын арнайы автокөлік бөлетінін айтты. Ол жерден Ферузаға халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға арналған бағдарламалар туралы біле алатынын түсіндірді.
– Ешқандай жұмыс істемейтін, жұмысқа орналасудан бас тартқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жақсы білесіз. Бірақ бұрынғы күйеуіңіз алатын айлығына сәйкес алиментті аз төлесе де, оны қылмыстық іс бойынша жазалау мүмкін емес. Сізге бірінші кезекте еңбек министрлігіне көмекке жүгініп, жағдайыңызды түсіндіру керек. Бұл бойынша бірнеше төлемдер қарастырылған, – деді министр.
Ақмола облысынан келген Ғалима Төрегелдинаның да жағдайы осыған ұқсас. Бұрынғы күйеуі 9 жыл бойы бала күтіміне ақы төлемеген, шамамен 3 миллион теңге қарыз. Орталыққа келген шағымданушыға жауап берген Әділет министрлігінің өкілі маусым айында Ғ.Төрегелдинаның бұрынғы күйеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жақында ғана фирмалардың біріне күзетші болып жұмысқа орналасқанын айтты. Ол айына 40 000 теңге алса, оның 9 мыңға жуығы алимент түрінде төленетінін жеткізді.
– Бұрынғы күйеуім нақты кірістерін жасырады, оның қосымша айналысатын жұмыстары да бар. Осыған байланысты қатаң шара қолдануларыңызды сұраймын, – деді Ғ.Төрегелдина.
Шағымданушыға жауап берген министр Марат Бекетаев заң бойынша егер соманың кем дегенде бір бөлігі төленсе, онда алимент төлеушіні жауапқа тарту мүмкін емес екенін түсіндірді. Бұл мәселе бойынша Ғ.Төрегелдинаға Ақмола облысы Әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбек те жауап беріп, жағдайды жеке бақылауға алуға уәде берді.
Тағы бір министрдің қабылдауына жазылған тұрғын Айнұр Төлеубаева 2011 жылы күйеуімен ажырасқан. Арызданушы бұрынғы күйеуінен бүгінге дейін ешқандай алимент алмапты. Ал алименттің мөлшері 2 миллион теңгеден астам сомаға жеткен. Мән-жайды толық баяндаған Айнұр бұрынғы күйеуіне қатаң шара қолдануды талап етіп отыр. Жақында осы мәселе бойынша қылмыстық іс көтерілетіні белгілі болды. Иә, бұл жаза баланың әкесіне де, балаға да ешқандай абырой әкелмейтіні анық. Қайта балаға келешекте көп кедергісін келтірері сөзсіз.
Қоғамдық қабылдауда тұрғындардың көтерген мәселелері мен арыздары толықтай қаралып, мүмкіндігінше шешілетіні айтылды. Тексеруді талап ететін жекелеген мәселелер бойынша салалық департаменттердің басшыларына тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы тиісті деңгейде бақылауға алынады.