Жақында ғана Қытайда Masters турнирі аяқталды. Masters – дзюдодан санаты жоғары, мәртебесі биік жылжабар турнир. Әлемдік рейтингтегі үздік балуандар бас қосқан сыннан жүлдесіз оралдық.
Masters турнирі 12-14 желтоқсанда Қытайдың Циндао қаласында өтті. Мұнда әр салмақ дәрежесі бойынша үздік шыққан 16 спортшы жиналды. Циндаодағы бәсекеге әлемнің 72 елінен 466 спортшы қатысты. Өз кезегінде турнир нәтижесі олимпиада рейтингісін жақсартуға мүмкіндік береді. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 300 мың доллар. Бірақ дзюдошыларға бастысы бұл емес. Оларға керегі – ұпай. Ал ұпай көп болған сайын, Токиоға барар жол жеңілдейді.
Қытайдағы турнирге ел атынан өз салмағында үздік оналтылыққа кіретін 7 спортшы қатысты. Бірақ аталған бәсекеден медаль бұйырмады. Айта кетерлігі, 60 келі салмақта күресетін Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев бір топқа түсіп қалды. Бір топта дегені әйтеуір бір жолдың түйісетінін білдіреді. Сәйкесінше көп күш жұмсауға тура келеді. Өйткені екеуі де олимпиадаға жолдама алғысы келеді. Ал қажетті ұпайды жинау үшін барынша тырысу керегі белгілі.
Қос спортшы ширек финалда кездесті. Содан кейін Елдос жартылай финалда испандық Франциско Гарригосқа жол берді. Ал Ғұсман Эшли Маккензиге қарсы жұбаныш белдесуінде жеңіске жетті. Қола медаль үшін Елдос Сметов ресейлік дзюдошы Роберт Швидабадземен таласты. Соңғы секундта Сметов жарақат алғандықтан қола медаль Швидабадзеге бұйырды. Ғұсман Қырғызбаев болса өзбекстандық Шарафоддин Лутфиллаевпен күресті. Өзбек дзюдошысы Қырғызбаевты мерзімінен бұрын жеңіп, қола медаль еншіледі. Турнир қорытындысы бойынша қос дзюдошының олимпиадалық рейтингісіне 648 ұпай қосылды. Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев турнирде 5-орынға табан тіреді.
Бұдан бөлек, 66 келідегі Ержан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов, 73 келідегі Жансай Смағұлов пен 81 келідегі Дидар Хамза, 90 келідегі Ислам Бозбаевтар өнер көрсетті. Дидар Хамза қарсыласына бірінші раундта жол берді. Қазақстандық спортшы ресейлік Хасан Халмурзаевқа «вазари» ұпайымен жеңілді. Жансай Смағұлов ә дегеннен Молдова өкілі Виктор Степудан басым түсті. Адуын танытқанымен екінші кездесуде жапон Соичи Хачимотодан жеңіліп қалды. 90 келі салмақта белдескен Бозбаев алғашқыда грузиялық қарсыласы Бекой Гвиниашвилиді «иппонмен» жеңді. Алайда кезекті мүмкіндігінде түркиялық Микаил Озерлерге жеңілді.
Орынға ілікпеген спортшылар салмақ өлшеу рәсімінен өткені үшін 200 ұпайдан еншіледі. Мұның өзі олимпиада лицензиясына талас кезінде үлкен көмек болады. Өйткені жолдамаға ұпай көрсеткіші әсер етеді. Ал олимпиада ойындарына жолдама алу кезеңі 2020 жылы 25-31 мамыр аралығында аяқталады. Қажетті ұпай санын жинау үшін спортшыларға әр турнир маңызды. Қорытынды межеге жету үшін тоқтамай күресуге, кезекті турнирге қатысуға тырысады. Дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында спортшылардың әлемдік жарыстарда жақсы өнер көрсеткенін айтты. Әр турнирдің ұпайын тізіп берді. «Masters додасына салмақ өлшеу рәсімінен өткенің үшін 200 ұпай беріледі. Ал жеңіске жеткен спортшы 1 800 ұпай еншілейді. Салыстыру үшін айтар болсам, Гран-при турнирінде 700, Гранд-слэм бәсекесінде 1 000, әлем чемпионатында 2 000 ұпай жазылады» деді Айдын Смағұлов. Демек, дзюдошылардың әлі де ұпай жинауға мүмкіндігі бар. Өйткені 2020 жылдың мамырына дейін дзюдошыларды бірнеше турнир күтіп тұр.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ