Жамбылда жемқорлар азайып келеді

Жамбылда жемқорлар азайып келеді

Мұндай мәлімдемені бүгін ANTIKOR сервистік орталығында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  Жамбыл облысы  бойынша департаментінің басшысы  Әділхан Әшірбаев жасады.  – 2020 жылы  облыс  бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен  110 қылмыс анықталды. 2019 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл жемқорлық фактілерінің 12,7 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. Нақтырақ айтсақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстары – 19,4 пайыз, ауыр санаттағы қылмыстар 3,9 пайызға азайған. Есепті кезеңде департамент мамандары жемқорлық деректерінің жүйелі түрі бойынша – 7, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарды ұрлау – 14, бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласу бойынша  9  деректі анықтап, 77 кәсіпкердің құқығын қорғады. Одан бөлек облыс деңгейіндегі 7 басшыға  және  қала мен аудандағы 7 басшыға қатысты қылмыстық істі тіркеді. Тіркелген қылмыстық істер бойынша 771 миллион  теңге көлеміндегі залал анықталып, оның 654 миллион теңгесі өндірілді. Қылмыстарды тергеу барысында 153 миллион теңгенің мүлкіне шектеу қойылды. Сотқа жолданған қылмыстық істерге және қылмыстық жауаптылыққа тартылған тұлғаларға тоқталатын болсам, былтыр  облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен сотқа  110 іс жолданып, 72 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл 2019 жылға қарағанда көрсеткіштердің төмендегенін көрсетіп тұр, – деді  департамент басшысы. Бұдан бөлек былтыр қылмыстық құқықбұзушылықтар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайды жою бойынша  97 ұсыныс жолданып, оның 87-і қаралып, нәтижесінде 78  лауазымды тұлға  әртүрлі деңгейдегі тәртіптік жаза арқалаған. Сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған 30 азаматқа 5,1 миллион теңге көлемінде сыйақы төленген.  Бұл – республика көлеміндегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Міне, осылайша департамент басшысы жыл ішіндегі негізгі көрсеткіштерді сөйлетті. Әсіресе, Жамбылда жемқорлық фактілерінің азайып келе жатқандығы көптің  көңіліне жылу берді. Әйтеуір осы бағытымыздан таймай, көз тимесін деп тілейік.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы