Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Көпбалалы Әлбатыровтар отбасы 90 шаршы метр үш бөлмелі пәтерді 2017 жылдың соңында сатып алыпты. 25 миллион теңгеге. Жөндеу жұмыстарына кеткен 10 миллион және бар. Нотариусте рәсімдеп, заң аясында мәміле жасаған. Баспана ол уақытта банкте кепілде тұрған екен. Алайда, Әлбатыровтардың алғашқы жарнасы қомақты болғандықтан, пәтерді кепілден босатып алады. Биыл жазда отағасы банктен несие алмақ болып, құжаттарын жиыстыра бергенде шикіліктің шеті шығады.
Ескендір Әлбатыров, қала тұрғыны:
"Несиеге өтініш берер кезде құжаттарды жинадық. Анықтама алдық. Сол кезде осы пәтерге қатысты қиындықтар туындады. Не болып жатқанын түсінген жоқпыз. Себебі, баспананы жылдар бойы жиып-терген қаражатымызға сатып алған едік".
Сөйтсе, 2012 жылы пәтердің бұрынғы иесіне, яғни қызына бұл баспананы анасы тарту етіпті. Ал ол кезде анасының жеке кәсіпкер ретінде бюджетке 90 миллион теңге салық берешегі бар болып шыққан. Іске банкроттық басқарушы кіріседі. 2015 жылы ол сотта сыйға тарту шартына наразылық білдіріп, пәтерді иесіне қайтарып береді. Бірақ, анасы мүлікті қайта рәсімдеуге асықпайды. Осылайша, анасы мен қызы жылжымайтын мүліктің тарихы мемлекеттік кадастрға сәйкес таза болғанын пайдаланып, сатып жіберген.
Пәтердің бұрынғы иесінің адвокаты:
"Менің қорғауымдағы азаматтардың айтуынша, олар соттың соңғы шешімінен бейхабар болған. Пәтерді сатқан кезде өздерінің әрекеті заңнан тыс екеніне күмәнданбаған. Өйткені, мемлекеттік кадастр бойынша меншік құқығы сатылған тұлғаға тіркелген. Олар да бұл келеңсіздіктің құрбаны".
Ал Әлбатыровтар отбасы бұл істе бір шикіліктің барына сенімді.
Шортанбек Әлбатыров, қала тұрғыны:
"Мұнда қылмыстық істің иісі аңқып тұр. Банкроттық істі басқарушы, банк, және пәтердің бұрынғы иелері барлығын ауыз жаласып, әдейі істеген. Нәтижесінде банк өз мүддесін қайтсе де қорғап шығады. Барлығының ұпайы түгел. Тек менің балаларым мына қақаған қыста далада қалуы мүмкін".
Үй иесінің уайымына негіз де жоқ емес. Себебі алғашқы сот отырысының нәтижесі банкроттық іс орындаушысының пайдасына шешілді. Сот апелляциялық шағымды қабылдамаған жағдайда, қақаған қыста бүтін бір отбасы далада қалайын деп отыр.
Серік Қожамқұлов, Әлбатыровтардың адвокаты:
“Біз Қарағанды облыстық сотына шағымданамыз. Өтінішіміз тез арада қанағаттандырылады деп сенемін. Банкроттық істі басқарушы өз наразылығын пәтерді сатып алғандарға емес, заңсыз сатқан тұлғаларға білдіруі керек”.
Кепілде тұрған мүлікті сатып алу қауіпті ме? Тәуекелге бел буған жағдайда қандай қағидаларды еске сақтаған жөн? Осы сауалдардың жауабын білмекке заңгерді сөзге тарттық.
Жандос Тұяқов, заңгер:
“Форма №2 дейміз, яғни екінші нөмердегі анықтама. Бұл Әділет департаментінен алынатын құжат. Сол анықтамада нақты көрсетіліп тұрады. Меншік иесі кім, кепілде тұр ма тұрған жоқпа? Қандай да бір шектеулер, сот орындаушымен шектеулер, соның барлығы көрсетіліп тұрады”.
Сондай-ақ, банктен бұрынғы пәтер иелері туралы барлық қажетті ақпаратты алуға еш қымсынбаңыз. Себебі бүгінгі әрекетіңіз ертеңгі қауіпсіздігіңізге кепіл болмақ.
https://youtu.be/ODn2m-QbjDc