Ол соңғы кездесуінде Чавесті уақытынан бұрын жеңген болатын.
Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Дэниэл Джейкобс мекискалық кіші Хулио Сезар Чавесті жеңген соң кімдермен кездескісі келетінін айтты. Бұл екеуінің жекпе-жегі 173 фунт аралық салмақ дәрежесінде өткен болатын.
Америкалық спортшы өзінің бұрынғы қарсыласы IBF/IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннен есе қайтармақ ниетте. «Мен Джермалл Чарло немесе GGG-мен жекпе-жекке шыққым келеді. Егер бұл кездесулер болмай қалған жағдайда екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін Билли Джо Сондерс немесе Каллум Смитпен қолғап түйістіруге дайынмын», – деді Джейкобс.
Естеріңізге сала кетейік, Головкин мен Джейкобс арасындағы жекпе-жек 2017 жылы өтіп, төрешілер бірауыздан отандасымызды жеңімпаз деп таныған болатын.