Қар астында қалған Нұр-Сұлтан

Қар астында қалған Нұр-Сұлтан

Нұр-Сұлтанда қар қалың жауғандықтан, әкімшілік қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр деп жар салуда. Сол қала ішіндегі тазаланған көшелерді қарап шықтық...

Кешеден бері 1 799 адам  Нұр-Сұлтанды қардан тазартумен әлек. Бірақ көшелерді жаппай тазалап жүргендер байқалмайды. Орталық көшенің коммуналды қызметінің өзі түстен кейін "оянды". 

Әкімдіктің ресми сайтында 1142 техника бірлігі мен 1 799 жол жұмысшысы жұмылдырылды деп хабарланған. Бірақ әкімдіктің жұмысын көрген жан бар ма?!


Жаңатай Шәрденов көшесі



Жалпы, осы уақытқа дейін елордадан 954 540 текше метр қар шығарылған екен.

Кеше түннің өзінде елордадан 25 394 текше метр қар шығарылыпты. 



Осыдан 3-4 күн бұрын қала әкімі Алтай Көлгінов биылға 10 айдағы елорданың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында қалада қар тазалау жұмысы қалай жүріп жатқанын түсіндірген еді. 



«Біз барлығы 157 техникаға тапсырыс бергенбіз. Қазір оның 67 данасы келді, енді 97-сі келу керек. Қаңтардан бастап коммуналды қызметкерлердің жалақысын көтеру бойынша шешім қабылданды. Себебі олар күндіз, түні жұмыс істейді. Мен өзімнің әріптестеріммен бірге түнде де, күндіз де айналаны шолып шығамын. Қызметкерлерге қолдау көрсету керек, оларға үлкен жұмыс жүктеліп отыр», – деді ол. 



Бірақ демалыс күндері елоданы тазалап жатқан тірі жанды  байқамадық.  Қар тазалаушылар тек жұмыс күні ғана іске кірісті.



Әйтпесе, қаланың түнгі суреті салынар еді. Дегенмен демалыс күндері тоқтаусыз жауған қардың кесірінен жұмыс көлемі де ұлғайып, жұмыс күші жетпей жатқан болар деумен өзімізді жұбатамыз. 

Алайда жұмыстың алғашқы күнінде қары тазаланбаған аула, ашылмаған жол, көлік кептелісі мен ығы шыққан жолаушыны көрдік. Мұның бәрі бар жұмысты жоққа шығарып тұрғандай...