Тәуелсіздікпен тамырлас дастан

Тәуелсіздікпен тамырлас дастан

Ұлттық академиялық кі­тап­­ханада «Ер Едіге – Но­ғай­лы дәуірінің жыры» атты ғы­лыми-практикалық кон­фе­рен­ция өтті. Ақтөбе облысы әкім­дігінің ұйымдастыруы­мен өткен халықаралық жиын­да қатысу­шылар Едіге  тұл­ғасының қазақ үшін, түркі жұр­ты үшін маңызына тоқ­талды.

Айтулы шараға Сенат пен Мә­жіліс депутаттары, қоғам қай­раткерлері, мемлекеттік орган қыз­меткерлері, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ақын-жазушылар, атақты жыр­шы-жыраулар, өлкетану­шы­лар, «Едіге», «Қазақ эпосы» қоғамдық қорлары өкілдері қатысты. Парламент Сенатының де­путаты Мұхтар Құл-Мұхаммед конференцияның ашылу сал­танатында сөз алып, ер Едігенің қазақ халқының ғана емес, көп­теген түркі халықтарының есінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ең қадірлі, ең құрметті, ең көп тараған жырларының бірі екенін атап өтті. «Едіге би – тарихта болған адам. Ноғай ордасы құрылған кез­де осы орданың билеушісін хан емес, би деп атаған. Бірақ бәрі­нің түп қазы­ғы – Ноғай ор­дасының ұлыс биі Едіге және оның ұрпақтары бо­лып есеп­теледі. Алдағы уақытта ер Еді­ге мен оның тікелей ұр­пақ­тарына қатысты жырларды бөлек дербес жинақ етіп шығару керек. Әрі Қырымның 40 батыр­ларына кіретін жеке батырларды жи­нақтасақ, 100-ге жуық батыр­дың өмір тарихы, дастан­дары шы­ғайын деп отыр. Олар­дың клас­сикалық нұсқа­ларын орыс тіліне, қа­жет жағдай­да ағылшын тіліне де аударып бастыратын заман кел­ді», – деді ол. Одан бөлек, атақты жырау, Қа­зақ ұлттық университетінің профессоры Алмасбек Алматов «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы қа­лай шығарылғанын айтып берді. Альбомның көп уақыт ізде­ністің нәтижесінде, жан-жақ­ты зерт­теліп барып қолға алынған күрделі жұмыс екенін айрықша атап өтті. «Ер Едіге», «Қырымның 40 батыры» дастандары кітап күйін­де том-том болып сөреде тұра­тынын баса айтты. Одан қал­са, жыршы-жырауларымыздың оны жырлауға дайын болмағаны тағы бар. Сондықтан 1998 жылы «Дәс­түрлі өнер, жыр» маман­дығының мемлекеттік стандарты жасалып, ЖОО-да арнайы ма­ман­дық ретінде ашылған екен. «Дәстүрлі өнер маман­дығының ЖОО-да оқы­тылуы, кәсіби маман ретінде әзір­ленуі – 550-ден астам батыр­лық жыры­мызды халыққа рухани байлық не­гізінде ұсынуға дайын де­ген сөз. Моңғолияда ХІІІ ға­сыр­­да жа­зылған «Жаңғыр» жыры 14 мың жол екен. Соған Ұлан­ба­тырға 10-симпозиум ша­қырып отыр. Түркияның Болу қаласында Көрғұлы эпосының 12-сим­по­зиумы өтіпті. Ал бізде 550-ден ас­там эпос бар деп отыр­мыз. Оның әрқайсысына қанша­лықты деңгейде ғалымдар керек, оның рухани кеңістікке шығуы үшін жа­салатын істер алдымызда тұр», – дейді жырау. Өз кезегінде Халықаралық Түр­кі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі аталған шара­ның Тәуелсіздік мерекесімен бай­ланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Едіге» жыры – репрессияға ұшыраған, тәуел­сіздік арқылы ғана бізбен қауыш­қан тағдырлы жыр. Кезінде «Едігеге», татардың, но­ғай­дың, қарақалпақтың «Еді­ге» жыр­ларына да Мәскеу ресми түрде тыйым салған. Тіпті, қара­қал­пақтың атақты Ерболат жырауын 1938 жылы 76 жасында «Едігені» айтқаны үшін азаптап өл­тірген. Ал 1947 жылы сол кез­дегі Қазақ­стан басшылығы да өрес­кел қате­ліктер жөнінде ар­найы қаулы шы­ғарған. Сол үшін «Едіге» шаң басып архивте қалған екен. Әрине, «Едіге» тура­лы Әлкей Мар­ғұлан, Мұхтар Әуе­зов, Бей­сенбай Кенжебаев сынды ғалым­дар айтқан. Алайда оның ұлт­пен қауышуы тәуелсіздік ал­ған жыл­дармен тұспа-тұс кел­ген. Айта кетерлігі, конференция ба­рысында «Ер Едіге – Ноғайлы дә­уірінің жыры» музыкалық альбомы шығарылды. Жинаққа «Едіге батыр» эпосы, Мұрын жы­рау нұсқасындағы «Қырымның 40 батыры» және «Қарасай-Қази» дастаны (Қайролла Иманғалиев нұсқцасы) және басқа да ел ара­сында кеңінен жырланып жүрген көлемді дастандар енген. Жалпы саны 40-тан астам жыршы атал­ған дастандарды 60 сағат бойы жырлаған.

Айбике ЖАНАСЫЛ