Ел бюджеті триллиондаған теңгеден қағылуда. Мұның бәрі көлеңкелі экономиканың кесірі. Яғни, кәсіпкердің табысын жасырып, салықтан жалтаруынан үлкен қаражат бюджетті айналып өтуде.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, көлеңкелі экономика мәселесі шешімін таппай отыр. Жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сан түрлі тәсілдері жойылар емес. Шын мәнінде, бұған қарсы тиімді күресе алмай келеміз. Құзырлы органдар көбіне тиісті шараларды дер кезінде қолданбай отыр. Соның салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер де зардап шегеді. Ал нағыз ұйымдастырушылар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондықтан заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын күшейтіп қана қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек» деген болатын.
Қазақстанда жаппай кәсібін көлеңкеге тыққан уақыт Кеңес Одағы ыдыраған 1990 жылдары белең ала бастады. Жұмыссыздық, ақша тапшылығы осыған апарды. Шетелге кетіп немесе келіп жатқан өнімдерге қадағалау болмаған заман болды. Осы дүрбелең кезеңде біреулер байып жатса, біреулер омақаса құлады. Үкіметте елге келген шетел тауарлары ағысын қадағалауға қауқар болмай қалды. Әсіресе, Қытайдан ағылған тауарға шектеу болмай, дүкен мен базар осы аспан асты елінің арзан киім-кешек, алкоголь өнімдері, азық-түлікпен толып қалды. Сонымен бірге құрылыс тауарлары да жасырын түрде еліміздің сауда орындарын толтырды. Жабайы сауда басталды. Дегенмен бұл ұзаққа бармай елімізде көлеңкелі экономикаға қарсы «соғыс» басталды. Нәтиже бар. Бірақ әлі күнге дейін салықтан жалтарып, өз табысын жасырып, болмаса заңсыз жұмыс атқарып жатқан кәсіпкерлер жеткілікті.
Алкоголь өнімі
Әлемде алкоголь өнімдерін заңсыз саудалау алғашқы орынның бірін алатыны даусыз. Қазақстандықтар өткен жылдарға қарағанда ішімдікті пайдалануды азайтқан. Ресми мәліметтерге қарағанда, биылғы 6 айда оның сатылымы бірден 22%-ға қысқарғанымен, алкоголь өнімдерінің 40 пайызы заңсыз жолмен әкелінеді екен. Жақында Мемлекеттік шекара бойындағы «Жаңа жол» автомобиль өткізу бекетін бақылау кезінде Солтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік кірістер департаменті мамандары төрт литрлік пластик құтыларға құйылған Ресейден әкелінген алкоголь өнімдері тәркіленді. 400 литр алкогольді ішімдік ел аумағына заңсыз жеткізілген. Дегенмен бұл бір ғана оқиға. Ұсталмағаны қанша? Күнделікті жан-жақтан ағылып жатқан заңсыз арақ-шарап өнімдері тек экономикаға емес, адам денсаулығына да зиянын тигізуде.
Тізімге кәсібін жасырып, мемлекетті алдаушылардың қатарына пәтерлерін жалға берушілерді де қосуға болады. Олар өздерін кәсіпкерміз деп ойламауы мүмкін. Дегенмен заң бойынша олар да салық төлеуі тиіс. Мысалы, Атырау қаласында 600 пәтер иесі баспаналарын жасырын жалға беріп, салықтан жалтарып келген. Жалданатын пәтер құны орналасуына қарай 20 мыңнан 300 мың теңгеге дейін барады.
Ойын бизнесі
Сонымен бірге заңды белшесінен басқан «ойын бизнесіндегі» кәсіпкерлердің де табысы қыруар болғанымен, Үкіметтен жасырары көп. 2018 жылдың мамыр-тамыз айларында еліміздің 17 қаласында ойын бизнесіне ұйытқы болған 4 трансұлттық ұйымдасқан топ ұсталған болатын. Олар заңсыз әрекет ету арқылы 12 млрд теңгеден астам табыс тапқан. Жақында Only bet ЖШС мен Alpha bet ЖШС лицензияларын 6 ай мерзімге күшін жою үкімі шығарылды. Кеңсе өз жұмысын 2007 жылы 15 мамырда бастап, букмекерлік қызмет жүргізуге 10 жылға лицензия алған. Ал осы лицензия уақыты 2 жылдан астам уақыт бұрын өтсе де жұмысын алаңсыз істеп келгені кімге болса да күмән тудырса керек. Оған қоса, Finbet букмекерлік компаниясының да жұмысын тоқтатты. Аталған ұйым Қазақстан аумағында ойын бизнесімен заңсыз айналысқан. Құмар ойындарға бәс тігу Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарындағы 43 нүктесінде жасалған. Яғни, бұл бәс қабылдаушылар Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп келген. Букмекерлік компанияның жылдық заңсыз табысы 3 миллиард теңгеге жеткен. Табысты жасырып, бірнеше жыл заңсыз жұмыс істеген «ойыншылар» елімізде тайраңдап жүргеніне таңымыз бар!
Кедендегі келеңсіздік
Кедендегі келеңсіздіктің кесірі де ел аумағына заңсыз тауарды өткізуге рұқсат беруде. Ал осындай бір ғана операциядан бюджетке миллиондаған теңге түспей, сырт кетеді. Ал қолға түскендеріне көшсек, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа жол», «Қызылжар», «Бидайық», «Қарақоға» автомобиль өткізу бекетінде бірнеше рет тыйым салынған тауарды шекарадан өткізу әрекетінің жолы кесілген. Мәселен, 390,7 тонна қара және түсті металл сынықтарын, 19,9 мың тонна макулатураны, 21 мың тонна ірі малдың терісін, 3,7 мың литр мұнай өнімдерін шекарадан заңсыз өткізуге кеденшілердің қырағылығы арқасында жол берілмеген. Сонымен бірге «көлеңкелі экономиканың» негізгі үлесін Қытай тауарлары құрайды, яғни үшінші елден әкелінетін тауарлар түсімінің 30 пайызы Қытай тауарына тиесілі. Айта кетсек, жыл басында тасымалдаушылар тауарын көрсетілген нысанда декларацияламаған. Осылайша, ірі көлемде гаджеттер мен олардың қосалқы бұйымдарын елге әкелу фактісін жасырған. Тауар Rapiscan сканері арқылы тексеру барысында анықталды. «Қорғас» ШЫХО кеден бекетінде кеден бекетінің қызметкерлері ҚХР-дан Қазақстанға заңсыз тауар әкелмек болғандарды ұстады және тәркіледі. Ұсталған тауарлар ішінде 103 келі темекі өнімі, жалпы салмағы 16 келі 148 дана түрлі модельдер мен маркалы ұялы телефондар, USB жинақтағыш, 199 дана GSM модульді микросхемалар, 42 дана бейнетіркегіштер, 112,5 келі қытай дәрі-дәрмектері бар. Ал мұндай жағдай екі күннің бірінде тіркелуде. Мұның бәрі миллиондаған теңге тұратынын ескерсек, кеденге бекем болғанымыз дұрыс-ау, дейсің!
Сонымен қатар тізімге кәсібін жасырып, мемлекетті алдаушылардың қатарына пәтерлерін жалға берушілерді де қосуға болады. Олар өздерін кәсіпкерміз деп ойламауы мүмкін. Дегенмен заң бойынша олар да салық төлеуі тиіс. Мысалы, Атырау қаласында 600 пәтер иесі баспанасын жасырын жалға беріп, салықтан жалтарып келген. Жалданатын пәтер құны орналасуына қарай 20 мыңнан 300 мың теңгеге дейін барады. Яғни, олардан түсетін миллиондаған қаржы көлеңкеде қалып қойған. Бұл бір ғана қаладағы жағдай. Жалпы, Қазақстандағы қалаларды алсақ, миллиардтаған сома салықтан сырт айналып кетіп жатқанын бағамдаймыз.
Әрине, жоғарыда аталғаннан басқа да көлеңкедегі кәсіп түрлері жеткілікті. Бұл жерде біз ел экономикасына нұқсан келтіріп, миллиардтаған кірістен айырып отырған бизнес көздеріне тоқтала кеттік. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2019 жылы көлеңкелі экономиканың үлесі 29,8%-ға артқан. Салыстырмалы түрде алсақ көлеңкелі экономика Австрияда – 8,2%, Люксембургте – 8,2%, Ирландияда – 12,8%, Данияда – 13,8% болса, Франция мен Ұлыбританияда 11 пайызды құрайды. Міне, бізге осы елдердің жүргізген саясатынан үлгі алып, 29,8%-дан 15-20 пайызға түсіруге болар ма еді. Алдағы уақытта бұл заңсыз айналымға қарсы күрес шараларының күшейтілетіне сенім мол. Олай деуге негіз бар, өйткені Мемлекет басшысының өзі бұл мәселені қадағалауына алды. Біз де көлеңкедегі экономика жарыққа шығар деп сендік. Ол үшін кәсіпкер де адал болуы тиіс!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ