2020 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабында көрсетілген қасақана адам өлтіру фактісі бойынша 820 қылмыстық іс тіркелген. Оның 115-і отбасы-тұрмыстық салада, 100-і қоғамдық орында, ал 79-ы көшеде, алаңда, саябақта немесе скверде болған.
2019 жылы дәл осы бап бойынша 927 қылмыстық құқықбұзу фактсі тіркелген. Оның ең көбі қоғамдық орындарда болған.
Алматының Медеу аудандық Полиция департаментінің криминалисі Ақдәулет Мұңалбаевтың айтуынша, адам өлтіру қылмысы жазда, көктемде, жалпы күн жылы кезде жиі қайталанған.
– Менің тәжірибемде тұрғын үйді, дүкенді тонау, ұрлық кезінде адам өлімі көп болады. Қылмыскер ұрлық жасау кезінде күзетшіні немесе куәгерді көріп қалып, одан қашып кетудің амалын жасау үшін адам өлтіріп қояды, – дейді ол.
Ал өскемендік криминалист Асылбек Мұхтардың (аты өзгертілген) айтуынша, бұрыннан таныс адамдар пәтерде жиналып, ішімдік ішіп отырып, жанжалдасып қалған кезде адам өлімі жиі тіркеледі.
– Қоғамдық орындарда мұндай оқиға сирек болады. Ондай жерде көбіне, әрі кетсе, төбелес болуы мүмкін, – дейді криминалист.
2020 жылы 421 қылмыскер мас күйінде адам өлтірген. 2019 жылы мұндай қылмыспен 413 адам жазаланды.
ҚР Бас Прокуратурасы жариялаған мәлімет бойынша 2020 жылы 674 адам Қылмыстық кодекстің 99-бабында қарастырылған адам өлтіру фактісімен жазаға тартылды. Оның 74-і әйел адам, 22-сі кәмелетке толмағандар. Ал жас бойынша 30-39 жастағы азаматтар адам өлтіру қылмысын көп жасайтыны белгілі болды.