«Жапырақ ғұмырдың» тұсауы кесілді

«Жапырақ ғұмырдың» тұсауы кесілді

Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналған Түркістанда соңғы кезде рухани құндылықтарға деген жақсы қадамдар жасалуда.

Олай дейтініміз, басқасын айтпағанда, жұрт кие санаған шаһарда осы кездері көптеген ұлттық құндылықтарға қатысты шаралар жиі ұйымдастырылып жатса, бірқатар кітаптардың да жарыққа шығып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Солардың бірі деп, «Жапырақ ғұмыр» кітабының жарыққа шығуын айтуға болады.

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының мәжіліс залында талантты ақын Айдар Сейдәзімнің тырнақалды жинағы «Жапырақ ғұмыр» кітабының таныстырылымы өтті. Кітапта ақынның жүрек тербеген ой-толғамдарға тұнған жырлары топтастырылған. Бір қызығы, көптің көзайымына айналып отырған «Жапырақ ғұмыр» кітабы тіптен автордың өзі бұрын көріп, білмеген алматылық Қанат Танатаров деген жомарт азаматтың демеушілігімен жарыққа шығып отыр екен.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен әдеби кешке белгілі қаламгерлер мен БАҚ өкілдері және әдебиетсүйер қауым қатысты.

Әдеби кеште «Алаш»  әдеби сыйлығының иегері, танымал ақын, ел ағасы Қасымхан Бегманов Айдар Сейдәзімнің өлеңдерінде жылылық, мейірім, қазақы болмыс бар екеніне тоқталды. Автордың шығармашылығын жоғары бағалады. Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кеш иесінің азаматтық болмысы мен поэзиясы биік екеніне тоқталып, ақынның Түркістанның руханиятына сүбелі үлес қосып жүргенін айтты. Рухани кеште әдебиет жанашыры, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қызметкері Әдемау Толысбаева ақынның поэзиясы туралы зерттеуін ортаға салды. Б. Сердәлі, Ғ.Елшібай,  Ә.Әссанди, Б.Бердімұратов және өзге де әдебиетсүйер қауым жүрекжарды сөздерін айтты. Айталық, Айдардың азаматтық болмысы бір төбе деген лебіз білдірушілер оның мемлекетшілдігіне және қызметтегі еңбекқорлығына да тоқталды.



Кітаптың тұсаукесеріне жиналған өнер сүйер қауымның пікіріне сүйенсек, Айдар ақын жастай жыр жазып, елге танымал болғанмен, осы кезге дейін кітабын жарыққа шығаруға асықпаған. Оның өлеңдерін әсіресе әлеуметтік желілерден оқитындар жетерлік. Кеш барысында ғаламтор арқылы да жан-жақтан қалың оқырмандар ақынның атына жақсы лебіздер жолдап жатты. Өмірі көрмеген, танымайтын жыр сүйер қауымның ақынға деген құрметі мен өлеңге деген сүйіспеншілігі осыдан-ақ кәрініп тұрды.

 Шығармашылық кеште А.Сейдәзімнің жырлары оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды.

Әсерлі кешке жиналған қауым кітап авторының талантына ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.



Партия филиалы тарапынан алдағы уақытта да шығармашылық өкілдеріне қолдау көрсету жалғасады.