Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен Арман Қырықбаев Nur Otan партиясының хатшысы болып тағайындалды.
Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-дегі парақшасында: «Партия Лидері Н.Ә.Назарбаевтың келісімімен Арман Қырықбаев Nur Otan-ның Хатшысы болып тағайындалды. Оның партиядағы, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мол жұмыс тәжірибесі алдағы міндеттерді табысты іске асыруына мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деп жазды.
Арман Қырықбаев – Қазақ мемлекеттік басқару академиясының, СІМ дипломатиялық академиясының түлегі. Әр жылдары Nur Otan партиясында, Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді. Ол сондай-ақ қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры, Мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» республикалық басылымдары, «Қазақфильм» АҚ, Nur Media ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы және т.б. бірқатар қызметтер атқарды. 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып, онда ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау салаларын қадағалады.
Партия хатшысы ретінде Арман Қырықбаев қоғамдық-саяси бағытқа, Қоғамдық саясат институты, Jas Otan Жастар қанаты, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеу бағыттарына жауапты болды.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арман Қырықбаевтың партиядағы, сонымен қатар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мол жұмыс тәжірибесінің арқасында, алға қойған мақсаттар мен тапсырмаларды табысты жүзеге асыратынына сенім білдірді.
Ал осыған дейін партия хатшысы қызметін атқарған Ғабидулла Оспанқұлов Үкімет қаулысымен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Ол жастарды қолдау және азаматтық қоғаммен өзара байланыс салаларын қадағалайды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Ғ.Оспанқұловқа атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, еңбекте табыс тіледі. Оның айтуынша, соңғы 6 ай ішінде партия алаңдарында мемлекеттік тілді, ұлттық мәдениетті дамыту, балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша көптеген жұмыс атқарылып, өңірлердегі жастармен жұмыс күшейтілді.