Түркістанда қоғамдық көлікпен жүру ақысы жаңа жылдан бастап 50 теңгеден 70 теңгеге көтерілуі мүмкін. Қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын жалғыз мекеме – «Жолаушы» қалалық әкімдікке жолақы құнын көтеру туралы ұсыныс түсірген. Әкімдік арнайы комиссия құрып, ұсынысты зерделеген. Қалалық мәслихат мақұлдаса, ұсыныс қабылданбақ. Қала халқы болса, жолақының қымбаттауына қарсы. Біз барлық тараптың пікірін тыңдап көрдік.
Қала әкімдігінің ұстанымы
Қала әкімінің орынбасары Жандос Байырхановтың айтуынша, «Жолаушы» ЖШС бұған дейін де баға көтеру жөнінде ұсыныс білдірген. Ал әкімдік кәсіпорынға 10 шақты талап пен міндет жүктелгенін, егер барлық талап орындалатын болса, онда ұсыныс бекітілетін көрінеді. Ол қандай талаптар? Автобустарда балалар тегін жүреді, әр автобуста кондуктор болады және жолаушыларға билет беріледі, автобустар сағат 22.00-ге дейін жүреді, әкімдікпен келісімге келген әр маршрут толық және өзгеріссіз орындалады, тазалық талаптары, жылу параметрлері, жол жүру ережелері сақталады, тамыз айына дейін автобустар жаңартылып, GPS орнатылып, әкімдікке басқару құқығы беріледі, 8 мамырға дейін автобустарда электронды билет жүйесі енгізіледі, қаңтар айынан бастап «рафик» көліктер қала ортасында жүрмейді. «Жолаушы» мекемесі осы талаптардың бәрін орындаймыз деп халық алдында уәде береді. Сонда ғана жолақы бағасын көтеруге рұқсат берілмек.
Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов әлеуметтік желідегі парақшасында бүгінге дейін тұрғындар тарапынан тасымалдаушы компания жұмысына қатысты көптеген арыз-шағым түскенін жазды. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері жолақы еш өзгермегенін атап өткен. «Біз халықтың сөзін ескере отырып, 10 талап қойдық. Осы талаптарды орындауға келіскен компаниямен ғана жұмыс істейтін боламыз. Шарт орындалмаған жағдайда келісімшарт өз күшін жойып, басқа компанияларға мүмкіндік беріледі. Күзге дейін су жаңа, үлкен автобустарды әкелеміз деп жоспарладық. Жұмыс басталып кетті. Бұл мәселе облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей бақылауында», – дейді қала басшысы.
Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Байдулла Оразбековтің айтуынша, бұған дейін мекеме 2017 жылдан бастап бағаны 50 теңгеге көтерген.
«Алайда одан бері қаншама қымбатшылық болып жатыр. Жолаушы тасымалы табысты сала емес. Керісінше, мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды (дотация) қажет ететін кәсіп. Әрине, бұл мекеме тендерге (конкурсқа) қатысып, 2-3 мекеменің арасынан жеңіп шыққандықтан, мұны монополист мекеме дей алмаймыз. Бүгінде мекеме қалада 21 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдап жатыр. Бұрын бұл мекемеде 10 адамға арналған қалаішілік жолаушылар үшін ыңғайсыз, жылы да ескі 68 «рафик» болған. 2016-2017 жылдан бастап бұл көліктердің бәрі алынып тасталды. Оның орнын 12-18 адамдық шағын автокөліктер басты. Енді қала облыс орталығы, сондықтан шағын автобустардың орнына жаңа да кең авобустар алынуы керек», – дейді ол.
Байдулла Жұмадуллаұлының айтуынша, кәсіпорын мемлекеттен дотация да, субсидия да алмайды. Өзге өңірлерде мекемелер мемлекеттен қомақты дотация немесе субсидия алып отыр. Сондай-ақ мына компанияның орнына қызмет көрсетуге басқа жақтан тапсырыс орындаушының келмесі де анық.
«Жолаушы» мекемесі 7 жасқа дейінгі балаларды, соғыс ардагерлерін тегін тасымалдап жүр. 7-15 жасқа дейінгі оқушыларға 50 пайыз жеңілдік жасап отыр.
Қала көшелер тар болғандықтан үлкен автобустар мұнда жүре алмайды. Дегенмен компания ұзындығы 10,5 метрлік 3-4 автобус сатып алып, қалада сынақ ретінде жүргізіп көрмек.
Осыған орай қаладағы қалаішілік жолаушылар тасымалымен айналысатын бірден-бір кәсіпорын «Жолаушы» мекемесіне ат басын бұрып, ондағылармен әкімдікке жасап отырған ұсынысына орай пікірлерін білген болатынбыз.
«Заң талабына сай, ұзындығы 8 метрлік автобустардың құны – 30-40 млн, ал ұзындығы 8.5 метрлік автобустардың бағасы 50 млн теңге тұрады. Бұл бюджетке өте ауыр. Олардың құны 10 жылдан кейін ғана ақталады. Онда да ол көліктер сол уақытқа дейін бұзылмай жүрсе. Сондай-ақ жүргізушілердің де жалақысы төмен. Біз жолақысын көтеруді және мектеп жасындағы балаларға дотация беруді сұрап отырмыз», – дейді мекеменің атқарушы директоры Медетбек Жұмагелдіұлы.
Ол сондай-ақ соңғы екі жылда жанар-жағармайдың (дизель), көліктің қосалқы бөлшектерінің де қымбаттағанын айтады.
«Қазіргі таңда қалаішілік бағыттар бойынша біздің 270 көлігіміз қатынайды. Оның 110-ы – автобус, қалғаны – шағын автобустар. Олардың басым бөлігінің шығарылғанына 15 жылдан асқан. Жолақы көтерілсе қоғамдық көлік паркі жаңарар еді», – деген ол соңғы уақыттағы кадр тұрақсыздығы мәселесінің шетін шығарды. Оның айтуынша, облыс орталығы атанған Түркістанда құрылыс қарқынды, көлік жүргізушілер жоғары жалақы ұсынса өзге компанияларға, соның ішінде құрылысқа кетіп қалу қаупі бар.
Ел не дейді?
Түркістан тұрғыны Алтынбек Дулатовтың пікірінше, қоғамдық көліктердің жағдайы керемет емес. Тіпті, кейбір автокөліктерге мінуге де қорқасың.
«Бірқатарынан жанармайдың иісі шығып тұрса, бірінің есігіне сыймайсың, кіріп-шығу мұң. Жолақыны көтереміз деп жатыр. Бағаны көтерсе, ақылы бөлімде оқитын студенттер, тұрмысы төмен отбасылар, көпбалалы және жалғыз басты аналары бар отбасыларға қиын болады ғой. Рас, қаламыздағы жолақы құны басқа қалалармен салыстырғанда, арзан. Бірақ түркістандықтардың жалақысы басқа қалалардың тұрғындарынан да аз екенін ескеру қажет», – дейді.
Ал Көркем есімді жас тұрғын өзінің қоғамдық көлікте көп жүретінін айтады.
– Маршруттардың жүру кестесі жиілесе екен. Мәселен, 31 маршрутты жұмыс күндері 15-20 минут, демалыс күндері 30-40 минут күтеміз. Әр 5-10 минут сайын жүрсе дұрыс болар еді! Ең сорақысы, қалаішілік қоғамдық көліктер ерте тоқтап қалады. Тіпті, сағат кешкі 6-7 болмай жатып саябырсып қалады. Сосын амалсыз таксиге отыруға тура келеді. Күнделікті таксилетіп жүруді қалтамыз көтермейді. Қоғамдық көліктер жолаушыны лық толтырып алып, бір-бірімен жарысады, кез келген жерге тоқтап, жолаушыларды түсіріп кете береді. Осыдан тар көшеде көлік кептелісі пайда болады , – дейді ол.
Қала тұрғыны Бекжігіт Сердәлі оқушылар мен қарт кісілердің жүріп-тұруына ыңғайсыз көліктерге қатысты ұсынысын айтты: «Қоғамдық көліктердің бірте-бірте едені төмен заманауи кең автобустарға ауыстырылғанын қалар едік. Оған дейін қолданыстағы көліктердің баспалдағына аз ғана жөндеу жасап, тағы бір баспалдақ қосу керек деп ойлаймын. Өйткені таяққа сүйенген қарттар мен 1-2 сыныпқа баратын балақайлардың көлікке мінерде қиналып жатқанын күнде көремін. Сосын жолаушыларға зіркілдейтін шопырларға тоқтам салынса. Олар ешкімді тегін тасымайды. Түркістандай қалада мәдениетті сақтау қажет».
Қалай болғанда да, Түркістанда жолақысы көтерілмей қызмет сапасын жақсарту мүмкін емес. Тек қала әкімдігі мен қала халқы қойған талап орындалуы тиіс. Өйтпегенде жалғыз тасымалдаушы компания орнын өзге әріптесіне босатуына тура келеді.
Түркістан облысы