Жаңа әліпби соңғы нұсқа ма?

Жаңа әліпби соңғы нұсқа ма?

Латын графи­касына сүйенген төл жазуымызды жасап шығару мәселесі талай жылдан бері күн тәрті­бінен түспей келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы осы бағытта тапсырма беріп, арнаулы жұмыс тобы құрылды. Соңғы жылдары бұл мәселе нақты жолға түсіп, 2018 жылғы 19 ақпанда Елбасының №637 Жарлығымен латын графи­касына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді. Қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліппесін әзірлеуге қоғам белсене араласқаны да есте. Бірнеше нұсқа жасалды, талай талқылаулар өтті. Тіпті, алғашқы нұсқаларды пайдаланғандар да болды. Ал биыл 28 қаңтар күні Үкімет басшысы Асқар Ма­мин арнайы ко­миссия отырысында латын қарпіндегі қазақ тілінің жаңа әліпби нұсқасын таныстырды.

Әліпби жобасының алғашқы нұсқалары жа­рия­ланған сәттен бері осынау іске түрлі сала мамандары қатысып келеді. Олардың қатарында ІТ мамандары да, ғалымдар да, әлеуметтік желі қолданушылары да болды. Дегенмен қоғамдық талқылауларға негіз болған жобалар баршаның көңілінен шықты деуге тағы болмайды. Ал осы жолы Үкімет басшысы өткізген жиында 31 әріптен тұратын әліпбидің жетіл­ді­ріл­ген жаңа нұс­қасы тағы ұсы­нылды. Біз де әліпбидің соңғы нұсқасына байланысты кәсіби тіл мамандарының пікірін сұраған едік. Анар ФАЗЫЛЖАН, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры: – Жаңа әліпбиге көшу өткен ғасырдың 90-жылдары тұңғыш рет қоғам талқысына ұсынылды. Оның бастамашысы академик Әбдуәли Қайдар еді. Сол кезден бері мәселе қо­ғам талқысында. Ендігі кезекте жетілдірілген әліпби жобасы Үкімет жанындағы Қазақ тілін кирил­ли­цадан латын графикалы әліпбиге көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына тапсырылады. Бұл жаңа әліпбиді бекіту кезеңі жақын екенін көрсетеді. Қоғам бұған әбден дайын, әсіресе жастар арасында цифрлы техника арқылы қарым-қатынаста латын әліпбиі әлдеқашан кеңінен қолданылып жүр. Біздің бол­жа­мы­мызша, қоғам жаңа әліп­бимен жазуды жылдам игеріп кетеді. Же­тілдірілген жаңа әліпби жо­басында 31 таңба бар, диакритика саны: 4: умлаут ( ̈ ), макрон ( ¯ ), седиль ( ̧ ), бревис ( ̌ ); диакритикамен берілген әріп саны: 6 (ä, ö, ü, ğ, ū, ş); «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес, диграфтар жоқ; ұлттық тілдің 28 дыбысын толық қамтиды; шеттілдік сөздегі дыбыс таңбасына Vv (в), Ff (ф), Hһ (х) әріптері алынды. Біріншіден, дыбыстардың әртүрлі қасиетіне жеке диакритика алынды. Бұл оқы­лымды жеңілдетеді, тілдің дыбыс қорының әліпбиі жүйесіндегі көрінісін бедерлейді. Екіншіден, халықаралық тәжірибе ескерілді. Үшіншіден, кирилдегі У әрпінің орнына еріндік дыбысқа жүретін U таңбасы, ал И, Й орнына і таңбасы алынды. Бұл У мен И дыбысы бар сөздердің мәтін ішінде бірден танылуына ыңғайлы: uran, vakum; uaqyt, juu; іne, jіyn, kögoraі, aіdar; іnstіtut, titul. Шеттілдік сөздерді халықаралық жазу кеңістігіндегі тұрқына ұқсас таңбалайды: universitet, respublika, turizm. Бұл әлемдік білім кеңістігімен интеграция үшін қолайлы. Төртіншіден, мектеп оқушылары мен шеттілдіктердің әріп тануына, тіліміздің дыбыстық жүйесін жылдам әрі тез үйретуге ыңғайлы. Бесіншіден, жазба ком­муникацияны жеңілдетеді. Диа­критикамен берілген әріптердің бар­лығының жалпы жиілігі өте төмен, яғни олар көп болмайды. Жиілігі жоғары ш дыбысына диа­критикасы әріп астынан түсетін, қолды жолдан үзбей жазуға болатын /ş/ әрпі алынды: Şämşı, şеşım. Қолжазуға ыңғайлы, көзшалымға қолайлы. Бүгінде тілтанушы ғылы­ми қауымдастықтың көпшілігі, қа­лың жазарман мен оқырманның басым бөлігі осы жобаға тоқталып отыр. Латын әліпбиі біз үшін жат әліп­би емес. Кирилл әліпбиі енгізілгенге дейін, 1920-1940 жыл­дар ара­лы­ғында латын әліпбиі жазу таң­бамыз ретінде қолданыста болды. Ол кезде де әліпби, емле және оны ре­фор­малауға байланысты қазақ оқы­мыстыларының арасында пікір­талас жүрді. Зиялылар латын­шыл­дар және арабшылдар немесе қа­зақшылдар деген екі топқа бө­лінген болатын. Гүлфар МАМЫРБЕК, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл- Қазына» ұлттық ғылыми- практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері: – Әліпби жайы 3 жылдан бері талқыланды, 3 нұсқа алмасты. Ал­ғашында әліпбидің акутты нұс­қасы Тұңғыш Президенттің Жар­лы­ғымен ресми түрде бе­кітілді. Бұйрық шыққаннан кейін, әрине жоға­рыдағы Үкіметтің тапсырмасы бойынша әліпбиді қоғамға наси­хаттау, түсіндіру, таныстыру жұ­мыстары жүрді, бекітілген әліп­бидің жазудағы қиындықтары бар ма, артық­шылықтары қандай, жалпы қазақ әліпбиінің прин­циптеріне сай ма, жоқ па, осы б­ағытта дәрістер өтті. Сол кезде бекітілген әліпбидің қазақ жазуын таңбалаудағы бір­қатар кемшіліктер айқындалды және «Тіл-Қазына» ғылыми-прак­ти­калық орталығына ресми түрде ұсыныстар келіп түсе бас­тады. Мы­на таңба неге бұлай, мына таңба мынаған жарамайды деген сияқты. Тексеріп, орфо­графи­калық топпен 11 жиын өт­кіздік. Кемшіліктер таптық. Акутты әліпби бекітілгеннен кейін көзі ашық, әліпбимен та­нысқан қоғам белсенділері бол­сын, дәріске қатыспаған басқа да сырт көз тарапынан болсын қате­ліктер са­раланды, әлеуметтік же­лілерде жүрді. Ашығын айту керек, акутты әліпби – тілші ға­лымдар­дың ара­ласуынсыз жасал­ған әліп­би. Сон­дықтан оның кем­ші­ліктері өте көп. Осыны түсінген Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қазанда әліпбидегі кемші­ліктерді жөндеуді тапсырды. Тап­сырма қалай бе­рілді, солай же­ке­леген адамдар тарапынан әліпби ұсыну қарқын алды. Қоғам бе­кітілген әліпбиді жетілдіру жұ­мысы емес, өздерінің әліпби­лерін ұсынумен айналысып кетті. Латын графи­касына көшуге байланысты арнайы төрт топ құрылды. Ал бекітілген әліпбиді жөндеу, түзету жұмыстарын осы төрт топтың ішінде тек орфо­графиялық жұмыс тобы ғана жүзеге асырды. Бір жыл бойы орфогра­фиялық жұмыс тобы қалған үш топтың мамандарымен ақылдасып, халықаралық семинар ұйым­дас­тырып, жан-жақты зер­делеп, бе­кітілген әліпбиді жетіл­дірді. Қорыта айтсам, соңғы нұс­қаны түзетудің қажеті жоқ. Бір дыбыс, бір таңба принципіне сәйкес келеді. Талас-тартыс, сын мәңгі бітпейді. Ахмет Байтұр­сынұлы кезінде де бітпеген дау – бұл. Менің ойымша, әрі қарай қараудың қажеті жоқ. Онсыз да кирилл санадағы халық пен латын санадағы ұрпақтың арасында ке­леміз. Ерден ҚАЖЫБЕК, филология ғылымдарының докторы: – Шынында, өте маңызды мәселе. Себебі тіл, әліпби, емле мәселелері әр адамға қатысты. Халықтық тілдің төл заңды­лық­тарына бағынбасақ, дұрыс нәтиже шықпайды. Біз қазір соған көз жеткізіп отырмыз. Негізі, біз, тілші ғалымдар 30 жылдан астам уақыт бойы ұсынып жүрген әліпби бар. 3 жарым жыл бұрын Тіл білімі институтында директор болғанда, сол әліпби институттың пікірі болған. Менен бұрынғы дирек­тордың кезінде де осы нұсқаны бәрі қолдаған. Тіпті, 1990 жылдардан бері қарай Әбдуәли Қайдардың кезінен ғалымдар осы нұсқаны дұрыс санап келді. Бұл – түсінікті жайт. Себебі 28 дыбысты таңбалау үшін көп әліпби нұсқасын жасау мүмкін емес. Мысалы, Ахмет Бай­тұрсынұлының әліпбиінде 24-ақ әріп болған. Жалпы, дүниежүзінде ұлттық тіл әліпбиде дұрыс көрініс табуы үшін дыбыстардың барлығын әріппен таңбалау міндетті емес. Тек 70 пайызын қамтыса жеткілікті. Мысалы, неміс тілі әліпбиінде 26 таңбамен 42 дыбысты беріп отыр. Сондықтан бізге 20-28 таңба жеткілікті. Айтайын дегенім – көп нұсқа ұсына беру ғалымдардың тірлігі емес. Латын графикасында әр таңбаның өз орны, мазмұны бар. Соған сәйкес орнына қойса, бір нұсқа шығар еді. Бірінші әліпби жобасын Парламентке ұсынған кезде ол нұсқа 90 пайыз нашар болды деуге болады. Мүлде біздің айтқанымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүние. Екінші әліпби аздап тәуірлеу болды, дегенмен бәрібір қатесі көп. Оған ғалым­дардың қатысы жоқ, қайдан шық­қаны беймәлім. Осыны қол­дай­сыздар, осыны мақұл­дайсыздар деді. Одан кейін тағы нұсқалар ұсынылды. Ал осы жолы, жаңадан ұсынылған әліпби 95 пайыз біз айтып жүрген нұсқаға ұқсайды. Тек 3-4 төл дыбыстарымызды і, ы, дауыссыз у дыбысын таңбалауды қайта жөндесек. Бұл өте маңызды. Оларды дұрыстамасақ, сөздерді таңбалағанда көптеген қиындық туындайды. Ғалым Әлімхан Жүніс­бек бәрін нақтылап, көрсетіп жа­тыр. Жіктегенде, тасымалдағанда, буынға бөлгенде шатасу бар. Мұның бәрі орыс әліпбиін пайдаланғанда қолданған принциптерді қайтадан ала салайық, себебі оған ел үй­рен­ген, дағдыланған деген пікірден туындады. Біз бүгінге дейін қазақ тілінің заңдылығын өрескел бұзып, орыс тілінің ығына жығылып кел­дік. Жат айтылымдар, бөтен сөздер тілімізде өріп жүр. Ең қиыны – жұрт тілін бұзып, сындырып қате сөй­леуге үйренді. Орысша таза сөйлеген адам сауатты да, қазақ тілінің заң­дылығымен сөйлеген адам сауат­сыз, оқымаған, қараңғы адам есеп­телді. Ойлау жүйеміздің қан­шалықты өзгергенін осыдан бағамдай беріңіз. Осы жөнінде өз пікірімді жиі ай­тамын, басылым беттерінде, әлеу­меттік желілерде де жарияланып жатыр. Түсіндіріп айтқандай бол дық, бірақ әттеген-ай әлі де бар.

Мадияр ТӨЛЕУ