Жаңа президент. Жаңа қылмыстық істер

Жаңа президент. Жаңа қылмыстық істер

Қырғыз Республикасының жақында сайланған президенті Садыр Жапаровты ұлықтау рәсімі өтті. Қырғыздың ұлттық филармония ғимаратына 1 200-ге жуық кісі келген. Салтанатты жиынға Роза Отынбаева, Сооронбай Жээнбеков секілді экс-пре­зиденттер, соңғы президент сайлауында бақ сынаған кан­дидаттар, депутаттар қатысқан. Бар билікті қолына жиып, сая­си реформаларды бастап кеткен Садыр Жапаров өзінің ізашарларынан қалған салт-дәстүрлерді орындады. Тек билік штандарттарын қабылдап қана қойған жоқ, қарсыластарына қылмыстық іс қозғай бастады.

10 қаңтарда өткен Қырғыз Рес­публикасының президент сайлауына 63 адам өтініш берді. Ал сайлауға қатысу үшін үміткерлер 1 млн қырғыз сомын төлеп, 30 мың жақтасының қолын жинауы тиіс еді. Бұл талапты тек 18 адам ғана орындады. Мемлекет басшысын анықтайтын додада Ме­кенчил партиясының атынан қа­тысқан Садыр Жапаров 79,8 пайыз дауыс жинап, жеңімпаз атанды. Кейінгі орынды Бутун Қыргызстан партиясының өкілі Адахан Маду­маров алды. Ол бар-жоғы 6,7 пайыз дауысқа ие болды. Кейінгілері одан да аз. Осы көрсеткіштен-ақ Жапаров о бастан фаворит болғанын көреміз. 10 қаңтарда, сондай-ақ Қырғыз Рес­публикасын парламенттік басқарудан президенттік басқару формасына қайтарған референдум өтті. Осы­лайша, 2020 жылдың қазан айына дейін түрмеде отырған Садыр Жапа­ровтың өз елінің билігін бағындырып қана қоймай, саяси және әкімшілік ресурстарды жұдырығына қысқа уақытта жинап алғанын байқадық. Енді басқару формасы өзгерген соң ол экс-президенттер секілді маңызды заңдарды қабылдату үшін әр пар­тиямен, парламенттегі фрак­циялар­мен күресіп отырмайтыны белгілі. Ұлықтау рәсімінде президент Жапаров өзінің жоспарын жа­риялады. Оның сөзінше, ең бірінші ол елін қазіргі экономикалық дағ­дарыстан шығарып, сыртқы қарызды өтеумен айналысады. 30 жыл бойы қырғыз елі шетелдерден 5 млрд дол­лар қарыз алып үлгеріпті. Сондай-ақ республиканың қазіргі энер­гети­калық секторының да ахуалы мүшкіл екен. Бұл саладағы қарыз 137 млрд сомды құрайды. Президент оны да шешуге уәде берді. Өз сөзінде ол сыртқы саясат мәселесін де көтерді. Қазанда ішкі саяси дағдарысты шешуге атсалысқаны үшін Ресейге, пандемия барысында көмек қолын созған Өзбекстан мен Қазақстанға алғысын айтты. Бәлкім, осы арқылы ол өзінің сыртқы саясаттағы басым бағыттарын белгілеген болар. Оның алғашқы шетелдік ресми сапары Ресейден басталатын болды. – Садыр Жапаров сөз еткен ел экономикасының қазіргі жағдайы шынында ауыр. ЖІӨ 598 млрд сомды құрады, бұл былтырмен салыс­тыр­ғанда 8,6 пайызға кем. Мұндай көр­сеткіш 1994 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр. Құрылыс пен өндіріс саласы 15-16 пайызға кеміді. Ал азық-түлік бағасы 17 пайызға қымбаттады. Бюджет тапшылығы 50 млрд сомды құрады. Мұның барлығы коронавирус пандемиясы мен былтырғы қазан айында болған саяси төңкерістің салдары, – дейді сарап­шылар. Жалпы, кеше ғана түрмеден шы­ғып, бірден билік олимпіне өр­ме­леген азаматты қырғыз халқы не үшін қолдағанын түсінуге болады. Ел күздегі саяси дағдарысты, коро­на­вирус қиыншылығын, кедейлікті еңсеретін тұлғаны іздегендей. Енді Жапаров бұл сенімді ақтай ма, әлде билікті өз мүддесіне қолданатын авторитарға айнала ма, оны уақыт көрсетеді. Бірақ қырғыз саясат­кер­леріне тән «салтты» ұстануды ұмыт­папты. Ол да қарсыластарын түрмеге тоғытып, саяси аренаны тазалауға көшті.   Нақтырақ айтсақ, күзде және сайлау кампаниясында Жапаровқа қарсы шыққан осы елдің Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетін басқар­ған Әбділ Сегізбаевқа қатысты қыл­мыстық іс қозғалды. Ол комитетті 2016-2018 жылдары басқарды. Оған дейін Асқар Ақаевтың баспасөз хат­шысы болған. Өз елінде экс-пре­зидент Алмазбек Атамбаевтың жақтасы ретінде мәлім. Бүгінде Се­гізбаевқа туған ауылындағы жерді пайдалану мақсатын заңсыз өзгертіп, 18 гектар жерді туған-туыстарына алып берді деген айып тағылуда. Сегізбаевтың пікірінше, қазіргі билік 13 жыл бұрынғы жағдайды енді еске түсіріп, жалған айып тағып отыр. Ал 26 қаңтар күні тағы бір азамат құрықталды. Ол бұрынғы Ішкі істер министрінің орынбасары Құрсан Асанов. Егер естеріңізде болса, Атам­баевты ұстау операциясы ба­рысында экс-президентпен келіссөзді нақ осы Асанов жүргізген болатын. Ал былтыр қазан айындағы саяси тол­қулар кезінде бірден қала­ның комменданты деп жарияланған. Дегенмен көп өтпей оны бұл қыз­меттен қуып шықты. Асанов та пре­зиденттік сайлауға қатысты. Ол да жоғарыда айтылған Сегізбаев сынды аз дауыс жинады. Енді оған «Ғима­ратты басып алу», «Билікті басып алу­ға ұмтылу» сынды айыптар тағы­лып отыр. Асанов пен Сегізбаев та экс-пре­зидент Атамбаевтың адамдары саналатын. Бірақ бесінші президент Жээнбековтің үзеңгелестері ны­санаға ілінді. Ол кім дерсіз? Жа­қынға дейін премьер-министр болған Мухамедқали Абылғазиев. Оған «Кумтор Голд Компани» ком­па­ниясына барлау жүргізу үшін заңсыз 16 мың гектар жер бөліп берген деген айып тағылды. Сондай-ақ елдің қауіпсіздік қызметі экс-премьер баю мақсатында заңсыз активтер сатып ала бастаған деген де айыбын дайын­дап отыр. Жаңа билік өзінің бас қарсыласы ретінде қарастырған Алмазбек Атам­баевты түрмеде қалдырып, оның жақтастарын ақырындап оның жанына апаратын секілді. Бірақ мұнымен шектелетін түрі жоқ. Енді президент қызметінен өз еркімен кеткен экс-президент Сооронбай Жээнбеков те тергеуге шақырылды. Әзірге айып тағылған жоқ, бәлкім куәгер болатын шығар. Негізгі мә­селе – экс-вице-премьер Дуй­шенбек Зилалиевтің ісі. Мемлекеттің бұ­рынғы басшысы аталған іс бойынша куәгер бола ма, тергеуге келе ме, әзірге белгісіз. Зилалиев жемқорлық іс бойынша айыпталып, 9 жылға сотталған. Ал 5-6 қазан күндері ереуілшілер оны түрмеден босатқан. Бірақ көп өтпей қапасқа қайта оралды. Осылайша, Қырғыз Респуб­ликасының 6-президенті атанған Садыр Жапаровтың алдында міндет көп. Елін саяси және экономикалық дағдарыстан шығарып, тұрақтылықты қамтамасыз етуі тиіс. Халқының 25 пайызы кедей саналады. Ол сайлауда жеңсе де, биліктен мақұрым қалған талай саясаткер оны көз жұмып, қол­дай қоймас. Бірақ осыншама қарама-қайшылықтарға қарамай, елдің ауыз­біршілігін қамтамасыз ететін көшбасшы атанудың орнына ол «кек қайтару» операциясын бастап, экс-президенттердің жолын қайталап жатыр.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА