Осы жылдың қазан айында Алматы қаласы Бостандық ауданында «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы құрылған болатын. Жұмысын бастағанына аз уақыт болса да, орталық қыруар шаруа тындырды деуге болады. Оған өткен үш айдың қорытындысын шығарған дөңгелек үстелде көз жеткіздік. Орталықтың басты міндеті – көмекке мұқтаж көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру, экономикалық дербестігін нығайтып, қиын жағдайдан шығу жолында аналардың жеке тұлғалық қабілетін арттыру.
«Бақытты отбасы» орталығында заңгерлік кеңес беру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесумен қатар, аналар мен олардың отбасыларына әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетіледі. Қызмет алушылардың барлық мәліметі қаралып, кейіннен мониторинг, интеграция, ананың әлеуметтік портретін жасау үшін және бүкіл отбасына одан ары әлеуметтік қолдау көрсету үшін бірыңғай базаға енгізіледі.
– Орталықта жұмыс істейтіндердің 90 пайызы – көпбалалы аналар. Менің де 8 балам бар. Көпбалалы ананың жағдайын өзім сияқты көпбалалы аналар жақсы түсінеді. Қазіргі таңда орталықта 23 қызметкер бар. Күн сайын шамамен 100-ден астам ананы қабылдаймыз. Оларға психологиялық және моральдық тұрғыдан көмек көрсетіп отырмыз. Бұл – өте күрделі жұмыс. Аналар келіп анкета толтырады. Сосын оны сараптап, көмекке мұқтаж ананы қандай маманға жіберу керектігін анықтаймыз. Психологқа, заңгерге жібереміз, тренингке жаздырамыз. Бір қызығы, бұл орталыққа тек өз ауданымыздың аналары ғана емес, бүкіл қаладан, тіпті Алматы облысынан да келеді. Біз осы уақыт аралығында 5 000-нан астам анаға қызмет көрсетеміз деп ойлағанбыз. Іс жүзінде 8 641 адам келіпті, – дейді «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Гауһар Танашева.
Орталықта аналарға арналған түрлі бағыттағы курстар бар. Сұлулық салонының мамандары, тігінші, аспаз, компьютер курстары жұмыс істеп тұр. Курсты аяқтаған соң сертификат беріледі.
Өткен үш айда орталық «Атамекен» қоғамдық ұйымымен бірге «Бастау Бизнес» жобасына Бостандық ауданы бойынша 390 адам қатысты. Оның 91-і – көпбалалы аналар. 26 ана грант ұтып алып, оның бірқатары қазірдің өзінде өз істерін ашты. «Менің кәсібім» жобасы бойынша 20 көпбалалы ана кәсібін ашуға құрал-жабдықтар алды. Бұл жоба демеушілердің көмегімен іске асты.
– «Бақытты отбасы» жобасының негізгі міндеті – отбасын қиын жағдайдан шығару. Кезінде аталарымыз жағдайы жоқ адамдарға жылу беретін. Міне, осы көмекті мемлекет беріп отыр. Бұл – отбасын қиын жағдайдан шығару үшін беріліп отырған көмек. «Бақытты отбасы» орталығы оларға үлкен көмек қолын созып, жол сілтейді. Орталыққа келген аналар өздеріне қажет дүниені алуда. Олармен арнайы психологтер жұмыс істейді. Алдағы уақытта бүкіл республикада осындай орталық ашу жоспарда бар, – деді Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бақытты және ұзақ өмір сүру бөлімінің басшысы Нұржамал Рысқұлова.
Дөңгелек үстел барысында «Бақытты отбасы» орталығының алдағы уақытта атқарылатын жұмыстары баяндалып, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналарға және мүгедек балаларды асыраушы отбасыларға көмек көрсету механизмін одан ары жетілдіру мәселелері талқыланды.